Ол екі қызымның атын сұрап, маған өткір көзін тастады. Бірін Алма, екіншісін Әлия дегенімде, «Әлия Молдағұлованың соғыстағы ерлігін естіген едім, Қазақстаннан екенсіңдер ғой», деді Алексеенко. Сәл езу тартты да: «Қарулас досым Талғат Бигелдинов те қазақстандық еді, оның соғыстағы ерлігіне, жетістігіне тәнті болдым. Бірде жаңа ұшақ келді, нөмірі 13 екен. Бұл саннан орыстар күдіктеніп жүреді ғой. Талғат 13 саны қазаққа құтты деп, соған отырып алды. Сол 13-нөмірлі ұшағымен алғаш рет фашистердің Берлиндегі соғыс нысандарын картаға түсіру тапсырмасын нәтижелі орындады. Берлиндегі соғыс құралдары Талғаттың ұшағын көріп, оқ тигізе алмағанына қайран қалдық.
Талғат үш жүз рет әуе шабуылына қатысып, фашистердің ондаған соғыс нысанын талқандады. Фашистер Талғатты құртуға қаржы бөліп, талай ұшқышты ұшағының соңына салды. Солардың қай-қайсысы да Талғаттың ұшағына оқ дарыта алмай отқа оранып жатты. Қандай қиын тапсырмаларда Талғат «оны мен орындаймын» деп, ұша жөнелетін. Бірде генерал Кутаковты фашистер қоршап алғаны хабарланды. Жауды тез құртыңдар деген тапсырманы Талғат бірден қабылдап, белгілі жерге ұшып барып генералды ұшағына мінгізіп аман оралды. Сонда қоршап тұрған жаулардың бірде-бірі ұшаққа оқ атып қарсылық көрсетпегеніне қайран қаласың. Бұл не? Сиқыршы ма? Жоқ. Мұны Талғат Бигелдиновтің тылсым күшпен тіл табысқаны деген дұрыс шығар», деді.
Талғат ағамызбен бір кездесуімде менің қойған сұрағыма орай жұмсақ үнмен: «Қандай ажал төніп тұрса да Алла жолымды оңғарды. Алла тағала қолдаса ғана жауды жеңемін деген ой санамда ұдайы тұратын. Жаратқанға сиынып жүріп талай ажалмен беттескенде аман құтылдық. Фашистердің күрделі нысандарын бомбы тастап жойып жіберу оңай емес. Өйткені олар әуе шабуылынан қорғанатын қаруларын дайындап тұрады ғой. Осындай қиын сәттерде Жаратқан ие өзінің құдіретімен қолдағанын әрдайым сезіп жүрдім», деді.
Алла миллиондаған адамның біріне тылсым күштен қуат алатын қасиет береді деп ойлаймын. Тарихымызда қазақ батырларының отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, қылыш басын шаппайтын, найза кеудесіне кірмейтін қасиетке ие ерекше адамдар ретінде сипатталуында Алланың құдіретімен байланыстырмау мүмкін бе?..
Табыл ҚҰЛИЯС,
жазушы