Жаттығуға арналған жоба
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген міндеттерді іске асыру аясында қолға алынған болатын. Тың қадам Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бастамасымен іске асырылуда. Ең бастысы, жаттығу сабақтарын білікті жаттықтырушылар тегін өткізеді. Осылайша, мұндай ашық жаттығулар қала тұрғындары арасында бірден танымал бола бастады. Балалардан бастап, қарт адамдарға дейін жаттығу жасауға құмартып келеді.
«Қолжетімді спорт» жобасы бар екенін естіп, қуанып қалдым. Қазір менің уақытым да, жасым да денсаулығыма көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Өз басым скандинавиялық серуендеумен айналысамын деп шештім. Мұнда балалардың ақы төлемей-ақ айналысып жүргеніне куәмін. Баласын қымбат секцияларға жетелеп, ақы төлеуге әркімнің мүмкіндігі бола бермейді. Ал мұнда барлық жағдай жасалған», дейді қала тұрғыны Нұрбағила Дәуітбаева.
Жыл бойы қала тұрғындарының, соның ішінде балалардың демалыс уақытын тиімді өткізу және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған жобаның мәні мен маңызы зор. Жоба жоспары бойынша жаз айларында жүгіру, йога, зумба, воркаут, скандинавиялық жүріс, тыныс алу гимнастикасы, стритболдан тегін жаттығулар мен сабақтар ұйымдастырылса, қыс мезгілінде шаңғы және коньки тебуден тегін жаттығулар өтеді. Осы жоба аясында биылғы ақпан-наурыз айларында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы қала тұрғындары үшін конькимен және шаңғымен сырғанаудан кәсіби жаттықтырушылармен тегін жаттығулар ұйымдастырған болатын. Нәтижесінде, елорданың 2 мың тұрғыны (соның ішінде балалар да бар) конькимен және шаңғымен сырғанауды тегін үйренді. Жоба қаламыздың шет аймақтарының тұрғындарын да қамтыды.
Сонымен қатар жоба аясында жаз айларында футболдан Aula ligasy және стритболдан Nursultan CUP турнирлері ұйымдастырылды. 2 мыңға жуық баланы қамтыған жарыс ата-аналар мен балалар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Aula ligasy турнирінің соңғы кезең ойындары «Астана Арена» спорт кешенінде өтті. Бұл өз кезегінде балалардың спортқа деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттырды. Алдағы уақытта мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ аулаларда тегін жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында республикалық Aula fit жобасы қолға алынды. Нұр-Сұлтан қаласындағы 6 аулада футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалар фитнесі бойынша әр аулаға жаттықтырушы-нұсқаушылар бекітіліп, әр тоқсан сайын тегін жаттығулар өтті. Қала шетіндегі бірнеше орта мектептер мен спорт нысандарында (№68 орта мектеп, №49 орта мектеп, сондай-ақ «Нурал», «Аспан» спорт кешендері мен «Асылхан», «Профит», «Қорғалжын» спорт клубы мен «Күйгенжар» тұрғын үй алабында) жекпе-жек спорт түрлерінен үйірмелер ашылып, балалар спортпен тегін шұғылдануда. Ал қаланың 91 жалпы білім беретін мектебіндегі 52 спорт секциясында 30 мыңға жуық бала спортпен шұғылданады. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында «Арқа Alan» ұлттық спорт түрлері орталығы ашылды. Аталған орталықта қазіргі таңда 600-ден аса бала шұғылданады.
Қазіргі таңда қалада 33 аула клубы жұмыс істейді. Аталған клубтарда аз қамтылған отбасылардан шыққан 3 мыңнан аса бала спортпен тегін шұғылданады. Қалалық мәслихат депутаттарының ұсынысымен жастар саясаты басқармасына қарасты аула клубтарының спорттық бағыттарын дене шынықтыру және спорт басқармасының құзыретіне алып, дамыту қолға алынуда.
Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысына сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында 378 835 адам спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл жалпы қала халқының 31,5 пайызын құрайды. Осы көрсеткішті жылдың соңына дейін 35 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ үлкен теннисті барлық балаға қолжетімді ету мақсатында жалпы білім беретін мектеп аулаларындағы және саябақтардағы теннис корттарын, қала бойынша игерілмей жатқан 14 алаңды қайта қалпына келтіріп, пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар және әлеуметтік аз қамтылғандар санатына жататын балалар тенниспен тегін айналыса алады. Қаладағы мыңнан астам бала тенниспен айналысса, жоба іске асқаннан кейін тенниспен 10 мыңға жуық бала айналысады деп күтілуде.
11 спорт мектебі бар
«Тәні саудың – жаны сау» дейді дана халқымыз. Егемен елдің ертеңі – бүгінгі балақайлар болған соң, дені сау ұрпақ тәрбиелеу мәселесі қашанда маңызды. Бұл ретте, жас ұрпақтың қанатын қатайтып, буынын бекітуге барынша көңіл бөлініп келеді. Мәселен, бүгінде балалар мен жасөспірімдерге арналған 11 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. 73 бөлімшеде 8 032 спортшы спортпен тегін шұғылданады. Елордалық жастар ден қойған спорттың 57 түрі – олимпиадалық спорт түрі саналады. Сонымен қатар ұлттық және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт түрлері де бар. Спорт мектептеріне шәкірттер жыл сайын қыркүйек-қазан айларында қабылданады. Ата-аналар балалары баратын спорт мектебі мен айналысатын спорт түрін таңдап, өтініш жазады. Дәрігерлік тексеруден өтіп, бала денсаулығында спортпен айналысуға еш кедергі жоқтығын растайтын анықтама алады. Тиісті құжаттарды тапсырған соң, балалар іріктеуге шақырылады. Іріктеу сынында балалардың әр спорт түрі бойынша белгіленген нормативтерді орындай алу қабілеті сыналады.
Былтыр қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты екі мекеменің жұмыс жүйесі өзгерді. «Толағай» жоғары спорт мектебі» – «Спортты олимпиада спорт түрлері бойынша дамыту дирекциясы» болып түрленді. Ал «Жігер» спорттық клубы» – «Спортты олимпиадалық емес түрлері бойынша дамыту дирекциясы» болып қайта құрылды. Алдағы уақытта басқарма тарапынан іссапарға бөлінетін қаражат тікелей екі мекемеге бөлінеді. Сондай-ақ қаражат әр спорт түрінің жылдық жоспары бойынша алдын ала бекітіледі. Осы өзгертулердің нәтижесінде, Олимпиадалық және Олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекцияларының құзыреті артып, Нұр-Сұлтан қаласының құрама командаларының спорттық іс-шараларға, халықаралық додаларға дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүзеге асуда. Сондай-ақ былтырдан бастап елордалық спортшылардың іссапарға бөлінетін қаражат тікелей қонақүйлер мен спортшылардың жеке есепшотына аударылып келеді. Бұл қадам спортшыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, спорттағы сыбайлас жемқорлықтың да алдын алатыны анық.
Спортшылар қаржыдан қағылмайды
Сананы тұрмыс билемей тұрмайды. Былтырдан бері жетістікке жеткен Нұр-Сұлтан қаласының спортшыларына ай сайынғы төлемақының да мөлшері ұлғайып, оны алатын спортшылар саны 84-тен 170-ке дейін артты. Жаңа қаулыға сәйкес, Олимпиада ойындарының елордалық жеңімпаздары 97 334 теңгенің орнынан 694 500 теңге алады. Сол секілді Әлем чемпионатының үздіктеріне төленетін ай сайынғы төлемақының көлемі де 93 794 теңгеден 277 800 теңгеге дейін өсті. Азия чемпионатының жеңімпаздары ай сайын 83 176 теңгенің орнына 222 240 теңге, ал Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары 79 637 теңгенің орнына 166 680 теңге төлемақы алады. Сонымен қатар 2024 жылға дейін жаттықтырушылар мен спорттағы оқытушылардың жалақысы 100 пайызға өседі.
