Аймақтар • 28 Қазан, 2021

Алматы облысында оқушылар арасында жаппай төбелес болды

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы Панфилов ауданының Пенжім ауылында болған жаппай төбелестен бір жасөспірім ауруханаға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында оқушылар арасында жаппай төбелес болды

Әлеуметтік желілерде жаппай төбелестің видеосы тарады.

«27 қазан күні Панфилов аудандық орталық ауруханасы Пенжім ауылындағы мектеп аумағынан 16 жасар жасөспірім дене жарақатымен келіп түскен. Тексеру барысында 9 және 10-сыныпта оқитын екі оқушының арасында ауызша дау-дамай туып, оның соңы оқушылар арасындағы төбелеске ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды», делінген облыстық полиция департаменті хабарламасында.

Панфилов аудандық әкімдігінің хабарлауынша кикілжің Пенжім ауылында Розыбакиев атындағы орта мектепте болған. Оқушының жағдайы жақсы, толықтай медициналық көмек көрсетілді.

«Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодекстің 106-бабы 2-тармағы бойынша іс қозғалған. Екі тараптың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстар жүргізілді. Ауыл тұрғындары желіде тараған видео негізінде оқушыны соққыға жыққан тараптан кешірім сұрауды талап еткен. Осыған байланысты аудан әкімдігі, полиция департаментінің басшылары, ақсақалдар арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жағдай толық бақылауда», деп хабарлайды Панфилов аудандық әкімдігі.