* * *
Үлкен дағдарыс Америка экономикасына да өзінің салқынын тигізіп, экономиканың көптеген салаларында тоқырау болды. Экономикалық қыспақты біршама еңсеріп келе жатқан бұл елде былтырғы жылдың аяғында күтпеген жерден «қолдан жасалған дағдарыс» болып, ол да өмірдің барлық саласына өз қырсығын тигізді. АҚШ-та қаржы жылы 1 қазаннан басталатын. Осы күні елдің жаңа жылға заңмен бекітілген бюджеті іске кірісу керек еді. Ал бюджет мемлекеттің ең басты қаржылық құжаты, онда өкіметтің барлық шығындары және олардың көлемдері көрсетілетіні белгілі. Америкадан басқа, ТМД мемлекеттері болса бюджеттерін бекітпей-ақ еңбек ете берер еді, ал заң үстемдік ететін АҚШ ондайға бара алмайды. Заңмен бекітілген бюджет болмаса Америка өкіметі ешқандай шығын жасауға қақысы жоқ. Міне, сондықтан да АҚШ-тың өкіметі өз жұмысын ішінара тоқтатуға мәжбүр болды. 800 мыңнан артық мемлекеттік қызметшілер ақысыз демалысқа жіберілді. Көптеген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар жабылып қалды. Елдің астанасы Вашингтон қаласында тіпті, қоқыс тасылу да тоқтатылды. Өйткені, қоқыс шығаратын мекеме де бюджеттің есебінен жұмыс істейтін. Мемлекеттік бюджеттен тапсырыс алып, өнімдерін шығаратын мыңдаған жеке меншік кәсіпорындар, шағын және орта бизнес өкілдері де өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Қысқасы, осы кезден бастап бұл елде тек жұмыстарының тоқтатылуы мүмкін емес әлеуеттік күштер: әскер, полиция, шекаралық және кедендік күзеттер, түрме және т.с.с. ғана жұмыс істеп тұрды. Мәселенің мәнісіне бойлайтын болсақ, бұл дағдарыс та таза қолдан жасалған қысастық еді. Бар мәселе бюджетті бекіту туралы заңды талқылауға салғанда Сенат пен Өкілдер палатасының өзара керіске түсіп, келісе алмаушылығында болды. АҚШ Парламенті, яғни Конгресі осы екі палатадан тұрады. Сенатта әрбір штаттан екі адамнан отырады. Осы сенаторлардың көбісі демократиялық партияның өкілдері. Бұлар президент Барак Обаманың жақтастары. Ал Өкілдер палатасында республикашылдар партиясы көпшілік дауысқа ие. Осылар Б.Обаманы сүріндірмек болып, жаңа бюджетті бекітпей қойды. Сондағы тапқан іліктері – бюджеттің дефициттік жағдайда қабылданбағы. Әрине, бюджеттің ІЖӨ-нің бес пайызының көлеміндегі дефициті АҚШ үшін үлкен дүние болуы мүмкін. Үкімет оны мемлекеттік шығындарды біркелкі азайта отырып және салықты аздап көбейту арқылы еңсереміз деген-тін. Әрине, естір құлақ болса бұлар орынды қадамдар. Бірақ ілік іздегендер бұған құлақ асқан жоқ, керісінше, айғайшыл халыққа жағатын жолға шап беріп, «салықты көбейтуге үзілді-кесілді қарсымыз» деп шулатып-ақ бақты. Республикашылдардың «халықшылдығы» өз нәтижесін де беріп жатты. Сол кездегі әлеуметтік сауалдарға қарағанда, оны жақтайтындар саны біршама артты. Республикашылдардың сұғын қадаған тағы бір мәселесі – Б.Обаманың әлеуметтік бағдарламалар мен денсаулық сақтау саласындағы реформасы еді. Президенттің бұл қадамдары халыққа жағудың амалдары деп санаған республикашылдар оған да қарсы болды. «Obamacare» (Обаманың қамқорлығы) деген атау алған денсаулық сақтау саласындағы реформа барлық АҚШ азаматтарын медициналық сақтандыруға тартуды көздейді. Оларда міндетті медициналық сақтандыру деген жоқ, сондықтан да бүгінгі күнге дейін 45 миллиондай америкалық мұндай сақтандыруды керек қылмапты. Обама өкіметі осы санды азайту үшін оны бюджеттен субсидиялау қажет деп тауып отыр. Сонда халық оның тиімділігін көзімен көріп, сақтандыруға өз еріктерімен келеді дегенді үміт етеді. Сөйтіп, сақтандыруды керек қылмаған адамдар санын азайтуды негізгі мақсат етіп отыр. Реформаның мәнісі осында. Ерікті іс болып табылатын сақтандыруға бюджеттен субсидия бөлінуін артық шығын деп санаған республикашылдар осыған да қатты шүйлікті. Оның үстіне, сол кезде мемлекеттің жалпы қарызы ІЖӨ-ден асып тұрды. Бұл да Обаманың қарсыластары үшін байланысуға таптырмайтын себеп болатын. Сөйтіп, АҚШ тарихында сирек болатын қолдан жасалған үлкен саяси және экономикалық дағдарыс болды. Бұған билік үшін үнемі таласатын екі бәсекелес партияның әрекеті ғана кінәлі еді. Осы екі партия да 2013 жылдың наурыз айында-ақ бюджеттік заң бойынша өз жобаларын жасап, талқылауға ұсынған. Онда екі жақ та өздеріне тиімді мәселелерді қарастырған-тын, сондықтан республикашылдардың бюджетін Сенат, демократиялық партияның жобасын Өкілдер палатасы терістеп шығарған. Бұл бәсекелестік ақыры, 1 қазанға, яғни қаржылық жыл басталғанша бюджеттің қабылданбауына әкеліп соқты. Соның салдарынан, «екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі» дегендей, қаншама әлеуметтік мәселелер іске аспай, бюджеттің қабылдануын күтіп қалып, қарапайым халық сорлады. Міне, күштілердің айқасы, өзара бәсекелестігі, билік үшін күресі де әлемдік экономикалық дағдарысқа еш қатысы болмаса да осындай келеңсіз жағдайларды жиі тудырады. Сондықтан биліктегі партияның өз әрекетін алаңсыз іске асыра алатын, мықты болғандығы да дұрыс. Сайып келгенде, халық барлық нәрсенің жауабын билікте отырған партиядан ғана сұрайды. Ал ол бәсекелесімен күреске, онымен келісу жолдарына қатты алаңдап, кейбір маңызды позицияларынан кері шегініп, көнгіштік танытып отырса, істе жақсы нәтижеге жете алмай қалары хақ. АҚШ бюджеті тек үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында бір-ақ бекітілді. Әрине, бюджетті бекітетін заңға қарап, мемлекет үш ай бойы жұмысын түбегейлі тоқтатын болса, дағдарыстың көкесі сонда болатын еді. Бірақ қанша жерден заңсыз қадам жасамаймыз десе толық тоқыраудан аман шығудың жолын алып мемлекет тапқан. Сондықтан кейбір тоқтатылуы мүмкін емес бюджеттік шығындар парламенттің уақытша қарарларымен босатылып тұрды. Соның ішінде, жоғарыда айтқан, қорғаныс, қауіпсіздік, құқық қорғау салаларының шығыстары бар. Бюджетті бекітетін заңның қабылдануында Барак Обаманың үкіметі қарсыластарының еш талабын мойындамай, берік позиция ұстана білді. Бұл үшін республикашылдардың ыңғайындағы ғана емес, жалпы елдің барлық ақпарат құралдары Ақ үйді аяусыз сөгіп, сын тезіне салған. Мұндай жерде «халықтың қамы», «елдің мүддесі» дейтін қайда салсаң озып шығатын ұғымдарды да шебер пайдаланған қарсыластар президент оларды да ескермей, өзінің позициясы үшін ғана оппозициямен келісімге келе алмағанын жырлаудай-ақ жырлады. Осындай прессингтерге төтеп беру де оңай емес еді. Алайда үкімет шыдап бақты. Ақырында Б.Обаманың ұсынысы жеңіске жеткенде сол БАҚ-тар президенттің өз позициясын берік ұстағанын, ешқандай қоқан-лоққыға көнбей, қитұрқы қысымға төтеп бере алғанын мақтап, шаттана жазып жатыр... Билік «ұстараның жүзіндей» лыпылдаған жайда болады деген сол, әне. Бір жағына аунасаң болды, қиып түсіреді. Әлеуметтік сауалдамалар да қазір елдің республикалық партиядан аунап түсіп, Барак Обаманың жағына құлап жатқанын көрсетуде. Президенттің өз партиясы ішіндегі позициясы да нығая түсті. Міне, мұндай тартыстар да капиталистік қоғамнан ешқашан қалмайтын, үнемі қосарланып жүретін жағдайлар. Оның қырсығы халықтың, мемлекеттің мүддесіне қарсы келіп жатса да оны дер кезінде тоқтата қою оңай емес. Мүмкін осындайлар да қажет шығар, тартыс пен таластан ығысқан үкімет еш қалғымай, әрқашанда сергек болады емес пе? Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».Доллардың бүгінгі бағамы белгілі болды
Қаржы • Бүгін, 11:18
Президент 2024-2026 жылдарға арналған бюджетке түзету енгізді
Президент • Бүгін, 10:45
Түркістан облысында 10 жыл бойы іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 09:23
Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16