Өнер • 01 Қараша, 2021

Алматыны тербеген «Аққу көлі»

439 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жазылғанына жүз жылдан асса да, кезеңдерге құрдас болып, уақытпен бірге түлеп, балет деген атаудың бір баламасына айналып кеткен атақты «Аққу көлі» екі күн бойы Алматы жұртына естен кетпес кеш сыйлады. Операның отаны Италия болса, балеттің өніп, өркен жайған құтты мекені – Ресей, бекзат өнерді бүкіл әлемге мойындатқан Мәскеудің Үлкен театрының қос бірдей белгілі бишісінің орындауында аққулар тағдырын тамашалау – адам өмірінде де, мәдениетте де күнде бола бермейтін сирек сәттердің бірі.

Алматыны тербеген «Аққу көлі»

Әлемдегі ең әйгілі балет, клас­сикалық биік өнердің символы, сірә, осы «Аққу көлі» болар. Ба­лет­тен бейхабар адамның өзі бұл өнермен «Аққу көлі» арқылы танысып, бір көрудің мүмкіндігі туса, мәңгіге бірге маталғанын сезбей де қалады.

Спектакль билетінің құны – 25 000 мен 45 000 теңге арасын­да, бірақ биік өнердің бағасы билет құнымен өлшенбейді, «балкон­нан бір көзіммен сығалап тұ­рып көрсем де жетіп жатыр» деп, қазанның қара суығында би­летті үстеме бағасына да таба алмай сеңдей соғылысып жүрген адамның қарасы тіпті көп. Артта қалып бара жатқан ауыр жылды Үлкен театрдағы балеттің жар­қын әрі қайталанбас жұлдыздары­ның өнерін тамашалап сейілткісі келгендей, шын өнердің бағасын білгендер мұндай сәулелі мүм­кіндіктен қапы қалғысы жоқ.

«Аққу көлі» спектаклі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік ака­­демиялық Опера және балет теат­рында дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Ballet Globe халық­аралық фестивалінің аясында қо­йылды. Биылғы Ballet Globe IV халықаралық би фестивалі балеттің аңызға айналған, қай­таланбайтын ең көрнекті тұлға­сы Майя Плисецкаяға арналды. Фестивальдың басты мақсаты – көпшілікті биік классикадан бас­тап заманауи хореографиялық өнердің бірегей көріністеріне де­йінгі балеттің қыры мен сыры көп ғажайып әлемімен таныстыру.

Орыс балетінің мақтанышы­на айналған Майя Плисецкая­ның құрметіне өтетін фестиваль­дың «Аққу көлімен» ашылуы­ның ­зор маңызы бар, себебі бұл ­спек­­такльдегі Одеттаның образы Пли­сецкаяның әлемдік ба­лет олим­пін бағындыруына жол аш­қан, оның атын тарихта қалды­рып, прима-патшайымға айналдыр­­ған нағыз тағдыр тартуы болатын. «Аққу көлінде» дәл Плисецкая­дай ұзақ ойнаған актриса некен-саяқ, Үлкен театрдың сахнасында Одеттаның рөлін үздіксіз отыз жыл ойнаған.

«Аққу көлі» – классиканың эта­лоны, ал бұл спектакльден бас­ты рөл бұйыру – алдағы атақ пен келешек жетістіктің бұлжымас кепілі. Петр Чайковскийді ұлы ком­позитор даңқына бөлеген, орыс классикалық өнерінің ­жау­­­һары саналатын өлмес туын­ды­­да бағын сынап байқағысы кел­­­ген­дер көп болғанымен, бә­­ріне бір­дей жалынан сипата бер­­ме­ген. Сондықтан болар, Ал­ма­ты­ға арнайы шақырылған Одет­та рө­ліндегі Үлкен театрдың же­тек­ші солисі Алена Ковалева мен Зигфрид ханзаданың рөлінен кө­рін­ген Денис Родькин ғашық­тар бей­не­сінде кедергі мен сынақ­қа құ­рыл­ған махаббат тарихын тар­қа­тып беру үшін бүкіл талантын жар­қырата көрсетуге жанын салды.

Абай атындағы Опера және балет театрының ауқымды сах­насы бұл күні айрықша безен­дірілді. Ханшайымның сарайы алдындағы бақ ертегі әлеміне ұқ­сас. Көгалда жастар көңіл кө­­теріп отыр. Ханшайым ұлы Зиг­фридке ертеңгі балда мерекеге шақырылған қыздардың ара­сынан қалыңдық таңдау керек деп хабарлайды. Зигфрид жү­регінің кімді қалайтынын біл­мейді, бірақ анасының әмір бергенін құптамайды. Зигфрид серілік құрған еркін өмірімен қоштасқысы келмейді, бірақ өзі ұнататын қиялдағы бейнені жүрегінде әлдилегеннен жаны рахат табады. Бірақ ол ару кім, қайда жүр? Зигфрид ұшып бара жатқан аққуларды қызықтап тұ­рып, соңынан ілескенін сезбей де қалады. Аққулар Зигфридті қа­лың орманға, қараңғы көлдің жа­ғасына, қаңырап қалған сарай­дың қирап қалған орнына әкеледі. Зигфридтің назары әппақ әдемі аққуға түседі, аққу кенет қызға айналып сала береді...

