Орталық коммуникациялар қызметінде дәстүрлі брифинг өтті. Басқосудың бұл жолғы қонағы Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов болды. Брифингте ол теңгенің айырбас бағамына енгізілген түзетулерге қатысты палатаның ұстанымын мәлімдеді.
«Айырбас бағамының жаңа деңгейі экспортқа бағытталған салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қайта өңдеу өнеркәсібінің кейбір салаларында, оның ішінде, азық-түлік өнімдерінде импортты алмастыруда отандық өндірушілерге сөзсіз жаңа қарқын береді. Алайда, шағын және орта бизнес кәсіпорындарында валюталық несиелер бойынша қызмет көрсету және өзіндік құнында жоғары импорттық құрамды құрайтын мемлекеттік сатып алулар шарттары бойынша міндеттемелерді орындауда қиындықтар туындап отырғанын ұмытпаған абзал», деді Ұлттық палатаның басқарма төрағасы А.Мырзахметов. Сонымен қатар палата шағын және орта бизнесті қолдау туралы және ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің алғышарттарын жасау бойынша тиімді шаралар әзірлеуге аса көңіл бөлу керек деп санайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 14 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айырбас бағамына енгізілген түзетулер экономиканың өсуін кем дегенде 6 пайызға қамтамасыз ететінін, яғни бюджеттік түсімдердің өсімі байқалатынын атап өткен-ді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру қолжетімділігінің кеңейтілуі есебінен кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Осылайша Ұлттық қордан ұзақ мерзімді несие ресурстарымен қамтамасыз ету аясында кәсіпкерлікті дамытуға 2014-2015 жылдары 1 триллион теңге бөлінбек. Аталған несие қаражаттары индустрияландыру бағдарламасының басымдықтары бойынша тек қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға бөлінетінін атап өткен жөн.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».