Аймақтар • 02 Қараша, 2021

Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың

565 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанайда «Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың!» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Екі күн бойы елді елеңдетіп, Тобыл өңірі тұрғындарын тұмса өнердің тұнығына сусындатқан айтулы жыр сайысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.

Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың

Аламан айтыстың Nur Otan партия­сының қолдауымен және облыстық мәде­ниет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовтың тікелей ұйымдастыруымен өткенін айта кету керек. Nur Otan партия­сы облыстық филиалының араласуымен қомақты жүлде қоры жиналып, бас бәйгеге Қостанай автозауытынан шыққан су жаңа жеңіл көлік тігілді.

Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қай­­раткері Жүрсін Ерман жүргізіп отырды.

– Бүгін қазылар алқасының мүшелері, жан-жақтан келген ақындар аяулы бабамыз Ыбекеңнің зиратына барып зиярат етіп, ескерткішіне басымызды иіп, гүл шоғын қойдық. Өйткені қазақта Ыбы­райдың орны қашанда бөлек. Бұл – бүкіл оқу-ағарту жүйесінің басында тұрған адам. Біздің бәріміз Ыбекеңнің мектебінен шыққан шәкірттерміз. Қостанай облысы – Қазақстанның экономикасын тіреп тұрған қара шаңырақтардың бірі. Биыл біраз қиыншылықтар болып жатыр, астық аз болып қалды. Десек те облыстың экономикалық өрлеуі көз қуантады. Осы өңірде Қостанайдың өзінде ашылған ірі өндіріс ошақтары елі­міздегі жаңа талпыныстардың, ізде­ністердің, заманауи экономика жүргізуге бағытталған жұмыстардың көрінісі. Біздің ақындарымыз бүгін сол әріден тартып, Ыбекеңнен бастап, Қостанайдың бүгінгі келбеті мен осы жерде туған ұлт мақтаныштарының бейнесін сөзбен сомдап, тәуелсіздік жемістерін жырға қосады ғой деп үміттенеміз. Енді сөзді созбақтамай алдарыңызға келіп тұрған ақындарды көрсетейік, – деген Жүрсін ағамыз жұртты көп күттірмей алғашқы айналымда өнер көрсететін жеті жұппен таныстырып өтті.

Аузымен құс тістеген небір дүлдүлдер қатысқан дүбірлі бәйгеде қостанайлық Салтанат Өтелбаева, Тоба Өтепбаев, Ай­­бар Рағатовтар, Арқалықтан келген Ба­тыр­лан Сағынтаев, қызылжарлық Жар­қын Жұ­пархан, керекулік Аспанбек Шұ­ғатаев, қызылордалық Мейірбек Сұл­­­танхан, Түр­кістаннан Қалижан Біл­дәшев, Оралдан Жансая Мусина, Алма­тыдан «Алтын дом­­быра» иегері Рүстем Қайыртайұлы мен Шұғайып Сезімхан, қарағандылық Ті­леген Әділов сынды ақындар бақ сынасты.

Сахнаға бірінші болып Түркістаннан келген Қалижан Білдәшев пен Жайықтың Жансаясы шықты.

– Ассалаумағалейкүм, армысыздар,

Сар даланың төсінде сайран салып,

Сары бидайын қамбада сапырған ел.

Өнімдерін шетелге экспорттап,

Мемлекетті байлыққа батырған ел.

Қамбасы қазыналы Қостанайым,

Қазақтың етіп тұрған атын дәлел.

Бір уыс бидайына біраз елдің,

Екі қолын жайдырып отырған ел! –

деп алдымен дәнді өлкенің даңқын өлең­мен өрген Қалижан ақын қарсыласын кеңес кезеңінен келе жатқан ескі ком­байнға теңеді. Жансая да қалыспады, көне комбайн болып сөйлеп: «...Әзірге пробегім нөл болып тұр, кеңестің көзін көрген жылымыз бар. Өзім де шаршап кеттім, шаруа­ны қылатын болсаңыздар, қылыңыздар, гаражда тұрып-тұрып әйт­­песе, тот басып шіріп кетер түріміз бар», деп ұтымды жауап қатып көрермен қо­шеметіне ие болды. Әйтсе де, қос ақын қыз бен жігіт ай­тысының жақсы үлгісін көрсетіп, тартысты өнер көрсеткенімен, тақырыпқа дендеп бойлай алмады.

