Спорт • 27 Қазан, 2021

Волейболдан Қазақстан кубогының жеңімпазы анықталды

34 рет көрсетілді

Бүгін Өскемен қаласында волейболдан әйелдер командалары арасында Қазақстан кубогының ойындары мәреге жетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Финалдық матчта ел чемпионы – Өскеменнің «Алтайы» мен күміс жүлдегер – Талдықорғанның «Жетісу» командасы бас жүлдені сарапқа салды. Соңғы кезде чемпиондық атақ үшін өзара таласып жүрген қос команда құрамында жаңа маусым алдында бірқатар өзгерістер болды.

«Алтайды» бұрынғыша сербиялық маман Марко Гршич жаттықтырса, «Жетісу» тізгінін белгілі қазақстандық волейболшы Елена Павлова алды. Алғашқы екі партияда Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, Орал волейболының түлегі Сана Анарқұлова бастаған өскемендіктер 25:22, 25:16 есебімен басым түсті. Алайда бұдан кейін талдықорғандықтар қатарынан екі партияны алып, таразы басын теңестірді.

Әсіресе, олардың қатарында ресейлік Валерия Шатунова сияқты волейболшылар нәтижелі ойынымен көзге түсті. Дегенмен соңғы сетте «Алтай» 15:11 есебімен жеңісті жұлып алып, бесінші рет ел кубогының иегері атанды. Қос команданың либеролары, өскемендік Мәдина Бекет пен талдықорғандық Томирис Сағынбаева да қорғаныста сәтті ойнай білді.

Енді «Алтай» мен «Жетісу» 29 қазан күні Өскеменде суперкубок үшін алаңға қайта шығатын болады.

Соңғы жаңалықтар

Баға басын имей тұр

Экономика • Кеше

Мейірім шуағы

Өнер • Кеше

Тәуелсіз ел болу – ұлы арман

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы • Кеше

Ұқсас жаңалықтар