Қатаң қадағалау қолға алынды
Елімізде теңге бағамының өзгеруіне байланысты бағаның күрт өсуіне жол бермеу шаралары Алматы облысында да атқарылуда. Талдықорған қалалық әкімдігі мен «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ бірлескен жұмыс тобын құрды. Келіссөз барысында алыпсатарлықпен айналысатын «саудагерлердің» жолын тыйып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан төмен деңгейде сататын 20-дан астам дүкен сөрелеріне орналастыру және шағын аудандарда шағын базарлар жұмысын реттеу қолға алынды. «Арнайы құрылған штаб бірер күнде тіркелген дерек бойынша тиісті шара қолдануда. Нақтылай түссем, тұрмыстық техника бағасын өзгерткен екі ірі дүкенге қатысты құжат тұтынушылардың құқығын қорғау агенттігіне жөнелтілді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек саудалайтын көтерме қоймаға қатысты дерек бойынша жұмыс атқарылуда. Нарықтағы тауар және қызмет көрсету бағасы қатаң бақылауға алынды», деді Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов. Нарықтағы тауар бағасының негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін облыстағы үлкенді-кішілі дүкендердегі, жанармай, дәріхана, көтерме сауда нүктелері мен қызмет көрсететін мекемелердің жұмысы билік тарапынан қатаң бақылауға алынған. Нәтижесінде ел тыныш, алыпқашпа сөздерді арнайы сауда орындарындағы қалыпты баға тоқтатты. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы.Сауда бар, даурығу жоқ
Теңгенің жаңа айырбас бағамының алғашқы күні базарда да, үйде де, түзде де абыржыған кейіп болғаны рас еді. Адамдар дүкендерден қолына іліккенін сатып алып, даурығып кеткен болатын. Сасқанда не алып, не қойғанын білмегендер бар. Алаңдаған жұрт ақпарат құралдарына құлақ түрді. Елбасының тапсырмасымен Үкіметтің, жергілікті атқарушы биліктің осы бағыттағы шұғыл жұмыстарының арқасында күнделікті тұрмысқа бірінші қажетті азық-түліктің, басқа да тауарлардың бағасы баяғыша қалатын болды. Ең алдымен, адамдардың көңілі орнықты, мұнан қиын кезде де күн көргенін есіне алды, шүкірлік етті. Жергілікті атқарушы билік алғашқы күннен бастап бағанын қымбаттап кетпеуінің алдын алды. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов, оның орынбасарлары Евгений Аман, Базыл Жақыпов қалалар және аудандар әкімдерімен селекторлық мәжілістер өткізді. Онда күнделікті бірінші қажетті тауарларға бағаның қымбаттамауын қадағалауды тапсырды. Онда облыс басшылығы ұн, макарон, картоп, өсімдік майы, жарма, ет пен жұмыртқа секілді азық-түлік түрлерінің жоғары сұранысын қамтамасыз ету үшін тұрақтандыру қорынан ептеп алу керектігін де ойластырды. Бұл қорға 6,5 мың тонна азық-түлік түрлері сатып алынған болатын. Кеше біз шолып өткен Қостанай қаласындағы базарларда күнделікті азық-түлік бағасы ешқандай өзгеріссіз сатылуда. Алайда, сатушылар сұраныстың бұрынғыдан жоғары екенін айтты. Ал сатып алушыларды тыңдағанымызда, көпшілігі «бір жинап алған азық-түлік қайда апарады, ел іргесі тыныш болсын, аш қалатын күн жоқ, көштен қалмаспыз», деп көңіл орнығуын білдірді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.Азық-түлік қоры жеткілікті
Облыстық әкімдіктегі жұмыс топтары сауда желілеріне арнайы мониторинг жүргізіп отырады. Бұл шаруаларды облыс басшысының орынбасарлары қадағалайды. Қазіргі таңда аймақта жағдай тұрақты. Азық-түлік жетіспеушілігі және жанар-жағармай мен өзге тауарларға бағаның өсуі байқалған емес. Бұған дейін ірі сауда желілері мен атқарушы билік арасында меморандумға қол қойылғандықтан осы келісімге сәйкес негізгі азық-түлікке он пайыздан артық үстеме қосылмайды. Бағаның шарықтауына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорында азық-түлік қоры жеткілікті. Ұлттық банктің теңгеге түзетулер жасауына байланысты тұтыну рыногындағы бағаның, оның ішінде азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуге мүмкіндік мол. Бұл мақсатта облыста арнайы жасақталған тұрақтандыру қоры бар. Дерек көздерінен мәлім болғанындай, қазір тұрақтандыру қорында 2 мың тоннаның азық-түлік тауарлары жатыр. Бүгінгі күні қордың қоймасында 640 тонна картоп, 65 тонна сәбіз, 130 тонна пияз,160 тонна қырыққабат, 12 тонна қызылша сақтаулы. Сонымен бірге, бірінші сортты 220 тонна ұн, 300 тонна қант, 50 тонна күріш пен қарақұмық бар.
Аймақта газдың бағасы көтеріліп отырған жоқ. Электр қуатының бағасы да бұрынғы күйінде. Жанар-жағармай бағасы көтерілмейді. Сондай-ақ, қалыптасқан жағдайға байланысты айырбас пункттерінің жұмыстары да басты назарда ұсталуда.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».Ақтөбе облысы.
Өмір қуатты, тіршілік тұрақты
Бағаның тұрақтылығын бақылау үшін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңір орталығындағы күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерін сатуға басымдық берілген «Идеал», «Атаба» супермаркеттері мен «Дина», «Көктем» сауда орталықтарын аралады. Әкім сауда орындарының басшыларымен, тұтынушылармен әңгімелесті, сөрелерде сатылымға қойылған әр азық-түліктің тұсында бағаларының жазылып тұруы керектігін ескертті. Атыраудағы сауда орындары мен супермаркеттердегі азық-түлік бағалары күн сайын бақылануда. Нақтылай айтқанда, бейсенбіде Атырау қаласының әкімі Серік Айдарбеков, ал кеше облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев сауда орталықтары мен супермаркеттердегі бағаның тұрақтылығын тексеріп шықты. Әзірге сауда орындарындағы азық-түлік бағаларында айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке қарағанда, тек азық-түлік тауарларының ғана емес, сонымен бірге, дәріханалар мен валюта айырбастау нүктелерінде, жанар-жағармай бекеттерінде баға бақылауға алынып отыр. «АтырауАгросервис» серіктестігінің облыстық тұрақтандыру қорынан босатылатын көкөніс өнімдеріне ең төмен бағаны белгілегенін айтуға болады. Осы серіктестік желтоқсан айынан бері Атырау қаласы мен аудандарға қырыққабат пен қызылшаны және пиязды 70 теңгеден, сәбізді 75 теңгеден, картопты 81 теңгеден сатуды ұйымдастыруда. Атырау қаласында тұтынушылар көп тұтынатын азық-түлік түрлері 8-9 жердегі сауда нүктелерінде арнайы белгіленген бағамен сатылымға түсті. Атырау қаласының әкімі С.Айдарбеков пен ең ірі сауда орталықтары басшылары арасында бағаны негізсіз өсірмеу, сонымен бірге, тұрақтылығын сақтауды көздеген ортақ меморандумға қол қойылды. Өңір басшылығының мәлім етуінше, доллар бағамындағы өзгеріс азық-түлік бағасына да, коммуналдық төлемдер тарифіне де әсер етпейді. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы