19 Ақпан, 2014

Отандық өнеркәсіп иелерінің мүмкіндіктері артты

442 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматыдағы «Тұран» университетінің мәжіліс залында Ресей экономист-ғалымы, В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Александр Аузан қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесті. А.Аузан. «Тұран» университетінің студенттері мен оқытушыларына, жалпы ғылыми қызметкерлер алдында әлемдік экономиканың алған бағыты мен қазіргі таңда ТМД экономистерінің өз ұлттық валютасының келешегі үшін шаралар қолдануы тұрғысында лекция оқыған ресейлік экономист түс­тен кейін қазақстандық БАҚ өкіл­дерінің сауалдарына жауап берді. – Менің қазақ жеріне келуім сіздердегі теңгенің оңтайландыру шарасымен тұспа-тұс келді. Сол себепті мен ресейлік экономист әріптестерімнен Қазақстан экономикасы мен ұлттық валютасы туралы шұғыл сараптама жасауды сұраған едім. Сіздердің Ұлттық банкке теңгенің бағамын өзгерту ісі бойынша алыпсатарлық шабуылдар соңғы айда үдеп кеткен. Тек, Халықаралық валюта қоры АҚШ долларын белгілі бір деңгейде тұрақтандырғаннан кейін ғана сіздерде де ұлттық валютаны оңтайластыру шарасы жүзеге асты, – дейді Александр Аузан. Ресей экономисінің айтуын­ша, кез келген елде, әсіресе, Қазақ­­­станда, ұлттық валютаны бір демде оңтайландырмаса, экономикалық және әлеуметтік дағдарыстың қаупі күшейе түспек. Ақша бағамын сатылап орнықтыру қай мемлекетте болмасын ел ішінде туындайтын дүрбелеңдерге апарып соғады. Бұл үдеріс негізінен отандық өндірушілерге берілген пайдалы мүмкіндік екен. Дәл қазір отандық өнеркәсіптің өз өнімін сапалық және сұраныс тұрғысынан ілге­рілету мүмкіншілігі жоғары. Алдағы уақытта әлемдік биржаларда мұнай бағасы күрт түсіп кетпесе және әлемдік эконо­миканың ойыншылары шұғыл бұрылыс жасамаса, кемінде 5-7 жылдың төңірегінде теңгені де, рубльді де сауықтыруға болады деп есептейді Александр Аузан. Мұнан өзге, журналистердің «ортақ валюта» туралы қойған сауалына ол «Еуразиялық одақ­ты мен қаншалықты қызу қуат­тасам да, ортақ валютаның ғұмы­ры өміршең болады дегенге сенбеймін. Өйткені, бұл жекелеген елдердің тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін, сол себепті де тараптар мұндай тәуекелге бармай отыр», деп жауап берді. Қазақстанға да, Ресейге де, жалпы әлемдік экономикалық ойынның әсерін көріп отырған тәуелсіз елдерге қазіргі таңда дедолларизация, яғни АҚШ долларына деген тәуелділіктен біртіндеп шығу жолын қарастыру керек деп есептейді ресейлік маман. Мәселен, немістер өз валютасының долларға шаққандағы бағамына бас ауыртпайды. Тек ірі бизнесмендері АҚШ, Англия секілді шетелдік әріптестерімен келісімшарт жү­зінде ғана валюталық бағамға жүгінеді. Біздің экономистер мен банкирлер халықты осындай мәдениетке жетелеуі тиіс деді, ресейлік ғалым. Аргентина, Германия секілді мемлекеттердің қаржылық тәжіри­бесінен мысал келтірген Александр Аузан қазақстандық өндірісшілер мен банк ісінің мамандарына алда сауатты жұмыс істеу арқылы үлкен жетістіктерге жету мүмкіндігі артты деген ой айтты. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.

Суретті түсірген

Юрий БЕККЕР.