Аймақтар • 01 Қараша, 2021

«Малшылардың маршалына» құрмет

437 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл атақты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келген тұлға мерейтойы Жамбыл өңірінде лайықты деңгейде аталып өтті. Әуелі Тараз қаласында даңқты шопан бейнеленген мемориалдық тақта мен «Ауыл шаруашылығы» сквері ашылды. Оның ашылу салтанатына еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, ардагерлер, сондай-ақ  Жазылбек Қуанышбаевтың ұрпақтары қатысты.

«Малшылардың маршалына» құрмет

Еңбек Ерінің құрметіне ашылған сквер «Таразға тарту» жобасы аясында об­­лыс­тағы ауыл шаруа­шылығы және ветери­­нария саласы өкіл­­дері­нің қолдауымен абат­тан­дырылған. Сонымен қатар облыс әкімінің бастамасымен Жазылбек Қуанышбаев атына көше беріліп отыр. Жиында сөз алған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Са­парбаев жаңадан ашыл­ған сквердің қала тұрғын­дары­ның сүйікті демалыс орын­дарының бірі болатынына сенетінін жеткізді. «Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері жоғары атағына ие болған Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев есімдері – жас ұрпақ үшін аянбай еңбек етудің, еңбексүйгіштік пен шынайы патриотизмнің жар­қын үлгісі. Олардың есімдері тек Қазақ­станда ғана емес, бүкіл пост­кеңестік кеңістікте бел­гілі. КСРО-ның екі мәрте Социа­листік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, биыл дала акаде­мигі­нің есімі мен мұраларын насихаттау бойынша жұ­мыстар жүргізілуде. Ол қара­­көл қойының тұқымын сұ­рыптауға және жақсартуға үлкен үлес қосты. Ол өсірген қаракөл қойы шетелдерде жоғары бағаланды. Жазылбек Қуанышбаев еңбекке деген қабілеті мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің арқасында биік белестерді бағындырды. Ол өзінің тәжірибесін жас шопандармен бөлісіп, балаларды жастайынан еңбекке баулыды. Бүгінгі таңда оның жұмыс тәжірибесін тарату, жас ұрпаққа еңбектегі ерліктері туралы насихаттау – аса маңызды», деді әкім.

Ал Ауыл шаруашылығы министрі Ер­бол Қарашөкеев жи­налған көп­шілікті құт­тық­тады. «Жазыл­бек Қуаныш­баев қой шаруа­шылығының дамуына, мал басының өсуіне өлшеусіз үлес қосып, әр жүз саулықтан 130-140 қозыдан алған. Оның қажырлы ең­бегінің арқасында сонау құм­ды өлкеде Қазақстандағы қой шаруашылығының негізгі базасы құрылды. Сол кезде Жазылбек Қуанышбаевтың есімі Одақ аумағында ғана емес, бүкіл әлемге тарады. Қазақ халқының даңқ­ты пер­зентінің мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келіп отыр», деді министр.

Мойынқұм аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Болат Сатыбалдиев Жазыл­бек Қуанышбаев туралы естеліктерімен бөлісті. «Жаз-ата бейнеленген барельеф пен саябақтың ашылуы біздің кездің нағыз батырын еске түсіреді. Бұл Жаз-атаға ғана емес, ауыл шаруашылығы сала­сының барлық арда­гері­не, қарапайым шаруа­ларға да көрсетілген құрмет деп білемін», деді ол өз сөзінде.

Бұдан кейін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік уни­вер­ситетінде ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығына жә­не екі мәрте Социалистік Ең­бек Ері Жазылбек Қуа­ныш­­баевтың 125 жылды­ғына арналған бірінші республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конференция өтті. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы шең­берінде «Республикалық мал өсіру­шілер слеті-2021» шара­сы аясында өткен конфе­рен­цияға облыс әкімі Берді­бек Сапарбаев, Ауыл ша­руа­шы­лығы министрі Ербол Қара­­шөкеев және Шым­кент қаласының, Алматы, Қызылорда, Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен аталған жоғары оқу орнының профессор-оқы­ту­шылар құрамы қатыс­ты. Конференцияның ашылуында Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын қатысушыларға оқып берді. Президент хатында Жазылбек Қуанышбаев – елі­міздің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қос­қан даңқты шопан екен­дігі, көп жылғы ерен еңбегінің арқасында аса танымал тұл­ғаға айналғандығы айтылған. Сонымен қатар Тараз қала­сында даңқты тұлғаға лайық­­ты құрмет көрсетіліп, ба­рын­ша дәріптеліп жат­қанын құп­тарлық қадам деп баға­лап, мұндай іс-шара­лар әсіресе жас буынды ата­кә­сіпке адал болуға үндеп, өнімді еңбек етуге жігерлен­діре­тіндігін атап өткен. Өз сөзінде Берді­бек Сапарбаев «Еңбек ер атан­дырады» деген нақыл сөздің «Дала академигі», «Малшы­лар­дың маршалы» атанған Жа­зыл­бек Қуанышбаевқа арнап айтылғандай екенін жеткізді. «Ол жарты ғасырдай адал еңбегімен шалғайда жатқан ауданның атын ас­пандатып, мерейін көтерді. Оның даңқы кешегі Одақ көлеміне дейін белгілі болып, облыстың ғана емес, барша қазақстандық­тың мақтанышына айналды. Қырқыншы жылдардың басында қаракөл қойын өсіру қолға алынғанда, Жазылбек Қуанышбаев онымен алғаш айналысқандардың бірі еді. Аға шопанның, әсіресе, соғыс кезіндегі еңбегі елге ерекше үлгі болды», деді облыс әкімі. Сонымен қатар қазір­гі таңда облыста қаракөл қой шаруашылығын дамыту мақсатында 3 қаракөл қой шаруашылығына бе­йім­дел­ген қожалық ұйымдас­тырылғанын, осы саладағы жетекші ғалымдармен бірге қойды қолдан ұрықтандыру технологиясы пайдаланылуда екенін жеткізді. Өңірдегі мал саны 4,0 миллион басты құрап, 4,5 пайызға артқан. Ұсақ мал басы 3,7 пайызға өсіп, 3 435,5 мыңға жеткен. Биыл қаржы институт­тары арқылы «Сыбаға» бағ­дарламасы бойынша 1 271,0 миллион теңгеге 29,7 мың бас қой сатып алынған. Жамбыл облысында 2014-2020 жылдар аралығында «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 210,0 мың бас қой сатып алынса, соңғы бес жылда 3,9 мың тонна қой еті экспортталған.

Өз сөзінде Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздің агроөнер­кәсіп кеше­нінде қа­лып­тасқан жақсы негіз және көп­жылдық тәжі­рибенің нәтижесінде коро­навирус пандемиясына байланысты дағдарысқа қара­мастан салада тұрақ­ты жағдай сақ­та­лып отырғандығын атап өтті.

Конференция барысында «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының пре­зиденті Жигули Дай­ра­баев, Ұлттық Ғылым ака­демиясының коррес­пондент-мүшесі Әбдірахман Ом­баев және Атырау облысы­нан кел­ген кәсіпкер Назерке Кусесова да өз ұсыныс-пі­кір­­лерін білдірді. Мәселен, Жи­­гули Дайрабаев қазіргі заман­да көпшілік қой бағудың қиын­дағанын, тіпті тиімсіз болып қалғанын алға тартатынын, өнімнің өзіндік құны төмен болуы үшін жайылым жерлерді барынша тиімді пайдалану қажеттігін айтса, Әбдірахман Омбаев бұл конференция атақты шопанның тәжірибесін насихаттап, таратуға, сол арқылы қой ша­руа­шылығын дамытуға ықпал етуде маңызы зор болатынын жет­кізді. Әулиеата өңіріне кел­ген қонақтар ай­мақ­тағы оң өзгерістерді, шара­ның ұйым­дастырылуын жо­ғары баға­лап, облыс бас­шы­лығына алғыс білдірді. Кон­ференция барысында «Жал­пақ жұрттың Жаз-атасы» кітабының тұ­сауы кесілді.

Мерейтой аясын­да Жамбыл облысында Қазақ­­стан мал­шыларының алғаш­қы рес­публикалық слеті ұйым­дас­тырылды. Осы орайда, Т.Рысқұлов ауданын­да асыл тұқымды ауыл шаруа­шы­лығы жануарлары мен ауыл шаруашылығы тех­ни­­ка­сының көрмесі өтті. Көр­меге арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапар­баев Жазылбек Қуаныш­б­аев есімінің мәңгі ұмытыл­май­тынын айтса, министр Ербол Қарашөкеев мал шаруа­шы­лығы саласы қызмет­кер­лерінің мәртебесін арттыру мақсатында кешенді шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Басқосу барысында мал шаруашылығын, агро­өнеркәсіп кешенін дамыту­дың кең ауқымды мәселелері, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жобасын іске асыру тетіктері талқыланды. Сондай-ақ спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Көрме барысында түрлі аталым бойынша жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды. Сала ардагерлеріне Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің «Еңбек арда­гері» және «Ауыл ша­руашы­лығы саласының үздігі» төс­белгілері табыс етілді. «Үз­дік шопан» аталымының же­ңімпазы, Т.Рысқұлов ауданы­ның тұрғыны Сейітбек Дүй­сенов мұндай деңгейде мал­шы­лардың слеті алғаш рет өтіп отырғанын айтты. Ал Берді­бек Сапарбаев шаруа қожа­лығының озат шопаны мен жыл­қышысына 15 миллион тең­генің сертификатын та­быс етті. Бұл қаржы олар­дың отбасы үшін тұрғын үй салуға жұмсалатын болады. Сондай-ақ облыс әкімі «Жылы бұлақ Меркі» шаруа қожалығының шопанына «Lada Vesta» автокөлігінің кілтін табыстады.