50 спортшыға білім гранттары берілді
Биыл елордалық спортшыларға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің дене шынықтыру және спорт мамандықтарына қала әкімінің 50 білім гранты берілді. «Небір мықты спортшылар, ел намысын халықаралық ареналарда қорғап жүрген саңлақтар мемлекеттік грантқа ілінбеген жағдайда құжатын қолжетімді мамандықтарға тапсыруға мәжбүр болады. Соның салдарынан біз мықты мамандар шығады деген спортшыларымыздан айырылып қалып жатамыз. Соған байланысты, қала әкімі Алтай Көлгіновке ұсыныс жасалып, елордалық 50 спортшыға қала әкімінің грантын беру туралы шешім қабылданды. Жоғары оқу орындарын аяқтаған соң мамандар жаттықтырушы, нұсқаушы ретінде қалалық спорт ұйымдарына жұмысқа қабылданады. Өз кадрларымызды осылай дайындаймыз», дейді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев.
Сондай-ақ биыл балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында мемлекет тарапынан 400 млн теңге қаражат бөлініп, қазіргі таңда 9 682 балаға ваучер берілді.
Спорттық инфрақұрылым дамып келеді
Бүгінде қалада 4 дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынуда. Әлемдік аренада елдің атын шығарып, мерейін үстем етер спорт саласын дамытудың алғашқы қадамы қала тұрғындары мен қонақтарының спорт нысандарына қолжетімділігін арттырудан басталады. Жыл соңына дейін қала маңындағы «Көктал-2», «Өндіріс», «Теміржолшылар», «Үркер» тұрғын алаптарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілмек. Сарыарқа, Байқоңыр, Есіл, Алматы аудандарында ашылатын спорт кешендері балалар мен жасөспірімдерді ғана емес, аталған аудан тұрғындарының да спортпен шұғылдануына жағдай жасайды.
Қала әкімі Алтай Көлгіновтің қолдауымен «Астана Арена» спорт кешенінің жанынан «Жауынгерлік өнер орталығы» мен «Бокс орталығы» ашылды. Жирентаев көшесінде оң жағалау тұрғындары үшін Жекпе-жек орталығы, Тәуелсіздік сарайында Көркем гимнастика орталығы мен «Сарыарқа» велотрегі жанынан Дзюдо орталығы өз қызметіне кірісті. Бірқатар спорттық нысанға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған орталықтар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, қазіргі таңда балалар тегін жаттығу жұмыстарын жүргізуде.
Биыл мемлекет-жеке серіктестік аясында «Қазақстан» спорт сарайына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында словакиялық құрылыс компаниясымен келісімшарт жасалды. Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионға да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасы бағдарламасы аясында қаладағы «Толқын», «Жеңіс», «Барыс» спорт кешендерінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама аясында «Үрмелі футбол манежі» де ауыстырылды. «Астана Арена» стадионының футбол алаңы да ауыстырылып, нысан қазір халықаралық футбол қауымдастығының (FIFA) талаптарына сай келеді.
Былтыр қарашада Жеңіл атлетикалық спорт манежі пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жоғары технологиямен жабдықталған кешенде жеңіл атлетиканың барлық түрін дамытуға жағдай жасалған. Сонымен қатар манежде спортшылар Қазақстан және Әлем чемпионаттарына, Олимпиада ойындарына алаңсыз дайындалуы үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Қазіргі таңда қалалық жеңіл атлетика федерациясының жұмысы жанданып, жеңіл атлетикадағы 48 бағыттың 22 бағыты қарқынды дамуда. Сондай-ақ биыл қалада спорт колизейі ашылды. Триатлон паркі, ЕҰУ ғимараты жанындағы көпір астында арнайы спорт алаңдары жасақталды. Қаладағы барлық саябақта Street Workout алаңдары мен жаттығуға арналған құрал-жабдықтар бар.
Шаһардағы веложолдар мен жүгіру жолдарының да көлемі жыл санап ұлғайып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында велосипед жолының ұзындығы 70 шақырымды құрайды. Алдағы уақытта ұзындығы 123 шақырым болатын веложол төселмек. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Паралимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді. Халықаралық деңгейдегі мамандандырылған орталықта 17 спорт түрі бойынша тегін жаттығу өткізіледі. Бүгінде орталық айына 3 400-ден аса адамды қабылдайды.
