Қазақстан • 28 Қазан, 2021

Тіл – ұлттың ұяты

588 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта қазақ тілі ғылым мен білімнің тіліне айналып келеді. Күннен күнге мәртебесі артпаса кеміген емес. Әрине, заман ағымына қарай өзге тілдерді де білген абзал. Әйтсе де, ана тіліміздің абыройына нұқсан келтіріп алмайық.

Тіл – ұлттың ұяты

Тамыры тереңде жатқан қазақ елінің тіл мәдениетін дамытуға, оны дәріптеуге, құрметтеуге деген көзқарасы күн өткен сайын артуда. Бұған дәлел – қоғамымыздағы мем­ле­кеттік тілге деген сұраныстың бір­тіндеп өсіп келе жатқаны. Ана тіліміз мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріліп қана қоймай, мемлекет пен қоғамды ұйымдастырушы, біріктіруші күш­тердің біріне айналды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазақ тілі – мәдени, ғылыми, публи­цисти­ка, ресми іс-қағаздар тілі болып саналады. Сондай-ақ мемлекетімізді өркендетуге себепші болатын қуатты күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтеруші пәрменді құрал.

Туған тілінің тағдыры үшін тар­тыс­қа түспеген ұлт жоқ, себебі тіл – ұлт­тың жаны, бойындағы рухы. Сон­дықтан әрбір азамат ана тілін жетімсіретпей, босағадан төрге, төмен­нен биікке көтеруге тиіс. Ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға жеткен баға жетпес мұраны қастерлеуіміз қажет.

Жалпы, ұлт үшін тілінен қымбат нәрсе болмауға тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ халқының тіршілігі­нің тірегі болған қазақ тілі, талай ға­сырларды басынан кешірді, тарих тезіне де төтеп берді. Ата-бабамыз ат­тың жалында, атанның қомында жүріп қорғап, шұрайлы да көрікті, өткір қалпында кейінгі ұрпағына аманат­ ете білді.

Атадан балаға мұра болып келе жатқан ана тілімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу бағытында мем­лекеттік ұжымдарда, мекемелерде тілдің заңды мәртебесін көтеруіміз қажет. Жастардың әдебиетін, мәде­ниетін насихаттау, оқып-үйренуге деген ықыласын арттыру бағытында жұ­мыстар алға қойылуы шарт. Сол кезде ғана туған тіліміз Мәңгілік елмен бірге мәңгілік өмір сүрері анық.

 

Қанатбек ДОСЫМБЕК,

№8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі

 

Алматы облысы,

Текелі қаласы