20 Ақпан, 2014

«Ерекше жыл оқиғасы болары сөзсіз»

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында мемлекеттің мәдени өмірінде орасан мәнді оқиға болды – қазақ фольклорының 100 томдығын жарыққа шы­ғару аяқталды. Осыған орай Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл бастаған бір топ халық қалаулылары Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына депутаттық сауал жолдаған еді. «Мұндай басылым әлем мә­дениетінің тарихында бұрын-соңды болған емес. Дүние дидарында фольклоры жүз томды құрайтын басқа ұлт бар болса, бар да шығар, бірақ фольклорын жүз томға жинап, бастырып шығарған әлемдегі жалғыз ұлт – қазақ екені анық. Бұл – әлем­дік мәні бар оқиға, ұлт ретін­де мақтаныш ететін рухани же­тіс­тігіміз», деп жазған депутаттар осы оқиғаға тиісінше мән берілуі, Үкімет деңгейінде көңіл бөлінуі, елдің ішінде де, сыртында да лайықты насихатталуы қажет деп санайтынын жеткізген. Жақында ол сауалға жауап қайтарылды. «Халқымыздың сан ғасырлық ауыз әдебиеті жинағының тұ­сау­кесерін халықаралық дең­­гейде ­өткізу қазақстандық жә­не шетелдік ғалымдар мен әде­биет­танушылар үшін ерекше жыл оқи­ғасы болары сөзсіз», деген Се­рік Нығметұлы шараның маңыз­дылығын ескере отырып, «Ба­балар сөзі» жинағының тұсау­кесерін Майндағы Франк­фурт қаласында 2014 жыл­дың қазан айында өтетін жыл сай­ынғы халықаралық кітап жәр­мең­ке­сінде өткізуді тиісті мемле­кеттік органдарға тапсырғанын айтады, сонымен қатар, Білім және ғы­лым министрлігі «Мәдени мұ­ра» бағдарламасы бағытында әлемдік деңгейдегі басылымдарда ғылыми мақалаларды  жариялау жұмыстарын жүргізуде және осы 100 томдық жинақ жөнінде де материалдарды жарыққа шы­ғаруды жоспарлауда деп хабар­лайды. Қысқасы, Үкімет бас­шы­сының «Егемен Қазақстан» га­зетінің бетінде 16 қаңтарда жа­рия­ланған депутаттық сауалға жауа­бы мәдениетке нақты қам­қор­лықтың келісті көрінісі деуге, «Бәрекелді!» деп қуана құптауға  лайықты. «Егемен-ақпарат».