Экономика • 28 Қазан, 2021

Таңбалау және бизнестегі байбалам

499 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырттан тасығанымыз, өзіміз өндір­ге­німіз бар, сөрелердегі тауарларды түгелдей таңбалау қаншалықты қисынды? Осы мәселе қозғалса болғаны, өндірушілер неге байбалам салып шыға келеді? Шын­дығында тауарларды таңбалау баға­лар­дың қымбаттап, өнімнің азаюына алып келуі мүмкін бе?

Таңбалау және бизнестегі байбалам

Таяуда «Іскермен» өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағы кезекті рет құзырлы мекемелерге хат жолдады. Өйткені елімізде тауарларды таңбалау мәселесі күн тәртібіне қайта шыққаны белгілі. Әрине, бұл мәселеде әр тарап өз мүддесін тықпалайтыны белгілі. Дегенмен бизнес-қауымдастықтың байбаламына құлақ түрмеуге болмайды.

Импорттаушылар мен шағын және орта бизнес өкілдерін біріктіретін бизнес-қауымдастықтардың қайта-қайта жасаған өтінішіне қарамастан, Қазақстанда сәйкес­тен­діру таңбаларымен тауарларды таң­ба­лауды енгізу мәселесінде әлі де ортақ мәміле жоқ деуге болады. Айналып келгенде, бұл іскер ортаның Үкіметке тағы да өтініш жасауына жетелеп отыр. Демек бұл істі реттеуде түйткілдер бар.

Бірақ жетекші өндірушілер, импорттау­шы­лар мен сарапшылар қауымдастығы бөлшек саудаға қатысты Үкіметке сындарлы шешім қабылдағаны үшін алғыс жаудырып отырғанымен, жекелеген тауарларға қатысты қабылданған шешімдер бизнес қоғамдастық алға тартып отырған негізгі мәселелерді шешпейтін көрінеді. Осы тізбектен бөлшек сауданы алып тастап, мағыналық жүктемесі жоқ таңбалаудағы crypto tail-ды тықпалау – сайып келгенде мүдделі құрылымдарды байыту құралы ғана.

Қазіргі таңда елімізде көлеңкелі экономика және контрафактімен тиімді күресуге мүмкіндік беретін тауар айналымын бақылау тетіктері жолға қойылғанына күмән жоқ. Бұл – классикалық шот-фактуралар және онлайн-кассалық аппараттар. Шағын және орта бизнес өкілдері қолданыстағы таңбалау үдерісі көздеген игі мақсатынан жаңылып, іс жүзінде монетизация, яғни ақша жасау процесіне айналып бара жатқанын алға тартып отыр. Бизнес-қауымдастықтың уәжі мынадай: мұндай жағдайда алдымен тұтынушылар зиян шегеді, өйткені тауарларды таңбалаудан туындайтын барлық шығынды өндірушілер мен импорттаушылар тұтынушыларға жүктеуге мәжбүр болады.

Хатта тауарларды таңбалаудың теріс салдары көрсетілген. Атап айтқанда, таң­балау іс жүзінде тұтынушылардан алынатын қосымша салыққа айналады – сапалы тауарлар бағасының қолжетімділігі күрт шектеледі. Сонымен қатар таңбалау үдерісі өндірушілер, дистрибьюторлар мен сауда компаниялары тарапынан айтарлықтай шығындарды талап етеді. Бұл өндіріс жыл­дам­дығының бірден бәсеңдеуіне, бағаның өсуі мен қызметкерлер санының азаюына әкелуі мүмкін.

Осы істің басы-қасында жүрген іскер­лер кодты генерациялау бизнес-процес­терді қиындатып, құжат айналымын ұлғай­та­ды, ал ақпараттық жүйе жұмысының тұ­рақ­сыздануы, техникалық тұрғыдағы кедер­гі­лер, оның ішінде интернет-қамтудың да тұрақсыздығы өндірістік процесті де, тасымалдауды да тежейді-міс. Қысқасы, таңбалау тұтынушылардың басым көпшілігіне онсыз да қымбатқа түсетін барлық импортталатын тауарға бағаның одан әрі өсуіне алып келуі ғажап емес. Салдарынан шағын және орта бизнестің атынан әрекет етіп отырған импорттаушылар саны күрт қысқарады.

Қорыта айтқанда, іскер орта нені талап етіп отыр? Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, хат авторлары бірқатар ұсыныс жасаған. Бірінші кезекте тауарлардың барлық түріне міндетті және жедел таң­ба­лай­тын ресейлік форматтан бас тарту керек. Сонымен қатар құзырлы мемлекеттік органдардың қанатқақты кезеңге енгізу туралы шешімдерді өндірушілердің орынды ұсыныс, ұстанымын ескермей, талдаусыз, бір жақты тәртіппен қабылданатыны сияқты қалыптасқан тәжірибесін тоқтатуды ұсынып отыр.

Осы тауар міндетті таңбалауға жататын тізімге енген, ЕАЭО елдеріне экспортқа жіберілетін тауарларды қоспағанда, таңба­лау­дың еріктілігі қағидатын ұстану­ға тиіс. Салада заңсыз айналымның, контра­фак­тінің жоғары деңгейінің бар екеніне айқын дәлелдер ұсынылған жағдайда, индус­трия­ның өзі таңбалаудың орындылығы туралы негізделген шешім қабылдауы керек.

Сондай-ақ аталған тауар міндетті таң­ба­ла­нуға жататын тізімге енген елдерге өнімді экспорттауға мәжбүр болған өндіру­ші­лерге мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрайды.