ANTIKOR • 01 Қараша, 2021

АШМ құрылымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа 30-дан астам адам күдікті - Антикор

310 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлімшелері мен ұйымдарында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен 30-дан астам адам ұсталды. Бұл туралы брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының көмекшісі Шыңғыс Алекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

АШМ құрылымдарындағы сыбайлас жемқорлыққа 30-дан астам адам күдікті - Антикор

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынысты бөлімшелері мен ұйымдары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің қатарынан қылмыстық топтардың қызметінің жолын кесті», деді Алекешев.

Оның айтуынша, олар субсидиялау үшін бөлінген бюджет қаражатын ұрлаумен айналысқан, сондай-ақ кәсіпкерлерден жүйелі пара мен заңсыз сыйақы алудың сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырған.

«Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде, заттай дәлелдемелер алынды, 30-дан астам адам анықталды, олардың көпшілігі қазірдің өзінде қылмыстарын мойындады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», деді көмекші.

Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.

Барлық қылмыстар ауыл шаруашылығы үшін субсидия ұрлаумен байланысты екені атап өтілді.