
Көрмеде Гиннесстің рекордтар кітабына енген «Байсары» атты асыл тұқымды қой тұқымы көпшілік назарына ұсынылды. Еттілігімен ерекшеленетін «Байсары» тұқымды ең үлкен қошқардың салмағы – 231 келі. Халықаралық көрменің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тілеп, алғысын білдірді.
«Облыста асыл тұқымды қой санының үлесі 13 пайызды құрайды немесе 581,4 мың бас. Асыл тұқымды мәртебесі бар 850 бірлік агроқұрылым жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда мал шаруашылығы саласында санға емес сапаға мән беріле бастады. Мал тұқымын асылдандырып, дәстүрлі шаруашылықтан заманауи мал бағу тәсіліне көшкен, қожалықтардың табысы еселеніп, әлеуеті арта түсті», деді облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шара аясында етті-майлы қой тұқымының «Ең ауыр салмақты», «Бой биіктігі», «Сыртқы экстерьер» аталымдары бойынша байқаулар өтті. Нәтижесінде 45 номинацияның жеңімпаздары анықталып, қазылар алқасының шешімімен үздік қошқар иелеріне мотоцикл, теледидар, тоңазытқыш және кубоктар табысталды. Жалпы жүлде қоры – 30 000 АҚШ доллары.