Осының бәрін түсіну үшін ба­лет білгірі болу шарт емес. Бірін­ші актіде бас баға қарап, бағдар алып, екінші актіден бастап осы оқиғаның бәрі тілсіз, бір ауыз сөзсіз, сұлу дене, саусақ және аяқ қимылы арқылы өз-өзінен түсі­нікті бола бастайды. Аспаннан түс­кен періштедей ақ көйлекті нәзік жаратылыстың мойнын бұрғаны да, саусағын созғаны да, аяғының ұшымен айналғаны да ағыл-тегіл «сөз». Осыншама әсем қимыл­дың, салтанат құрған сұлулықтың жанында сөздің өзі қадірсіз бе деп қаласың, сөз түгілі мүлгіген тыныштықта тыныс алудың өзі қорқынышты, ғажайып сәттің тас-талқаны шығардай, үлпілдеген үркек аққуларға аялап қарасаң ғана оның мұңын түсінесің.

Зигфридтің отызға жуық қа­лың аққудың ішінен Одеттасын ізде­ген сәті өте әсерлі. Одеттаның да жас жігітке деген сезімі бірден тұтанып сала берді. Қыз Зигфрид­ке өзін және құрбыларын қыспақ­қа салған арбаудың құпиясын аша­­ды: зұлым сиқыршы Ротбарт олар­ды аққуға айналдырған, тек түн­де ғана осы қираған жерде олар адам кей­піне ене алады екен. Аққу-қыз­дың қайғылы әңгімесіне көңілі ел­жіреген Зигфрид сиқыршы­ны өл­тіруге дайын. Одетта арбау­дан құтылудың мүмкін емес екенін айтып, мұңаяды. Ешқа­шан ешкімге ғашық болып көр­меген жас жігіттің жүрегіне бүр жарғызып, сезімін оятқан Одет­таны зұлымның арбауынан адал махаббат қана құтқармақ. Аққу-аруды ессіз сүйген Зигфрид оған мәңгі адал болатынын айтып, ант береді.

Одетта мен Зигфридтің әңгі­ме­сін қираған сарайда тұратын зұ­лым естіп қояды. Таң атады. Қыз­дар қайтадан аққуға айналады. Зигфрид өз сезімінің күші­не сенімді, ол Одеттаны сиқыршы­ның билігінен босатады.

Бұл шығарма ғасырдан ас­там уақыт бойы махаббат пен адал­дықтың бәрін де жеңетінін, зұлымдық пен қатыгездік те оның алдында әлсіз екенін жырлап ке­леді. Алматылық көрерменнің пат­ша сарайының бағында отыр­ғандай жып-жылы күй кеш­кен бұл кеші көпке дейін ұмы­тыл­майтыны анық. Төрткүл дүниенің жұртына түгел таныс төрт биші аяқтары мен қолдарын айқастыра билейтін «Кішкентай аққулар биі» – спектакльдің қолқа-жүрегі іспетті, Чайковскийдің шедеврі шеберлікпен орындалатын шағын би миниатюрасына көрермен де ықыластана қол соғып, бір сер­пі­ліп қалатыны осы тұс. Сахна­ның түбіндегі «шұңқыр» ішінде Нұр­­жан Байбосыновтың дирижерлі­гін­­дегі оркестрдің құйқылжыған музы­касына ілесіп, күрделі элемент­тері көп балет қойылымында үш сағатқа жуық аяқтың ұшымен билеген, билеп қана қоймай, әрбір қимылды бірдей етіп бірге жасаған әртістердің синхронды өнері мен келіскен сыр-сымбаты, көздің жа­уын алатын костюмдер мен ма­лынған декорация тек «бравоға» ғана лайық. Ауада қалықтай ұшып, еппен ғана қонатын қауырсын сияқ­ты жеп-жеңіл нәзік қимыл­мен аққулар айдынында еркін жүзген, үзілгелі тұрған қылдай белін қос қолымен таянып алып, сахнаны айнала жиырмадан аса фуэте жасаған А.Ковалеваның өнері – шеберліктің шын үлгісі. Бұл хореографиялық оқиғадағы сайқымазақ та көңіл төрінен орын алатын кейіпкер – би техника­сын биік деңгейде меңгерген оның партиясы қаншалықты күрделі болса, соншалық қызық, жанары от шашып, кең адыммен үзіліссіз-үздіксіз аспанға қарғыған сәттер үшін бұл өнер бас иіп, бағалауға тұрарлық.

Ballet Globe халықаралық би фес­тивалі «Кармен-Сюита» және «Шел­кунчик» спектакльдерімен жел­тоқсанның соңына дейін жал­ға­сады. Фестивальдың ұйым­дас­тыру­шысы әрі бас продюсері Ерлан Ан­дағұловтың айтуынша, Жаңа жыл қар­саңындағы «Шелкунчик» қойы­лымына әлемнің ең танымал ба­лет жұлдыздары шақырылып отыр.