Оқиға • 28 Қазан, 2021

Пенжімдегі оқушылар төбелесі: Аудан әкімі тұрғындармен кездесті

401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы облысындағы Панфилов ауданының әкімі Пенжім ауылындағы жағдай бойынша тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Пенжімдегі оқушылар төбелесі: Аудан әкімі тұрғындармен кездесті

Панфилов ауданы Пенжім ауылындағы оқушылардың 27 қазанда жасаған теріс қылығы әлеуметтік желілерде көп талқыланды. Бүгін кенттің Мәдениет үйінде мәселе облыстық деңгейде көтерілді. Жанжал 9, 10 және 11-сынып оқушыларының сөзге келісе алмауынан басталған болатын. Соңы 20-дан астам адам қатысқан жаппай төбелеске ұласты. Атыс кезінде 2 адам зардап шекті. Кездесу барысында жиынға қатысушылар жастардың бұзақылығын талқылады.

«Мен мұнда түні бойы болдым. Жастардың жауапсыз әрекетін көрдім. Олар мектеп жанжалын өршітіп, жергілікті тұрғындарға зиян келтірді. Мен ақсақалдарды, жергілікті тұрғындарды балаларды бір-бірін құрметтеуге үйретуге шақырғым келеді. Сіздер өмір бойы осы жерде тұрасыздар. Бір-біріңізіге дос, көрші, бауыр, әріптессіздер. Сіздер қуаныш пен қайғы-қасіретті бірге бөлісесіз. Осы құндылықтардың барлығын балаларыңызға жеткізулеріңіз керек», деді Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев.

Ауыл тұрғындары да бір-бірін құрметтеуге шақырды.

«Жастар – елдің болашағы. Біз олардың тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Мұндай жағдайлар арқылы бүкіл елдің көңілінде бізге қатысты теріс пікір туындайды. Дегенмен, айтқым келгені, бұл ұлтаралық қақтығыс емес. Осындай жағдайдың орын алуы өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі олқылықтардың көрінісі деп білемін. Оқиғаны өрбітудің қажеті жоқ. Кей адамдар осы жайтты теріс мағынада қолданады. Олар кешегі кездейсоқ өртті сол оқиғаның салдары ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ олай емес және сіздер бәрін білесіздер. Бір-бірімізді құрметтейік. Біздің еліміз де, жеріміз де – бір», деді Пенжім ауылының тұрғыны Аутжан Хамраев.

Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев болған оқиғада ұлтаралық мәселе жоқтығын айтты.

«Қазір осы жерде ұлтаралық үлкен мәселе бар деп айта алмаймын. Бұл жас балалар арасындағы орын алған жайт. Яғни балалардың тентектік танытуының салдарынан орын алған. Тек қана мектептен емес, үйден тәрбие беру, бір-бірін сыйлауға үйрету керек. Аудан әкімі ретінде ұлтаралық мәселені көріп отырғаным жоқ. Тәрбие жағына үлкен мән беруіміз қажет», деді аудан әкімі.