Медицина • 26 Қазан, 2021

Сәбиі шетінеген аналарға сүйеу болмақ

791 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әрдайым жауапты мекемелер босану үстінде көз жұматын аналардың өлімін азайту үшін нақты қадамдарға барып, отбасын жоспарлау кабинеттері жұмысының тиімділігін арттыру үшін әрекет жасап жатады. Дегенмен бұл мақсатқа жету, жүйені өзгерту – күш жұмылдыруды, қолға алынған шараларды жетілдіруді талап етеді.

Сәбиі шетінеген аналарға сүйеу болмақ

Алматыда қашықтан бақылау ар­қылы бастапқы медициналық-сани­тарлық көмек көрсету деңгейінде тәуе­кел тобындағы жүкті әйелдерге мониторинг жүргізу үшін аудандарда­ғы үйлестірушілер қаланың бас акушер-гинекологын тағайындап, жүкті әйелдерге медициналық көмектің сапасын арттыру міндетін жүктеп отыр. Яғни әйелдер консультациясы және отбасын жоспарлау кабинеттерінің жұмысына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ жүкті әйелдерді бағыттау алгоритмдері және төтенше жағдай­лар кезіндегі әрекеттер жасалды. Бірін­­ші басшылардың жеке жауапкершілігі күшейтілді. Көпбейінді стационарларды босандыру ұйымдарымен клас­т­ер форматында біріктіру жос­пар­ланған.

Перзентханаларда кадрлар тапшы­лығын жою және олардың біліктілігін арттыру мақсатында резидентурада 2021-2023 оқу жылдары 6 акушер-гинеколог, 2022-2024 жылдары 4 маман арнаулы даярлықтан өтеді.

Қала әкімі Бақытжан Сағын­таев перзентханалардың материал­дық-техникалық базасын жақ­сар­ту мінде­тін алға қойды. Бұл үшін биыл және келесі жылдары қажетті жаб­дықтар сатып алынып, 2023-2024 жыл­дары перзентханаларға заманауи сору-сыртқа тарату желдеткішін орната отырып, кезең-кезеңімен реконструкциялау қарастырылған.

Сол сияқты перинаталдық жоғалту жағдайында психологиялық және бас­қалай көмек беретін телеграм-чат іске қосылды. Өйткені өмірге жаңа адамдар келуімен қатар, бала өлімі немесе перинаталдық жоғалтулар кезеңдері жайлы естіп жатамыз. Ша­ра­надан айырылу – ата-аналарға, әсіресе, әйел адамдарға өте ауыр қасі­рет. Осы­ның салдарынан қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Мәселен, пси­холо­гия­лық тұрғыда күйзеліс, торығу немесе айналадағы тағы басқа факторлар моралдық тұрғыда анаға кей жағ­дайда кері әсерін тигізіп жатады.

Осындай жағдайларға байла­нысты Алматы қаласы Медеу ауданының «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы мәселені шешу жолында қазан айында орталықта арнайы құрылған телеграм-чаттың тұсаукесерін өткіз­ген еді. Бұл басқосуды пайдала­нып, «Қалалық перинаталдық орта­лық» директорының неонатология жөніндегі орынбасары Гүлайым Бай­та­натова, клиникалық психолог Елена Акчалова, №2 «Балалар үйінің» директоры Ләтипа Қожамқұлова мен Медеу ауданы «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығының жетекшісі Толқын Саметова осы тақырыпты аналармен бірге талқылады.

Кездесу кезінде жаңа туған сәби­лердің шетінеуі, осындай жағдайға душар болған әке-шешелерге бот арқылы психологиялық және дәрігерлік кө­мек беру, ана атану жолындағы ұқып­ты әрі сапалы психологиялық сүйемелдеу, ананың өзін қауіпсіздік сезінуі мәселелері қаралды. Яғни осы мәселелерді шешуде басты кө­мекші құрал ретінде телеграм-чат­тың енгізілуі көзделген. Өйткені қосымшадағы психологпен немесе дәрігермен 24/7 тәулік бойынша консультация алу және оның анонимді болуы – таптырмас құрал. Сондай-ақ осынау бастама чатты қолданушының тұрғылықты мекенжайы, материалдық жағдайына қарамай, сапалы әрі өте пайдалы қолдау алуға көмек беруді көздейді.