Медицина • 02 Қараша, 2021

«Аңсаған сәбидің» тұңғышы

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында тұңғыш нәресте дүниеге келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

«Аңсаған сәбидің» тұңғышы

Министрдің айтуынша, «Аң­са­ған сәби» бағдарламасы бо­йынша сәтті жасалған экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ)  нәтижесінде 15 қазан­да ал­ғашқы нәрестенің кіндігі ке­сіл­ді. Осылайша, Қазақ­стан­ның репродуктивті медицина қауым­дас­тығы елімізде ЭКҰ ар­қылы дү­ниеге келген бала­лар­дың саны 25 мыңға жеткенін мәлімдеді.

Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылында тұратын Дана тоғыз жылдан бері бала сүйе алмай, Репродуктивті медицина институтына жүгінген. Ол «Жас-Ай» медицина орталығында аға медбике болып жұмыс істейді. Ал күйеуі Қуандықтың мамандығы – электрик. Жұбайлар ұзақ уақыт бойы қаржылық жағдайына байланысты ЭКҰ жасата алмай келген екен.

Ерлі-зайыптыларға «Аңсаған сәби бағдарламасының квотасы бойынша ЭКҰ көмегімен жүктілікті жоспарлау ұсынылды. Осылайша, әйел адам дәрігер Аяулым Косетованың қарауында бол­ған. Алғашқы талпыныстан кейін-ақ бойына бала біткен Дана қазанның ортасында №1 қалалық перзентханада босанды. Жарық дүние есігін аш­қан нәрестенің салмағы – 3,156 кг және бойы – 52 см. Ал аң­са­ған сә­бидің есімі Арман деп қо­йыл­ды.

Осы орайда Президент был­тырғы Жолдауында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырып, ЭКҰ бағдарламалары бойынша бөлі­нетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе ұлғайғанын атап өткен жөн. Бұл ретте осыған дейін ЭКҰ-ға жыл сайын 900-1000 кво­та бөлініп келгенін атап өткен жөн. Жалпы, ЭКҰ процесі 2010 жыл­дан бері тегін медициналық кө­мектің кепілдік берілген көле­мі­не қосылған.

Бүгінгі таңда «Аңсаған сәби» бағ­дар­ламасын сәтті жүзеге асы­ру мақсатында бала көте­ру­ге қа­білетті жастағы әйел­дер мен ерлердің санын, бұған қа­­тыс­ты облыстар мен қала­лар­­дағы жағдайды ескере отырып, ЭКҰ-ның 7 мың квотасын бөлу жүргізілді. Республикалық электронды денсаулық сақтау орта­лығы ұсынған ақпарат бо­йын­ша биыл 15 қыркүйекте 5 980 (85%) пациент ҚРТ бағ­дар­ла­маларын жүргізуге жолдама алды, оның ішінде 4 345 пациентке ЭКҰ жасалды, сондай-ақ 1 361 процесс басталды.