Қолөнерді кәсіп еткен шеберлер Отырар өңірінде де аз болмаған. Олар Тегіс ұста, Арын Тегісұлы, Сыздық ұста, Надайымбек Сыздықұлы, Қалдаяқ ұста, т.б. Бүгінде бұл шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар көне жәдігер болып музейде сақталса, есімдері тарих беттерінде жазулы.
Жуырда жергілікті қолөнершілер мен суретшілердің қолынан шыққан туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өңірге келетін туристердің халық қолөнеріне деген қызығушылығы мен сұранысын тудыру мақсатында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастырумен қолөнер шеберлері мен суретшілер жәрмеңкесі өтті.
Жетінші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі жәрмеңкені Отырар ауданы әкімі Әбдіғани Жүнісов пен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі директоры Жангелді Махашов ашып беріп, алтын қолды шеберлерге сәттілік тіледі.
Жәрмеңкеде ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиыннан қиыстырған халық шеберлерінің мақтауға тұратын өнер туындылары көпшілікке ұсынылып, еңбектері бағаланды.
Этнограф, қолөнер шебері, Қазақстан дизайнерлер және Суретшілер одағының мүшесі Кендебай Қарабдалов қолөнер шеберлері мен суретшілерге әділқазылардың шешімімен ұйымдастырушылардың арнайы марапаттары мен сыйлықтарын тапсырды. «Ең үздік суретші» номинациясы Ринат Табылхан, «Ең жас суретші» номинациясы Башар Самат иеленсе, «Ең үздік шебер» номинациясы Амангелді Бақытқа, «Ең жас шебер» номинациясы Рысбай Элвираға берілді.
Үздік туындыларымен үш орын тағайындалып, шеберлер марапатталды. Үшінші орынды Жұмабек Ердіңқұл, екінші орынды Жанна Өте, бірінші орынды Анарбай Қалдарбеков иеленді.
Үрзия ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