Шымкенттік Нұрлан Есенқұлов пен қостанайлық Салтанат Өтелбаеваның тартысы да тартымды шықты. Айтысты синкретті өнер десек, Нұрланның ақын­дық, әншілік, ділмәр-шешендік қыры толысқан нағыз айтыскер екені айқын көрініс тапты. Ұлттық ғылым мен өнердің бастауында тұрған Тобыл топырағының ұлы перзенттерін дәріптеп жырына арқау еткен ақынның:

– Қостанай, тұңғыштардың қағанысың,

Байдың жалғыз ұлындай бағалысың.

Торғайда мектеп ашқан ең алғашқы,

Мақтан тұтам Ыбырай бабам ісін.

Ең алғаш тіл білімін жүйелеген,

Ахмет алып тұлға қоғам үшін.

Алғашқы ұлт романын жазып берген,

Міржақып тербегенде қалам ұшын

Ең алғашқы авторы балладаның,

Қайнекей сәуле шашқан санаң үшін,

Ең алғашқы журналды басып шыққан,

Ел ырза Мұхаметжан ағам үшін.

Ең алғаш хорды құрған Байқадамов,

Сазбенен сайратқандай дала құсын, –

деген мадағы қостанайлықтардың рухын асқақтатып, залда отырған қалың көрерменнің ду шапалақ болып көтерілген ыстық ықыласына бөленді.

Қазылар алқасының құрамында атақ­ты жыршы Алмас Алматов та отырды.

– Тобыл өңіріндегі бүгінгі мерекеге елімізге белгілі ақындар келді. Ыбырай елінің мерейін асырып, тә­­уел­­сіздігімізді жырға қосты. Бұған дейінгі тарихта белгілі немесе назар­дан тыс қалып келе жатқан үлкен мәсе­лелерді қоз­ғап, айтыстың көрігін қыз­дырды. Қостанай – ұлттың алтын тұғы­рындай болған қасиетті мекен ғой. Ба­тырды да, ақынды да, жырау­ды да, ғалымды да ұшырған ұлттың алтын ұясы. Сондықтан келешекте Тобыл-Тор­ғай өңіріндегі ақындық, жыраулық мек­теп те өрістей түседі деп ойлаймын, – деді әйгілі жырау.

«Қызыл аймақтың» қыспағынан құ­тыла қоймаған жергілікті жұрттың айтысты сағынып қалғаны көрініп тұрды. Мұны қазылар алқасының төрайымы Әсия Беркенова да тілге тиек етіп өтті.

– Пандемия кезінде өнерге сусап қал­ған көпшіліктің бүгін бір үлкен рухани қазынаға кенелгендей әсерде болғаны анық. Ақындар да жақсы өнер көрсетті. Қоғамдағы, білім саласындағы, ұлт­тық тәрбиеге қатысты өзекті мәселелер айтылды. Қостанайдан екі ақынымыз шық­ты. Екеуі де жақсы өнер көрсетіп, сүбелі сөз айта білді, – деді халық ақыны.

Қазылар алқасының шешімімен 3-орынды Салтанат Өтелбаева мен Нұрмат Ман­сұров иеленіп, жүлдегерлердің әр­қайсы 500 мың теңгеден ақшалай сыйлық алды. 2-орын арқалықтық ақпа жырдың шебері Батырлан Сағынтаев пен Сыр сүлейлерінің ізін басып келе жатқан Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Екеуі де 1 млн теңгеден ақшалай сыйлық алды. Ал бірінші орынды жеңіп алған алтын домбыра иегері Рүстем Қайыр­тайұлы 2 млн теңге сыйлыққа ие болды. Айтыстың бас жүлдесі – Қостанайда құрастырылған темір тұл­парды ал­матылық ақын Шұғайып Сезімхан ен­шіледі. Су жаңа Chevrolet Nexia кө­лігінің кілтін жеңімпазға Қос­танай об­лысы әкімнің орынбасары Арман Әбенов табыс етті.

Аламан айтысқа қатысқан ақындардың ешқайсы құр қол қайтқан жоқ. Жүлдеге ілінбеген жүйріктерге облыс әкімдігі Тәті­қара жырау, Ы.Алтынсарин, М.Ду­латов, М.Сералин, Е.Өмірзақов атындағы арнау­лы сыйлықтар табыс етті. Ал Нұр-Сұл­тан­дағы Ы.Алтынсарин атындағы білім ака­демиясының атынан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы Мақсат Ал­пысбес айшықты айтыс көрсеткен түр­кістандық ақын Қалижан Білдәшевке 300 мың теңге көлемінде арнайы сыйлық табыстады.

 

ҚОСТАНАЙ