Қазақстан • 29 Қазан, 2021

Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі өсті

1100 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында еліміздегі құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 641,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 38,7 пайызға жоғары. Былтыр дәл осы кезеңде көрсеткіш 462,6 млрд теңгеге тең болған еді.

Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі өсті

мQazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталы­ғы­ның хабарлауынша, 2021 жыл­дың 9 айында құрылыс мате­риалдарын өндіру саласы өнер­кә­сіп өндірісі көлемінің 2,5 пайы­зын және өңдеу өнеркәсібі өн­ді­рі­сі көлемінің 5,4 пайызын қам­тамасыз етті.

Қаңтар-қыркүйекте өнімнің нақты көлем индексі 110,1 па­йыз­­ды құраған. Келесі тауарлар бойынша өсім байқалып отыр: отқа төзімді бұйымдар (+70 па­йыз­), отқа төзімді емес кера­ми­ка­лық кірпіштер (+56 пайыз), портландцемент (+18,3 пайыз), шлак мақта, минералды силикатты мақта және ұқсас минералды мақта (+48 пайыз), құрылыс ерітінділері (+38,7 пайыз), гипс (+66,4 пайыз), ескерткіштер, әр­леу және құрылыс үшін өң­дел­ген тас (+55,7 пайыз). Сондай-ақ керамикалық қаптауыш кір­піш­тер (-8,5 пайыз), тақталар, тақ­тайшалар және цементтен, бетоннан немесе жасанды тас­тан жасалған ұқсас бұйымдар (-8,9 пайыз), бетоннан жасалған құрама құрылыс конструкциялары (-10,6 пайыз), тауарлық бетон (-10,4 пайыз) секілді тауарлардың кө­лемі төмендеген.

Қаңтар-тамызда құрылыс ма­териалдарының экспорты 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 5,7 пайызға ұлғайды. Яғни 143 млн долларды құрады. Зат­тай мәнде экспорт көлемі 6,9 па­йызға төмендеп, 1 млн 414,4 мың тоннаға тең болды. Былтыр экс­порт көлемі 1 519,8 мың тон­наны құраған еді. Отандық өнім­дер­дің негізгі бөлі­гі Өз­бекс­тан, Ре­сей және Қыр­ғыз­­стан мем­ле­кет­теріне экспорт­та­­лады.

Қаңтар-тамыз айларында отан­дық нарыққа келген құрылыс материал­дарының импорты 873,3 млн долларды құрады. Бұл бір жыл бұрынғы деңгейден 24,1 пайызға жоғары. Заттай мәнде тауар­лар көлемі 2 млн 728 мың тон­наны құрап, өткен жылдың
8 айы­на қарағанда (1 979 мың тонна) 37,9 пайызға артты. Негізгі импорттаушы елдердің қата­рын­да Ресей, Қытай және Түркия бар.

2021 жылдың сегіз айында Қа­зақстандағы құрылыс ма­те­риал­­дары нарығының көлемі
2 млрд 242 млн долларға тең болды. Оның 61 пайызы отандық тауар өндірушілердің үлесіне, 39 пайызы импорттық өнімнің үле­сіне тиесілі.

Бүгінде Қазақстанның құ­ры­лыс саласында 2 184 кәсіп­орын жұмыс істейді. Олардың не­гізгі үлесі (95 пайыз) шағын биз­нес кәсіпорындарына тие­сі­лі. Республикада саланың бар­лық дерлік сегментіне қа­жет­­ті құ­рылыс материалда­ры шы­ға­рылады. Сала ішкі на­рық­тың 61 пайызын қамта­ма­сыз етеді. Өн­дірістің ең көп көлемі Қара­ған­ды және Алма­ты облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына тиесілі.

Саладағы отандық материалдар өндірісінің өсуіне құры­лыс жөніндегі мемлекеттік бағ­дар­ламалар септігін тигізген. Мәсе­лен, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру аясында 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта 103 млн шаршы метрді пайдалануға беру үшін тұрғын үй секторының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Тұрғын үй құрылысы Нұр-Сұлтан қала­сын­да ғана емес (21,4 млн шаршы метр), өңірлерде де қар­қын алған.

Осы жылдың қаңтар-қыр­күйек айларында құрылыс жұ­мыс­тарының көлемі 3 трлн 648,9 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен 9,7 па­йызға артық. Құрылыс жұ­мыс­тары көлемінің ұлғаюы рес­пуб­ликаның барлық өңірінде байқалып отыр. Құрылыс жұ­мыс­тары Ақмола, Маңғыстау об­лыстарында және Алматы қала­сында (1,2 есе), Атырау, Батыс Қазақстан, Қоста­най, Түр­кістан, Жамбыл, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан облыстарында, Шымкент және Нұр-Сұл­тан қалаларында (1,1 есе) ұл­­ғай­­ған. Осы жылдың 9 айында пай­далануға берілген жаңа ны­сан­­дардың жалпы ауданы 12 млн 196,6 мың шаршы метрге тең.

Қазіргі уақытта зауыттар це­мент­ке деген қажеттіліктің 92 па­­­йы­зын қанағаттандырып отыр. Ішкі нарық толығымен отандық бетонмен және темірбетон бұ­йым­­дарымен қамтамасыз етіл­ген. Құрылыста және жөндеу жұмыстары кезінде тек отандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады. Жылу оқшаулағыш бұйымдар, керами­ка­лық кірпіштер, лак-бояу бұ­йым­дары өндірісі әзірше анау айт­қандай дами қойған жоқ.

Ал әрлеу материалдары әлі де болса импортқа тәуелді. Өнді­рісті ұйымдастыру үшін шикі­зат базасымен қамтамасыз ету қажет. Бұған тау-кен байыту ком­бинаттарының қызметін ұйым­даст­ыру арқылы да, полимерлі химияны дамыту арқылы да қол жеткізуге болады. QazIndustry сарап­шылары бұл саланың бәсе­ке­ге қабілеттілігіне оң әсер ете­ді деп санайды. Олардың пі­кірін­ше, күрделі тауарлар өнді­рі­сін ұйымдастыру ішкі на­рық­­ты қосылған құны жоғары өнім­­мен қамтамасыз етеді және бола­­шақ­та макроөңірдің экс­порт­­­тық нарықтарына шығу­ға мүм­кін­дік береді. Қазіргі уа­қыт­та қа­растырылып отыр­ған сег­мент­тер­дің импортын алмас­тыру үшін шетелдік инвес­ти­ция­лар­дың көмегімен бірқатар жоба іске асырылуда.