Қазақстан • 27 Қазан, 2021

Ұлттық жобалар – кемел келешек кепілі

606 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сан ғасырдан тамыр тартқан терең тарихында халқымыз тағдырдың сан түрлі сынағына төтеп беріп келеді. Арысы Алқакөл сұламаны айтпағанда, өткен ғасырдың зұлматы ел жадынан әлі өшкен жоқ. Аштық пен жасанды таптық күрес, ұжымдастыру мен саяси репрессияларды басынан өткізіп, Екінші дүниежүзілік соғыста тоз-тозы шыққан халықтың қуғын-сүргінде де көрмегені жоқ. Тәубе! Аңсатып жеткен азаттық қолға тигесін жоғымызды жоқтап, еңсемізді тіктедік. Түгенделген тарихты тізбелемегеннің өзінде күні кеше Мемлекет басшысы арнайы комиссия құрып, өткен дәуірде әділетсіздіктің құрбаны болған боздақтардың өміріне әділетті баға беру керектігін тапсырды.

Ұлттық жобалар –  кемел келешек кепілі

Әрине, өтпелі кезеңнің келең­сіз­діктері, дағдарыс пен індет егемендіктің асқақ мерейіне кө­леңке түсіре алған жоқ. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары дербес даму жолындағы мемлекеттің құрылуына негіз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастықты саясатының өзегіне айналдырды.

Сондықтан да Президент былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында түбегейлі реформа жүргізуде жұмыстың барысы емес, нәтижесі маңызды екенін ес­кер­тіп, сан алуан көрсеткіштер мен ин­дикаторлардан тұратын мемле­кеттік бағдарламалардан баршаға түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобаларға көшу керектігін айтты.

Расымен де, ел игілігін ойлай­тын кемелділікке ұмтылғанда ғана білгеніміз бен берерімізді, өрке­ниеттің озық тұстарын ұлттық мүд­демен үйлестіре аламыз. Абай айт­қандай, артық білуге талап қыл­ғанда ғана биікке ұмтылып, алысқа құлаш сермейтініміз сөзсіз.

Бүгінде ақыл оймен ғана әлем­дік көштің алдыңғы легіне шы­ғып жатқан елдер қаншама?! Мысалы, азаматтық белсен­ді­ліктің арқасында швейцария­лық­тар сананың өзгерістерге ашық­­тығы бойынша 140 елдің ішін­де көшбасшысы болып отыр. Әсіресе, бұл елдегі ең ірі қауым­­дас­­тықтардың бірі болған HELVETAS-тың арқасында үкімет­­тік емес ұйымдарға кәсіби қол­дау көрсетіліп, халықтың өмір­ін жақ­сартуға арналған кең ауқым­ды гуманитарлық мәселелер шеші­ліп отырады. 

Ұлыбританияда қоршаған ортамен қарым-қатынас орнатуға, әр түрлі жағдайларды талқылауға және тиісті шешімдер қабылдауға, өзгелердің озық тәжірибесін қабылдап, оны үйренуге арналған волонтерлік қызмет білім беру жүйесінің интеграциялануына, жастардың белсенді болуына жол ашып отыр.

Мәдени ашықтыққа көп көңіл бөлінетін Сингапурде болса халқының әлемдік және ұлттық мәдениетке үлес қосуына еркіндік берілген. Тіпті ондағы кез келген азамат өз қолымен жасалған заттарды дүкендегі немесе музейдегі экспонаттарды көрсетуге арналған сөреге қоя алады. Қала берді, әр сингапурлық кейбір музейлер мен мәдени мекемелерге тегін кіре алады. Бұлар сананың жаңғыруы бойынша әлемде алдыңғы орынды бермей тұрған мемлекеттердің істеп жатқан қыруар жұмысының бір парасы ғана.

Биылғы егемендіктің 30 жыл­дық мерейтойы асқақ қуанышпен қоса, өткенімізді електен өткі­зіп, бүгінімізді бағамдап, бола­ша­ғымызды бағдарлайтын сәт. Ол үшін халықтың көкейіндегі сұрақ­ты бір жақтылы емес, қоғам болып шешуге талпынуымыз тиіс. Пре­зидент бекіткен 10 ұлттық жоба осы түйткілді түбегейлі шешуге бағытталып отыр.

Бес жылға жоспарланған «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақ­тау»; «Білімді ұлт» сапалы білім беру»; «Ұлттық рухани жаң­ғыру»; «Цифрландыру, ғылым жә­не инновациялар есебінен техно­логиялық серпіліс»; «Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері»; «Қа­зақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу»; «Жасыл Қазақстан»; «Қауіпсіз ел» атты ұлт­тық жобалар экономикалық даму­ды, кәсіпкерлікті нығайтуды, ұлт ден­­саулығын сақтауды, агро­өнер­кә­сіптік кешенді күшей­туді, мә­де­ни-гуманитарлық жаң­ғы­руды жә­не басқа да көптеген мақ­сатты көздейді.

Ата Заңда айтылғандай, елі­міз­дің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі. Шынын айту керек, пандемия белең алған екі жылда еліміздегі медициналық қызметтердің сапасына көңіл тол­маушылық қатты байқалды. Бұрын назардан тыс қалып келген түйінді түйткілдер анықталды. Осы ретте, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы осы көрсеткішті 5 жыл ішінде 80%-ға жеткізуді көздеп отыр.

Бұл – ел амандығы мен ұрпақ саулығы үшін аса қажетті шара. Ал дені сау ұлттың жаны да сау болуы керек қой. «Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына ең алдымен рухани өреде жетуді мақсат тұтуымыз керек», деп Ақселеу Сейдімбек айтқандай, сана сілкінбей нағыз намысшыл ұрпақты тәрбиелей алмаймыз.

Ал шын намыс ширықпай даңғазалықтан арыла алмайтынымыз, жаһанданудың құрбаны болатынымыз айдан айқын. Ол үшін өзіміздегінің де, өзгедегінің де «дәнін алып, қауызын тастауымыз» керек.

Бұған Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­масында жан-жақты тоқталды. Аталған бағдарламаның алты бағыты бойынша 16 арнаулы жоба соңғы төрт жылда кезең-кезеңімен іске асып жатыр. Енді «Рухани жаңғыру» ұлттық жаңғыру кезе­ңіне көшіп отыр.

Жоғарыда мысалға келтірген бірнеше елмен салыстырғанда біздің жолымыз, әрине, өзгеше болары сөзсіз. Адамзат баласы ақ­параттың асау толқынына көмі­ліп, интернет пен цифрлы тех­нологиялар қай мемлекет пен қоғамдық жүйенің де негізіне айналып отырған бүгінгідей кезеңде сауда-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік салаларда қордаланған мәселелер тек өндірісті ілгерілету мақсатында ғана емес, адамның өмірі мен тұрмысын реттеуде де барынша тиімді болуы керек.

Бұған біз ғана емес, тұтас әлем елдері назар аударып отыр. Ел­ба­сы мақаласында «Бұл – өзгелер­дің тәжірибесін алып, ең озық же­тіс­тіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азия­дағы екі ұлы держава – Жапо­ния мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пай­даланудың нағыз үлгісі» деген еді.

Жапон үкіметі әлем елдері ұм­тыл­ған жаңа «5.0 қоғамына» (So­ciety 5.0) жету үшін Connected Industries бағдарламасын жүзеге асырды. Онда адамдар күнделікті күйбең тірлігін робот­тарға сеніп тапсырып, жеке өміріне уа­қыт арнай алады. Сол арқылы біз айтатын бірінші байлық – ден­сау­лық пен рухани дамуға қатар қол жеткізеді. Міне, біздегі рухани даму, жаңғыру да дәл осыған саяды.

Тіл – тұтастық тетігі, рухани код­тың негізі. Оған жас ұрпақты өз тілінде тәрбиелеу арқылы ғана жетеміз. Ал сананың жаңғырығы төл тарихын танып, жырауын жатқа айтып, әлемдік қазынадан сусындаған халықта болады.

Ол үшін кітапқұмар «Оқитын ұлтты» қалыптастыруымыз керек. Міне, бұл – «Ұлттық рухани жаң­ғыру» ұлттық жобасының халық­тық  құндылықтарымызды ілгері­летіп, мемлекеттік тілді дамытуға арналған алғашқы бағыты.

«Ел рухы» деп аталатын ке­лесі бағыт мәдениет саласында қолжетімділік пен сапаны арттыру және балалардың тілін қалыптастырып отырған құрал – телеарналардағы мультфильмдер мен Youtube арналарын қазақ тіліне аударып, таратуды қамтиды.

Жастарда біліммен бірге күш те, жігер де бар. Бірақ олардың елге қызмет етуі үшін толық жағдай жасалуы тиіс. Тәуелсіздік ұрпақтарын тұрғын үймен, жұмыспен қамту және қоғамдық пайдалы қызметке тарту ұлттық жобаның ең соңғы, бірақ та маңызды бағытында көрсетіліп, нақты іс-шаралар жос­пары жасалған. 

Қорыта айтқанда, ұлттық жо­ба­лардың қай қайсысы да болашақ үшін қайтарымы мол, нәтижесі зор болары сөзсіз. Ұлттық болмы­сымызды, салт-дәстүрімізді сақтай отырып жаһанданудың көшінен қалмау, техниканың тілін Тәуелсіздікті баянды етуге жұмсау – әрбірімізге парыз әрі міндет. Еліміздің келешегін кемел ету жолында «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының атқаратын қызметі де зор болмақ.

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы