Әдеттегідей Өскемен аспанында ән әуеледі, күй күмбірледі. Қылқалам шеберлері көздің жауын алатындай картиналарын қаз-қатар тізіп, қабырғаға ілді. Әуелде Курчатов қаласын атомшылар мен физиктердің қаласындай елестететінбіз. Сөйтсек, отыз жыл ішінде рухани ортасы қалыптасқан қалаға айналыпты. Күміс көмей әншісі де, дәулескер күйшісі де бар. Қара сөзден өлең өретін ақынжанды жастар да өсіп келеді.
Курчатовтың көрмесіне Тойлас Қинаяттың көркем пейзаждары, Татьяна Кириллованың мөлдіретіп жазған акварель жұмыстары қойылды. Сондай-ақ Елена Дементьева мен Гимингуль Адаканның кестелеген картиналары да көрермен көзінің жауын алды. Жалпы алғанда, курчатовтықтар сексеннен астам жұмыс ұсынған екен.
– Біз жұмыстың аз ғана бөлігін алып келдік. Қазіргі уақытта Курчатовта өнер саласы дамып келеді. Осындай көрмелер жүйелі түрде өткізіліп тұрса, өнерпаздардың шыңдалуына зор мүмкіндік, – дейді Курчатов қаласының №2 орта мектебінің көркем еңбек мұғалімі Әйгерім Төкенова.
«Дала дидары» байқауына жармалықтар тіптен ерекше дайындықпен келіпті. Музейдің кіреберісіне қазақтың ақбас бұқасының мүсінін қойып, көпшілікті таңғалдырды. Неге дегенде, бұл бірегей жануар Жарма ауданының, Шығыс Қазақстанның мал шаруашылығы саласының теңдессіз бренді деседі.
– Қазақтың ақбас сиыры Жарма ауданында өсіріледі. Сондықтан осы мүсін көрменің символындай болсын деп жасадым, – дейді суретші, мүсінші Манат Еркінбеков.
Жалпы, Жарма ауданы фестивальге 50-ден астам экспонат әкелді. Майлы бояумен жазылған картиналардың ішінде Сұлусары ауылының суретшісі Мәди Қайырханның жұмыстарына көпшілік таңданып, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Айта кетерлігі Өнер музейінде өтіп жатқан бұл көрме 14 қарашаға дейін жалғасады. Ал бейнелеу өнері байқауының жеңімпаздарын 23 желтоқсанда «Дала дидары» фестивалінің қорытынды көрмесінің ашылуында анықталады.
Шығыс Қазақстан облысы