Қазақстан • 27 Қазан, 2021

Органикалық өнім өндіруге мүмкіндік мол

431 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенатта Палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен органикалық өнімдерді өндіру және олардың айналымы мәселелеріне арналған заң жобаларын таныстыру рәсімі өтті. Бұл заң жобаларына сенаторлар бастамашы болды.

Органикалық өнім өндіруге мүмкіндік мол

Іс-шара барысында Сенат Төрағасы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында елімізді экологиялық таза өнімдер нарығында жа­һан­дық деңгейге көтеру міндеті бел­гіленгенін айтты. Ел Президенті өз Жолдауында осы мәселеге назар аударғаны белгілі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, еліміздің ауыл ша­руашылығындағы әлеуеті жә­не органикалық өнім өндіру мүм­кіндігі толық пайдаланылмай отыр­ғанын атап өтті. Қазіргі таңда ор­ганикалық өнім өндіру нары­ғында ұзақ мерзімді өсу трен­ді байқалады. Сондықтан бұл сала­ның даму мүмкіндігі өте жоға­ры деуге толық негіз бар», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Спикері өз сөзінде елі­міз­де органикалық өнім өндіру саласы бойынша айтарлықтай жұмыс атқарылғанын айта келе, бұл бағытта өзекті түйткілдер де бар екенін сөз етті. Оның ішінде заңнамалық реттеу мәселесінің маңызы жоғары. Сондықтан сенаторлар осы саладағы заңдарды жетілдіру үшін бірқатар заң жобаларына бастамашы болды.

Соған сәйкес, «Органикалық өнім өндіру және оның айналымы туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық ак­тілеріне органикалық өнім­дер­ді өндіру және олардың айна­лымы туралы өзгерістер мен то­лық­ты­рулар енгізу туралы» және «Қа­зақ­­стан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодек­сіне толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларына жаңа­шыл­дықтар енгізу көзделіп отыр.

Жаңа нормалардың бәрі орга­ни­калық өнім өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасауға және осын­дай өнімдерді тұтынушы аза­мат­тардың сұраныстарын қанағат­тандыруға арналған.

Атап айтқанда, мемлекетке өт­пелі кезеңнің шығыстарын субсидиялау ұсынылады. Өйткені ауыл­шаруашылық тауарларын өнді­рушілер бірнеше жыл бойы өнім ала алмауы мүмкін. Соған сәй­кес өтпелі кезеңге тап болып, бос қалған ауыл шаруашылығы жер­ле­рінен пайда да көре алмайды.

Заң жобасын талқылау барысында сенатор Ақылбек Күрішбаев негізгі баяндама жасады. Оның ай­туынша, органикалық өнімнің ба­ғасы дәстүрлі өнімге қарағанда әлем­дік нарықта ең аз дегенде 15 пайызға, көп дегенде екі есе қым­бат.

«Қазіргі таңда органикалық өнімді алпыс шақты отандық кәсіпорын өндіріп, экспорттайды. Соңғы жылдары экспорттың мөлшері 15-17 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша ТМД мемлекеттерінің ішін­де екінші орында тұрмыз. Са­рап­шылардың болжамы бойын­ша, Қазақстан мен Ресейдің органикалық өнім өндіру бойынша әлемдік нарықтағы әлеуеттік үлесі 20 пайыз. Бұл – үлкен көрсеткіш әрі межелі мақсат. Экспортты бо­ла­шақта 2-3 млрд долларға дейін көтеруге мүмкіндік бар. Яғни қазіргі деңгейден кем дегенде 100-200 есе көбейте аламыз», деді А.Күрішбаев.

Сенатор өз сөзінде осы ма­ңызды саланың дамымай тұрға­ны­ның себебіне тоқталды. Оның айтуынша, бұған кедергі келті­ріп тұрған екі үлкен маңыз­ды мәселе бар. Бірінші мәселе – өн­ді­ретін органикалық өніміміз­ді шетелдіктер мойындау қажет. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақ­стан­ның стандарттары шетелдіктердің стандарттарына сәйкес болу керек.

«Екінші – біздің фермер­лері­міздің органикалық өндірісті игеруі. Өйткені оның өзінің тәр­тібі, технологиясы бар. Тұқымнан, ты­­ңайтқыштардан бастап, топы­рақтың құнарлылығына дейін маңызды. Бұл ретте, фермерлердің білімін көтеру өте өзекті мәселе», деді А.Күрішбаев.

Депутат тағы бір жаңа­шыл­дыққа тоқталып өтті. Ол – орга­ни­калық өнімді міндетті сертификаттаудан бас тарту. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, дайын өнім емес, тек органикалық өнімді өн­діру үдерісі ғана сертификатталады. Мұндай шара өнім өндірудің өзіндік құнын төмендетеді және шаруаларды қосымша қаржылық жүктемеден босатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, өнімді, әсі­ресе, ішкі нарықта қолжетімді ба­ғамен өткізуге жол ашылады.

«Біріншіден, заң жобасында өнімдерді емес, органикалық өнім­дерді өндіру процесін сертификаттау ұсынылады. Бұл тәсіл өндірістік процестерді нақ­ты­лайды және халықаралық тә­жі­рибеге сәйкес ке­леді. Екін­шіден, органикалық өнімді сер­ти­фи­кат­тау нарықтың қа­жет­ті­лік­тері мен қалауына бай­­ла­­нысты жүзе­ге асырылады. Әлем­дегі же­текші өндірушілер мен экспорт­­тау­шылар осылай жұмыс істейді.

