20 Ақпан, 2014

Ізденіс ілгері бастырады

248 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
02 053Қызылорда облысына әкім боп тағайындалғанына тура бір ай болғанда Қырымбек Көшербаев ел алдында есеп берді. «Қызметке енді кіріскен адам есепті қалай берер екен?» деген сауалды залдағы әрбір адамның көзінен көргенбіз. Содан кездесу басталды. Қырымбек Елеуұлы өткен жылы атқарылған жұмысқа емес, болашаққа бағдар түзгегенін айтты. «Облыс әкімінің іс-қимыл жоспары» атты құжат қабылдап, 2013 жылы атқаратын жұмыстың барлығын сонда топтастырып, оның мерзімді басылымдарға жарияланатынын жеткізді. Осының бәрі күні кеше ғана болған сияқты еді. Оған да бір жыл өтіпті. Біз бүгін өз мойнымызға алған жауапкершіліктің басым бөлігі орындалды деп сенімді түрде айта аламыз. Қабылданған 175 іс-шараның тек 3-уі ғана белгілі себептерге байланыс­ты дер кезінде орындалған жоқ. Бірақ ол жобаларды қатаң бақылауда ұстап, биыл іске асуына күш саламыз. Ең бас­тысы, ойға алған жоспарымыз орындалмай қалмайды. Іс-қимыл жоспарындағы 12 жоба бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағытындағы 150 іс-шара толығымен атқа­рылды. Бұл өз кезегінде аймақ­тың экономикалық ахуалын жақсартып, бірнеше маңызды әлеуметтік жобаларды іске асы­руға жол ашты. Өңір дамуының негізгі көрсеткіштері бойынша оң өзгерістер байқалады, деді аймақ басшысы. Облыс экономикасы ши­кізатқа тәуелді. Мұнай мен уран өндірісі негізгі табыс көзі болғандықтан, өңір экономикасы халықаралық нарыққа тікелей бағынышты. Өйткені, шикізаттың бағасы тұрақты емес. Біресе аспандап кетеді, енді бірде жер бауырлап қалады. Былайша айтқанда, өз үйіңде қожалық етуге мүмкіндігі жоқ адам сияқтысың ғой. Оның үстіне, Құмкөлдегі кейбір кен орындарында мұнай қорының азайғаны байқалады. Бұл өндірістің қарқын алуына кері әсерін береді. Дегенмен, осындай жағдайдың өзіне қарамастан өнеркәсіп өндірісі 2012 жылмен салыстырғанда біршама артқанын көреміз. Бұл жетістікке өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы қол жеткен. Ал аталған сала алдыңғы жылмен салыстырғанда 19 пайызға артқан. Бір жыл ішінде аймақ экономикасының дамуына 370 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылыпты. 2012 жылмен салыстырғанда инвес­тицияның 40 пайызға өскенін байқауға болады. Облыс бюджеті он екі айда 39 миллиард теңгеге өскен. Ауыл шаруашылығы саласында 360 мың тонна күріш жиналды. Бұл соңғы 20 жылда қол жеткізген ең үлкен көрсеткіш болып отыр. Әлеумет күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары мен коммуналдық төлемдердің бағасын бақылауда ұстап тұрмыз. Бір жыл ішінде облыс­та 100-ге жуық жаңа нысан ашылды. Құрылыс салу көлемі 17 пайызға өсті. Он мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның ішінде 8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды, деді Қырымбек Елеуұлы. Былтыр экономиканы әр­тараптандыру ісі қолға алын­ды. Жаңа өндіріс орындарын салып, әлеуметтің әлеуетін арттыратын салаларға басымдық берілді. Сол бойынша индустриялық-инновациялық бағдарлама шең­берінде аймақта 24 жоба қолға алынды. Бүгінде оның 13-і толық қуатында жұмыс істеп тұр. Облыста шыны, поли­мер құбырларын, цемент, кө­ліктің қосалқы бөлшектерін шығаратын, қызыл мия өң­дей­тін зауыттардың құрылысы бас­тал­мақ. Сонымен қатар, металлургия кластерін дамыту – негізгі бағыт. Күріш өндіру, балық шаруа­шылығын дамыту үшін арнайы консорциумдар құ­рыл­ды. Биыл өңірде тәуел­сіз­дік жылдарындағы рекорд­тық өнім жиналып, күріш шаруашылығымен айналысатын «Абзал және К» толық серік­тес­тігінің директоры Абзал Ера­лиевтің Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуы сөзіміздің дәлелі. Елді мекендерге таза ауызсу тарту, газдандыру мәсе­ле­лері де өз дәрежесінде жүріп жатыр. Бүгінде аймақтағы тұрғын­дардың 94 пайызы таза ауызсу ішіп отыр. «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырынан Қызылорда қаласына дейін 23 шақырымнан асатын жоғарғы қысымды газ құбыры салынды. Екінші резервті көгілдір отын желісі тартылды. Бұл облыс орталығын газбен үздіксіз қам­тамасыз етуге мүмкіндік берді. Алдағы уақытта Сыр­дарияның сол жағалауына жаңа қала түседі. Астанаға қарап бой түзейтін қала Сырдың қос қапталын жайлап жатпақ. Осы мәселеге келгенде әкім сөзі өте әсерлі шықты. «Сөзімізді Махамбеттің ізімен жалғасақ, біздің қазіргі арманымыз былай өрілер еді: Бойына Сырдың бос жатқан, Қала салсақ деп едік. Көрші-көлем, дос тапқан, Ел қондырсақ деп едік. Бұйыртса, оған жетер күн де алыс емес». Есепті кездесу соңында тұр­ғындар әкімге өздерін маза­лаған сауалдарды қойып, лайықты жау­абын алды. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.