19 Ақпан, 2014

Ет экспортының жағдайы қандай?

291 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы өтті. Онда «2011-2015 жылдарға арналған ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» кешенді бағдарламасының орындалуы сөз болды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баяндама жасады. Отырысты ашқан Премьер-Министр Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында және жа­қын­да өткен кеңейтілген Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мә­селелеріне айрықша назар аудар­ғанына тоқталды. Сөйтіп, Үкімет алдында Қазақстанды аймақтық ауылшаруашылық өнімдері бойынша ірі экспорттаушылардың біріне айналдыру міндеті тұрғанын айтты. Оны жүзеге асырудың жоба-жоспары туралы баяндама жасау үшін сала министрі А.Мамытбековке сөз берді. Расын айтқанда, қазіргі таң­да ауыл шаруашылығында өз кәсібін ашамын деушілерге Үкімет тара­пынан үлкен қолдау мен көмек көрсетіліп жатқаны мәлім. Тек қаржылық жәрдеммен ғана шектелмей, іс қыламын деген ауыл адамдарын арнайы курстар­да оқытып, бизнес жоспарын сапалы істеуіне қолұшын беріп, не­сиеге алған қаржысын қалай жұм­сау керектігіне дейін кеңес бере­тін мекемелерді ашып отыр­ғаны да белгілі. Осыншалық мүм­кін­дікті дұрыс пайдаланбай отыр­ған ауылдағы ағайындардың кей­бі­рінің бүгінгі тіршілігіне қары­нымыз ашатыны жасырын емес. Ал енді негізгі тақырыбымызға қайта оралсақ. Министр келтірген мәліметке қарағанда, соңғы 2 жылда ауылшаруашылық кәсіп­орын­дарындағы ірі қара малдың өсу қарқыны – 15, сиыр 19,4 пай­ыз­ға дейін өсіпті. Фермерлік шаруа­шылықтарда ол тиісінше 20 және 26,1 пайызға дейін артып­ты. Былтыр ірі қараның үлесі ұйым­дасқан шаруашылықтарда – 31, жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тарда 69 пайызды құрап­ты. Ведомство басшысы сон­дай-ақ мал шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тәсілдері туралы да таратып айтты. Фермерлік шаруашылықтарды ынталандыру үшін биылдан бастап ірі қараның әрбір аналық басына 18 мың теңгеге дейін субсидия нор­мативтері ұлғайтылыпты. Бұдан басқа, отандық селекция­дан шыққан асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға субсидия көлемі 118 мың теңгеден 154 мың теңгеге дейін артқанын тілге тиек етті. «Осылайша, ынталандыру­шы мемлекеттік қолдау шаралары есебінен жобаның барлық техно­логиялық тізбегінің тиімді өзара іс-қимылы үшін негіз құрылды. Премиум санатты жоғары сапалы сиыр етін экспорттау басталды. 2013 жылы 4 мың тоннадан астам, оның ішінде, премиум санаттағы 340 тоннаға жуық сиыр еті бар ет пен ет өнімдері экспортталды», деді министр. Үкімет басшысы баяндамашыны бір емес, бірнеше рет іркіп, түсініктеме талап етті. А.Мамытбеков фермерлік шаруашылықтардың аналық малын асыл тұқымдандырумен қамту көрсеткіші бойынша елімізде 10 үздік және 10 нашар аудан бар екеніне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, үздік 10 ауданда асыл тұқымдандыруға 21-ден 34 пайызға дейін, көрсеткіші төмен аудандарда 2 пайызға дейін ғана мал тартылыпты. Осы арада Үкімет басшысы көрсеткіштері төмен 10 әкімді жұмысынан босату туралы мәселені облыс әкімдерінің алдына төтесінен қойды. «Біз өткен жылы министрліктің алқа мәжілісіне мал шаруашылығымен айналысатын барлық аудан әкімдерін шақырған едік. Олардың алдына экспорттық әлеуетті дамыту мәселесі қойылған болатын. Осы екі жылда мал шаруашылығын дамытуда сапалы ілгерілеу мақсаты жүктелді. Неліктен өткен 2 жылда көрсеткіші нашар 10 ауданда тиісті жұмыстар атқарылмаған?», деді С. Ахметов. Неге сіз министр ретінде осы мәселені көтермейсіз? Бұл туралы облыс әкімдерінен де