19 Ақпан, 2014

Шағымдар қараусыз қалмайды

243 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы және партияның Мәжілістегі фракциясының мүшесі Қайырбек Сүлейменов тұңғыш рет азаматтарды қабылдады. Қабылдауға 20-ға тарта адам жазылыпты. Олардың дені қаржы полициясы мен мемлекеттік органдар қызметкерлеріне, сондай-ақ, сот жүйесіне шағымдарын айта келіпті. Бұл ретте қылмыс­­тық істерге қатыс­ты сот шешім­деріне риза еместігін білдіріп жатқандар да болды. Мысалы, Көкшетау қаласының тұрғыны Әсем Шамгунова Ақмола облы­сындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті қызметкерлерінің үстінен шағымданып, қылмыс­тық іс қозғау қаулысымен келіс­пейтіндігін жеткізді. Ал ауыл тұрғыны Га­лина Сикачино Астана қаласы аудан­аралық мамандандырылған сотының қылмыстық іс жөніндегі ше­шімімен келіспейтіндігін білдірді. Сондай келіспеушілігін біл­діріп, кеше Қоғамдық қабылдауға Олимпиада чемпионы Бақыт Сәр­секбаев та бас сұқты. Ол Қайырбек Сүлейменовтен алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс мәселесін қарауды сұрады. Оның айтуынша, пәтер сыйға тартылған жат­тықтырушы Махмұдов өзіне алған міндеттемесін орындамаған. Ал аталған баспанаға бір тиын салмаған үшінші жақ оны иеленуге талпынып жатқанға ұқ­сайды. Оның үстіне, Олимпиада чемпионы өзін және сенімді өкілін судья сот процесіне шақырмай, сырттай шешім шығарғанына келіспейтіндігін білдірді. Ал се­німді өкілдің сырқаттанып қалуы туралы анықтамасы бола тұра, оны судья қаперге алмаған. Сөйтіп, сот ертесіне таңертеңгісін өтіп, жапа шегуші жақтың қатысуынсыз шешім шығарылған. Спортшының шағымын тыңдап болған соң, Қ.Сүлейменов соттың заңсыз шешім қабылдауы бойынша деректі анықтау үшін шағымды Жоғарғы Сотқа жол­дайтынын айтты. Сәрсекбаевтың басындағы жағ­дайға түсінік бере кеткен «Нұр Отан» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Руслан Асаубаев ешкім соттар мен тергеу орган­дарының жұмысына араласа алмайтынын, бұл жерде мәселе партия тарапынан жапа шегушіге құқықтық кеңес берілетіндігінде екенін жеткізді. Онда да құқықтық қолдау тегін негізде жасалады. Яғни барлық тиісті қағаздары реттелгеннен кейін қорғаушылар іске кірісетін болады. Жалпы, партияның Орталық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі жыл басынан бері жеті депутат пен жеті мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларының қабылдауында мыңға тарта адам­ның болғанын алға тартты. Оның айтуынша, 2014 жылдың қаңтары мен 1 ақпаны аралығында құқық қорғау органдары мен сот жүйесіне шағымданған 194 арыз түсіпті. Олардың ішінде 72 адам сот ше­шімдерімен келіспейтіндіктерін білдірсе, 61-і сот шешімдерінің орындалмайтынына шағымданған. Және де мемлекеттік қызметкер­лердің әрекеттері мен әрекет­сіз­діктері үшін де 88 адам шағым­да­рын айта келгені мәлім болды. Бұдан басқа 275 азаматқа заңдық кеңес беріліпті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».