Үшіншіден, сертификат­тау талаптары бір құжатта бел­гі­ленеді. Қазіргі таңда сертификат­тау талаптары әр түрлі деңгейдегі 4 құжатта бір мезгілде қамтылып, ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілерінің жұмысына қиындық туғызып отыр. Төртіншіден, орга­ни­калық өнім шығаратын кооперациялар мен ұсақ өндірушілерді топтарға біріктіру көзделеді.

Яғни заң жобасында топ­тық аттестаттау үшін жеке қосал­қы шаруашылықтарды, шағын қо­жа­лықтарды және шаруа қожа­лықтарын біріктіру ұсыны­лады. Сондай-ақ олардың ұйым­дас­тырушылық, басқарушылық және қаржылық шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін Ұлттық PGS жү­йесін қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылмақ», деді депутат.

Бұдан бөлек, тың және тыңайған жерлер өтпелі (конверсиялық) кезеңсіз органикалық өсімдік ша­руашылығына беріледі. Шетел­дік органдардан сертификат ал­ған шаруа қожалықтары, ауыл ша­руа­шылығы холдингтері мен қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібіне ішкі нарықта «органикалық», «био», «эко» мәртебесі мен таң­ба­лауы бар органикалық өнім сатуға мүмкіндік берілмек.

Сонымен қатар Қазақстанға әкелінетін органикалық өнімдерді жеткізу, таңбалау және өткізу жөніндегі қызмет жаңа заңмен рет­теледі. Органикалық өнім өнді­ру­шілерді ақпараттық, ұйымдас­ты­рушылық, әдістемелік және консультативтік қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ сертификаттау және кеңес беру шығындарын суб­сидиялаудың қолданыстағы ны­санын сақтау қарастырылмақ. Ең бастысы, органикалық өндіріс үшін ин­фра­құрылымдық ресурстар құ­рылады.

Заң жобаларын талқылауға Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, аграрлық сектор мамандары, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйы­мы­­ның Қазақстандағы өкілі, Қа­зақ­­станда органикалық өнім өнді­ру­шілер одағының, Ұлттық аг­рар­лық ғылыми-білім орталығы­ның, «Қазақстан-Германия агро­сая­си диалогы» жобасының өкіл­дері және тағы басқа осы саладағы сарапшылар қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда орга­никалық өнім өндіруге шетел­дік органдардан сәйкестік серти­фикатын алған 38 шаруа қожа­лығы бар. Еуропалық комиссия 2020 жылғы 20 мамырда қауіп­сіз және экологиялық азық-түлік жүйе­сін құру стратегиясын қабыл­да­ғаны белгілі. Министрлік осы «Фер­мерден дастарқанға» жобасына иек артпақ.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасы аясында орга­ни­ка­лық тыңайтқыштарды өндіру мен пайдалануды ынталандыру мақ­сатында органикалық егін­ші­лікті дамыту шаралары қарас­тырылған.

Органикалық егіншілік ауыл­шаруашылық дақылдарын өсіру ауыспалы егістерді сақтауды, мұ­қият өңдеуді, жоғары сапалы тұқымдарды себудің оң­тай­лы мерзімін, тереңдігін және жыл­дамдығын сақтау және ор­га­­ни­калық тыңайтқыштарды мін­детті түрде енгізуді қамтиды. Оларды қолдану – жоғары өнім алып, то­пырақ құнарлылығын арттыру және сақтаудағы мүмкіндік беретін маңызды әдістердің бірі.

Республикада органикалық тыңайтқыштарға қажеттілік 100-110 млн тонна шамасында. Ста­тистикалық мәліметтерге сәй­­кес, 2020 жылы 1,2 млн тон­­на орга­никалық тыңайтқыш енгі­­зілді, бұл 2016 жылмен салыс­тыр­­ған­да 2 есеге көп», деді Ауыл шаруа­шылығы министрі.

«Қазақстанның органикалық өнімдерді өндірушілер одағы» директоры Арсен Керімбековтің айтуынша, органикалық өнімдері шетелге экспортталғанда бірнеше рет сертификаттауға мін­детті. Сон­­дықтан ол импорттау­шыларды Қазақ­станға әкелген органикалық өнім­дерді сертификаттауды мін­дет­теуді ұсынды.

«Еліміздегі органикалық өнді­рушілерді заңды түрде қорғау қа­жет. Сондай-ақ ЕО, АҚШ, Кана­да, Қытайдан сертификат алған өнімдерімізді Қазақстан аума­ғында сатуға мүмкіндік беру керек. Әлемдік конъюнктура әрқа­шан тиімді бола бермейді, мұндай кезде өнімді өз елімізде сатқан жөн. Қолданыстағы заңда нақты тыйым жоқ, бірақ мәселе туындамас үшін ресми рұқсат беруді ұсынамыз», деді А.Керімбеков.

Іс-шара соңында Сенат Төр­аға­сы талқылау барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін және заң жобаларын жыл соңына дейін Парламент қарауына енгізу қажет екенін айтты.