Аймақтар • 26 Қазан, 2021

Жемқорлық туралы ақпарат бергендерге сыйақы берілді

2548 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысының 5 тұрғыны сыбайлас жемқорлық деректері бойынша агенттіктің колл орталығына хабарласып, сыйақы алды. Бес адамға төленген қаражат құны - 962 610 теңге, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жемқорлық туралы ақпарат бергендерге сыйақы берілді

Егер адам сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы хабарлаған болса, онда ол айыптау үкімі шығарылғаннан кейін пара сомасының 10%-ын ала алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 1424 Call-орталығы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы, оның ішінде жасалған немесе дайындалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларына тәулік бойы жауап береді.

Бұған қоса, Call-орталығының операторлары агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен оның қызметкерлерінің жұмысына шағымдар, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды, жұмысқа түсу тәртібін түсіндіреді. Колл-орталығына түскен әрбір қоңырау бойынша заңнама шеңберінде дереу әрекет жүргізіліп отырады.

Бүгінде Алматы облысында «Jetisý - adaldyq alańy» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлықты жою бойынша бірыңғай мақсатты жүзеге асыруда мемлекеттік қызметкерлер мен азаматтарды біріктіретін жалпыұлттық идеяға айналуда. Бұл бағытта жобалық кеңсе ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесіп ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізуде.

Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 1424 Call-орталығын насихаттау мақсатында Алматы облысының жастар белсенділері облыс аумағында мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, «Парасатты бол, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы 1424-ке хабарла!» атты бірыңғай облыстық акция ұйымдастырды. Акция аясында белсенділер сыбайлас жемқорлыққа қарсы жапсырмаларды қоғамдық орындарда, қоғамдық көліктерде, патрульдік автокөліктерде, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің ақпараттық тақташаларында орналастырды.

«Жыл басынан бері «Парасат орталығы» облыстың барлық 20 ауданында ашылды. Орталықтың басты мақсаты - халықтың өзекті мәселелерін шешу бойынша шұғыл әрекет ету және азаматтардың құқығын жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың өзара бірлесе әрекеттесуін қамтамасыз ету. Ақпан айынан бері облыс көлемінде 200-ге жуық іс-шара өткізілді. Шаралар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментінің бірінші орынбасары Жандос Жұмабаевтың жеке бақылауында жүзеге асырылуда»,деді. Алматы облысы «Jetisý - adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев.