Қоғам • 01 Қараша, 2021

Зейнетақы жүйесі белсенді цифрланып жатыр

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қағаз құжаттардың дәурені өтіп барады. Бұл – заңды да. Біріншіден, жаһандық цифрландыру үрдісіне дер уақытында қосылған абзал. Екіншіден, мемлекеттік қызметті электронды фор­матта алу азаматтардың уақытын үнемдейді. Жүйкесін де. 2020 жылы онлайн форматқа көшірілген қызметтер саны 83 пайызға өсіпті. Цифрлық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір қызметтердің 90 пайызын үйден шықпай-ақ алуға болады.

Зейнетақы жүйесі белсенді цифрланып жатыр

Ranking порталының жазуынша, мем­лекеттік құрылымда ең белсенді цифр­ландырылған жүйе – бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорының қызметтері. Қазір қор қыз­метінің 90 пайызын онлайн түрде тұты­нуға болады.

«COVID-19 пандемиясына байланыс­ты туындаған қиын жағдай және зейнет­ақы жүйесінің қатысушылар базасының кеңеюі жылдан-жылға БЖЗҚ қызметтерін автоматтандыру өзектілігін арттыра түсті. 1 қа­зан­дағы жағдай бойынша салымшылар­дың индивидуалды зейнетақы шоттары­ның (ИЗШ) саны 11,5 млн-ға жетті. Былтыр­ғы көрсеткіштен 0,5 пайызға көп. Жалпы, соңғы бес жылда ИЗШ саны 16,4 пайызға көбей­ген. Биыл көрсеткіштің өсуі салымның барлық түрі бойынша байқалып отыр. Әсіресе, ерік­ті зейнетақы жарнасы сегментіндегі өсім жоғары (+25,9 пайыз). Одан кейінгі орындарда кәсіби зейнетақы жарнасы (+5,2 па­йыз) мен міндетті зейнетақы жарнасы (+0,2 пайыз) орналасқан» деп жазады Ranking.

Пандемия қиындықтарына қарамастан қор биыл 9 айда өз салымшыларына 30,3 млн қызмет көрсетіпті. Бұл – былтырмен са­лыстырғанда 45,8 пайызға жоғары көр­сеткіш. Соның ішінде 22,2 млн (73,2 пайыз) қызмет онлайн форматта ұсынылған. 2020 жылмен салыстырғанда онлайн қызметтер танымалдылығы 71,2 пайызға өскен.

Салымшылар сайт және мобильді қо­сым­ша арқылы кез келген уақытта түрлі қыз­меттерді ала алады. Соның ішінде жеке зейнетақы шотының үзінді көшірмесін алу, өз реквизиттеріне өзгеріс пен толықтыру енгізу, жеке зейнетақы шотының бар екені туралы анықтама алу, төлемдер бойынша мәртебесін тексеру сияқты танымал қызметтер бар.

«Сонымен қатар автоматты форматта 5,1 млн қызмет көрсетілді. Оған жеке зейнетақы шотын автоматты түрде ашу да кіреді. Мәселен, егер жеке тұлғада БЖЗҚ-да ашық жеке зейнетақы шоты болмаса онда ол алғашқы жарнаны салғаннан кейін шот автоматты түрде ашылады. 2021 жылдың 26 қазанынан бастап жеке зейнетақы шотын автоматты түрде ашу бойынша заңға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ қорда жекелеген зейнетақы қызметтерін де жеке куәлікті көрсетпей-ақ алуға мүмкіндік бар. Ол үшін еGovMobile мобильді қосым­ша­сында құжаттың цифрлы нұсқасы болса жет­кілікті» деп жазады портал.

Қазіргі кезде Google Play сервисінің «қаржы» категориясында БЖЗҚ мобильді қосымшасы ТОП-10 қатарына кіреді.