Экономика • 27 Қазан, 2021

Урбандалу: Қала қалай қарсы алмақ ауыл көшін?

787 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асырудың мақсаты – 2021-2025 жылдары базалық қызметтерге тұрғындардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, көлік қатынасын жақсарту есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру.

Урбандалу: Қала қалай қарсы алмақ ауыл көшін?

Осы Ұлттық жобада Қазақ­­­с­тан­ның позициясын Дүние­жүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде «Инфрақұрылым» көрсеткіші бойынша қазіргі 62-ден 49-ға дейін, Дүниежүзілік банк рейтингінде «Логистика тиім­ділігі» көрсеткіші бо­йынша 71-ден 50-ге дейін жақ­сар­­ту міндеттері қойылып отыр. Бес жыл ішінде барлық қаржы­лан­ды­ру көздері есебінен 236,7 мың отбасының тұрғын үй жағдайы жақсартылмақшы. Қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету 100 пайызға жеткізілмекші. Агломерациялар мен облыс орталықтарындағы, сондай-ақ Семей қаласындағы тұрғындар санын жыл сайын 1,7 пайызға ұлғайта отырып, урбандалу дең­ге­йін бүгінгі 59,1 пайыздан 62,6 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Жаңадан 15,7 мың тұрақты және 475,4 мың уақытша жұмыс орнын құру, қоныс аударушылар мен қандастардың кәсіпкерлік бастамасын дамыта отырып, олардың жұмыспен қамтылу деңгейін 79 пайыздан 87 пайызға дейін арттыру қарастырылған.

Алға қойылған осындай нақ­ты мін­дет­терді іске асыру үшін бес жылда 7,5 триллион тең­геден астам, соның ішін­де республикалық бюджеттен – 4 триллион теңгеден астам, жер­гілікті бюджеттерден 785 миллиард теңгеден астам, бюджеттен тыс көздерден 2,7 триллион теңгеден астам қаржы бөлінбекші. Әлбетте, Ұлттық жо­баны іске асыруға бөлінетін осын­шама қаражат мақсатына сай әрі тиімді жұмсалса, өңірлердің қуаты молайып, олар, шынында да, ел да­муының драйверіне айналады деп үміттенуге болады.

Расында да, алдағы уақытта урбан­да­лу процесі жеделдеп, ауылдан қалаға қоныс аударатын адамдар қатары қалың­дай түсетін тәрізді. Өйткені бес жыл ішін­де қала халқының санын 3,5 пайызға көбе­йту – жыл сайын қалаларға ауыл­дар­дан шамамен 120 мыңнан астам адам қоныс аударады деген сөз. Бұл көрсеткіш негізсіз де емес. Себебі рес­пуб­ликамыздағы 6 322 ауылдық елді мекеннің небәрі 3 561-і ғана даму әлеуеті бар тірек және серіктес ауылдар ретінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасына енгізілген. Олар қазір ауылдық кластерлер ретінде басымдықпен қаржыландырыла бастады. Бұл ретте даму әлеуеті бар ауылдар тізбесіне мемлекеттік шекара маңындағы стратегиялық ауылдардың бәрі жеке тізіммен енгізілгендігі – құптарлық жайт. Ал «келешегі жоқ» деп та­нылған 2 761 ауылдық елді мекеннің енді «басына тартса, аяғына жетпей, аяғына тартса, басына жетпей» көрпесіне қарап көсілетін жергілікті бюд­жетке ғана күні түсіп қал­ғандықтан, болашағы бұлың­ғыр тартып тұр. Сондықтан олардың көбі­нің тұрғындары, әсіресе, жастар жағы қазірдің өзінде қалаларға жаппай қоныс ауда­рып жатқандығы, бұл үр­діс алдағы кезде тіпті үд­ей түсетіндігі анық. Бірақ қала ауылдан шыққан көшті құ­шақ жая қарсы алуға әзір ме?

Осы орайда, Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Жастар жылы атанған 2019 жылдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жас­тарға 3 мың пәтерді сатып алу құқығынсыз жалға беру қолға алынғаны мәлім. Бұл әлеуметтік жоба мегаполистерде еңбек етіп жүрген жас отбасылар мен жалғызбасты жастардың баспана мәселесін шешуіне оңтайлы мүмкіндік берді. Енді осы игі бастаманы алдағы жылдары еліміздегі урбандалу қарқыны күшейе түсетіндігін ескере отырып, Ұлттық жоба бойынша тұрғындарының санын жыл са­­­йын 1,7 пайызға ұлғайту көзделген барлық облыс орталығы мен Семей қаласында да іске асыру мүмкіндігін қарастырған жөн сияқты. Өйткені «келешегі жоқ» деп қатаң үкім кесілген ауылдардың жастары жұмыс іздеп, негізінен, мегаполистерге, сондай-ақ облыстардың орта­лықтары мен Семей секілді үлкен қалаға қарай ағылып жат­қаны мәлім.

Тағы бір назар аударатын жайт – Ұлттық жобада астананың, рес­­пуб­ли­ка­лық маңызы бар қала­лардың жалпы ішкі өнімін жыл сайын 3,9 пайызға ұлғайту көзделген. Бұл үш мегаполистің әкімдіктерін өндірісті барын­ша жан­дан­дыруға, жаңа жұмыс орын­­дарын көптеп құруға мін­деттейтіндігі даусыз. Сонымен қатар тұрғындарының санын көбейту ұйғарылып отырған облыс орталықтары мен Семей қаласының жалпы ішкі өнімін жылдан-жылға барынша арттыру мәселесін де жан-жақты қарастырған жөн деп ойлаймыз. Мұның өзі ауылдан қалаға көшіп келіп жатқан азаматтарды, әсіресе, «екі қолына бір күрек таппай» сенделіп жүріп, әрнеге ұрынып қалып жататын жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге септігін тигізері кәміл.

Бұған қоса, еліміздің урбандалу дең­гейін барынша шынайы да әділ анық­тауда да ойланарлық мәсе­ле бар. Атап айтқанда, «Эко­­номикалық зерттеу­лер инс­ти­туты» акционерлік қоға­мы жүргізген «Заманауи өңір­лік саясатты және жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту міндет­терін ескере отырып, жер­гі­лікті басқару жүйесін жетіл­ді­ру» тақырыбындағы зерттеу қоры­тындысына қарағанда, елі­міздегі 41 шағын қаланың 12-сі «халық саны» өлшемшарты бо­йынша «қала» мәртебесіне сәйкес кел­мей­ді. Яғни олардағы тұрғындар саны 10 мыңға жетпейді. Мұндай шағын ша­һар­лардың – шын мәніндегі ірі ауылдардың көпшілігінің қалақұраушы кәсіпорындары да жоқ. Сондықтан да олар экономикасының құрылымы мен тұр­ғындарының жұмыспен қамтылуы бойынша да қала атауына сәйкес келмейді. Атал­ған институт ин­дустриялық келе­шегі жоқ шағын қалаларды ауылдарға айналдыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­деу­ге мамандандыру арқылы олардың әлеуметтік-экономикалық да­­муы­­­на соны серпін беруді ұсын­ған. Алайда бұл ұсынысты қа­рау халық санағын өткізуге бай­ла­ныс­ты кейінге қалдырылып келген. Сондықтан алдағы кезде облыстар мен аудандардың әкімдіктері атына заты сай кел­мей­тін қалалардың мәрте­бе­сін өзгерту мәселесін жер­гі­лік­ті жұрт­­­­шылықпен бір­лесе қа­растырып, жан-жақты ойлас­ты­­рыл­ған шешімдер қа­­былдауы қажет.

Сонымен бірге кеңес заманында «қала үлгісіндегі кент» атанған елді мекендердің көбі кейін «ауыл» мәртебесін алғаны белгілі. Олардың арасында уа­қыт өте келе айтарлықтай да­мып, көркейіп, қазіргі кезде қаладағыдан еш кем түспейтін инфрақұрылымға ие болып, қалақұраушы кәсіпорындары мен шағын және орта бизнесі өркендеп отырғандары да бар. Мәселен, Сол­түстік Қазақстан облысының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс ке­зінде тоз-тозы шығып, тұр­ғындарының жартысы үй­лерін тастап, басқа жаққа кө­шіп кеткен, бүгінде кә­дімгі ауылға айналған Сер­геевка және Булаево сияқты шағын қа­лаларының тұрғындары бұ­рын «қала үлгісіндегі кент» мәртебесінде болған Ново­ишим­ское ауылының бүгінгі қалаға бергісіз келбеті мен тұр­ғын­да­рының жайлы тұр­мы­сына қызыға қарайды. Демек осындай шағын қалалар мен ауылдардың шынайы мәртебесін зерттеп, зерделеп, тиісті шешімдер қабыл­дай­тын кез келді.