сұраймын. Негізгі жұмысымен, яғни мал шаруашылығын дамытумен айналыспаған ауылдық, аудандық әкімдер неге қызметінен босатылмаған!? Саулық мал басын жақсарту негізгі мәселе. Бұл шаруа тікелей Мемлекет басшысының бақылауында екені де белгілі. Ал мынадай нәтижемен сіздер министрлік ретінде мақсатты орындай алмайсыздар ғой. Сондықтан, облыс әкімдері көрсеткіші төмен аудан әкімдерін қызметінен босату туралы шешім шығаруы тиіс, деп қайырды сөзін Премьер-Министр. Ауыл шаруашылығы минис­трінен кейін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-тың басшысы Д.Айтжановқа сөз берілді. Ол етті қара мал шаруашылығын елімізде дамыту мәселелері мен ет өнімін алыс-жақын шетелдерге экспорттау мәселелеріне тоқталды. Саланың еркін дамуына келіп жатқан кедергілерді атап, оларды ретімен шешу жолдарын да әңгімеледі. Сөйте келіп, 18 млн. тұтынушысы бар Мәскеу базарының ет сөрелері туралы да баяндап өтті. Оның айтуына қарағанда, қазіргі таңда сол базарға ет жеткізу шаралары қолға алынған. Нәтижесі айтарлықтай тәуір көрінеді. Мәскеудің азық-түлік сауда палаталары қазақтың қара малы мен асыл тұқымды қойының, сондай-ақ, күркетауығының етін алуға пейілді екен. Себебі, қазақтың ет өнімдері экологиялық жағынан таза болумен қатар, халықаралық талаптарға сай. Өз кезегінде Премьер-Министр «ҚазАгро» ұлттық холдингiне ірі қара мал етiнiң экспорттық әлеу­етiн арттыру мақсатында жеке инвестицияларды тарту туралы тапсырма берді. «Салаға қар­жы тартыңыздар, субсидиялау мәселесiн шештiк. Бiзде қаржы да жеткілікті. Бағдарламаға қатысушылар да қаражатсыз емес. Біздің болжам бойынша, бүгiнгi күнi агробизнес 80 пайызға дейiн субсидиялауға дайын. Мал бар. Оған қажет құрылғылар мен жем-шөп лизингiсін, бұқаларды сатып алу бағасының жартысына жуығын субсидиялап жатырмыз. Барлық жағынан алғанда субсидиялар жасалып отыр», дедi С.Ахметов. Осындай игілікті пайдаланбай отырған адамдардың немкеттілігіне кейіген Үкімет басшысы, «Құлқы жоқтар ғана ірі қара мал етiнiң өндiрiсiмен айналыспайды. Әкiмдердiң бұл жұмыспен нелiктен шындап шұғылданбай отырғаны белгiсiз», деді. Мұнымен бірге, Ауыл шаруашылығы мен Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiктеріне, «ҚазАгро» холдингімен бiрлесіп, мал етін экспорттау бойынша нақты ұсыныстар енгiзудi тапсырды. Үкімет отырысында Ақ бас тұқымды ірі қара мал респуб­ликалық палатасының директоры Қабыл Исабекұлына да сөз берілді. Ол қара малдың жергілікті асыл тұқымының ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы әңгімеледі. Оның сөзіне назар салсақ, малдың бұл тұқымының еті мол болумен қатар, өте дәмді көрінеді. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінің табиғатына тез бейімделетін қасиетін де айтып өтті. Премьер-Министр жергілікті асыл тұқымды ірі қара жөніндегі баяндаманы тыңдай келіп, өзімізде осындай жақсы тұқымды мал тұрғанда шетелдерден несіне мал тасып әуре боламыз дегенді айтты. Ақ бас тұқымды малды көбейтіп, бүкіл республикаға тарату үшін Үкімет тарапынан қандай көмек болса да қымсынбай сұрау керектігін ескертті. Отырыс қорытындысында Үкімет басшысы кешенді жос­пардың ойдағыдай орындалуы көбіне жергілікті атқарушы органдардың басшыларына байланысты екенін атап айтты. Сөйтіп, бірқатар облыс басшыларының алдына осы бағдарламалардың орындалуын бақылауға тиісті, бірақ қадағаламайтын ауыл әкімдерінің атқарып отырған лауазымына лайықтылығы туралы мәселе қойды. Мұнымен қатар, тиісті мемлекеттік органдарға кешенді жоспарды орындау тиімділігін арттыру бойынша басқа да бірқатар тапсырмалар берді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».