Тағы бір маңызды қадам ретінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының тапсырмасы негізінде «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебі» КММ-де ашылған следж хоккейді айтуға болады. Бұл спорт түрінен алғашқы 3 даярлау тобы бар. Жалпы, спортшылар саны – 15 адам. Жаттығулар «Тарлан» мұз айдынында өтеді. Сондай-ақ биыл елордада шайбалы хоккейден еліміздегі тұңғыш әйелдер академиясы ашылды. АҚШ-тағы хоккей клубының жаттықтырушысы болған Бұлбұл Қартанбайдың бастамасымен ашылған академияға қалалық әкімдік жан-жақты қолдау көрсетуде. Аталған академияда балалар тегін жаттыға алады.
Цифрландыру – жеңістің бастауы
Мемлекет басшысының цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жоспар жасалуда. Осыған орай E-sport бірыңғай цифрлы платформасы іске қосылды. Аталған платформа құрама спортшылары мен жаттықтырушылары тізімінен бастап, жарыс қорытындыларының хаттамаларын, оқу-жаттығу процесін және спорт нысандарының жұмысын қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ алдағы уақытта қала тұрғындары үшін Nur-Sultan Sport-City қосымшасы жасалуда. Аталған қосымша арқылы қала тұрғындарына спорт нысандары мен спорт үйірмелері, қаладағы спорттық іс-шаралар туралы ақпараттар қолжетімді болады.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға ат спорты манежі ашылады
Жыл соңына дейін ерекше қажеттілігі бар балаларды иппотерапия әдісімен емдейтін ат спорты кешенін ашу жоспарлануда. Орталық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ ат спорты манежі ұлттық спорт түрлерін дамытып, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, манеж жанынан ұзындығы 13,2 шақырымды құрайтын атпен жүруге арналған жол төселді.
Елорданың спорт саласындағы ең басты жаңалығы ретінде спортшыларға арналған алғашқы медициналық орталықтың ашылуын айтуға болады. Биыл пайдалануға берілетін бұл орталықта спортшылар арнайы дәрігерлік тексеруден өтіп, спорт дәрігерлері, психологтер мен спорттық массаж жасаушылар, спортшылардың тамақтануын қадағалайтын арнайы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар диспансерде спортшылардың ем алуын білікті спорт дәрігерлері бақылауда ұстайды. Бұған дейін спортшыларға №5 қалалық емхана медициналық қызмет ұсынып келген еді. Мұндай медициналық көмекке жүгіну қолайсыздық туғызып, олардың дайындығы мен сауықтыру процесіне кері әсерін тигізген соң бұл мәселені спортшылар қала әкімімен кездесуде көтерді. Спортшылар шаһар басшысынан жеке медициналық мекеме бөлуді сұрады. Елордалық спортшылардың бұл ұсынысы қала әкімі Алтай Көлгіновтің тарапынан қолдау тапты.
Ірі спорттық іс-шаралар орталығы
Бүгінде елордада спорттың әр түрінен ірі республикалық, халықаралық шаралар өткізіліп келеді. Бұл қадам тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, қаладағы спорттық инфрақұрлымның дамуына жағдай жасайды. Жыл басынан бері қала әкімдігінің қолдауымен грек-рим күресінен халықаралық турнир, жеңіл атлетикадан қала чемпионаты, жүзуден қаланың ашық чемпионаты сынды ірі іс-шаралар өтті. Сонымен қатар жыл сайын қазақ күресінен «Қазақстан барысы», бәйге түрлерінен «Елбасы кубогі», көкпар, теңге ілу, аударыспақ секілді ірі додалар ұйымдастырылуда. Мұның бәрі елордада ұлттық спорт түрлерінің қарқынды дамып келе жатқанының көрінісі.
Сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға негізделген Астана марафон, Астана дуатлон, қысқы триатлон, велошеру, «Бұрқасын» қысқы фестивалі секілді ірі додалар елордалықтардың асыға күтетін іс-шараларына айналды. Елдегі пандемия кезінде қала тұрғындары арасында онлайн жүгіру,онлайн велошеру сынды онлайн жарыстар да тұрақты түрде өткізіліп келеді.