Жаңа желілер – Тәуелсіздіктің жемісі
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің пікірінше, отандық темір жол саласының ғасырдан астам тарихы бар. Осы кезеңде темір жол тек ел аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру бағытындағы маңызды мемлекеттік міндеттерді қамтамасыз етті.
– Соңғы жылдары сала айтарлықтай дамыды. 2 мың шақырымнан астам жаңа темір жол учаскелері салынды. Көлік-логистикалық орталықтар жедел қарқынмен бой көтеруде. Отандық және шетелдік жүк жөнелтушілер үшін жаңа тартымды бағыттар құрылуда, – дейді Берік Қамалиев.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері біршама темір жол желілері салынды. Соның ең алғашқысы – «Ақсу – Дегелең» желісі. Құрылысы 1998 жылы басталып, 2001 жылы аяқталған темір жол желісінің ұзындығы 184 шақырым. Ол Павлодар мен Семейді байланыстырып жатыр. Жоба аясында негізгі жолдардан бөлек, төрт жаңа станса, Ертіс-Қарағанды каналы арқылы өтетін жаңа көпір, магистралды пайдалануды қамтамасыз ететін өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар салынды.
Одан кейінгі ірі жобаның бірі – «Хромтау – Алтынсарин» темір жол желісі. 402 шақырымды алып жатқан желі екі жылдың ішінде салынып, пайдалануға берілді (2002-2004 жылдары). Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған жоба шеңберінде 147 су құбыры тартылып, 11 көпір салынды. Жаңа желінің бойында қажетті инфрақұрылымы бар 13 пункт бой көтерді. Осылайша, «Хромтау – Алтынсарин» желісі республиканың батыс, орталық және шығыс өңірлері арасындағы тасымалдау қашықтығын қысқартты. Тиісінше, жолаушылар айналымының ұлғаюына ықпал етті. Жүктер мен жолаушыларды Ресей арқылы тасымалдау қажеттілігі жойылды. Көлік шығындары да айтарлықтай азайды. Шекаралық және кедендік тексеруге кететін уақыт та үнемделді.
2005-2008 жылдар аралығында «Шар – Өскемен» темір жол желісі пайдалануға берілді. 151 шақырымды алып жатқан жаңа желі үшін 164 шақырым негізгі және стансалық темір жол төселді. Жаңадан алты пункт пен 106 жасанды құрылыс салынды. Заманауи дабыл жабдығы орнатылып, бүкіл учаске бойында оптикалық-талшықты байланыс желілері, жоғары вольтты желілер тартылды. Осылайша, шығыс өңірінің бірыңғай темір жол инфрақұрылымы қалыптасты. Бұл магистраль тасымалдау қашықтығын қысқартуға, жүктерді жеткізу мерзімдеріне және отандық өнімнің түпкілікті өзіндік құнына оң әсерін тигізді.
– Жоғарыда көрсетілген желілер елдің темір жол желісін оңтайландыруға және Ресей Федерациясының шекарасын кесіп өтпей-ақ ел өңірлері арасында тасымалдауды жүзеге асыруға жол ашты, – дейді вице-министр.
2012 жылы Қазақстанның батысынан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тікелей маршрутты қамтамасыз ететін «Өзен –Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісі салынды. Оның ұзындығы – 146 шақырым. Желінің құрылысы төрт жылға созылды. Құрылыс кезінде жеті пункт салынып, сигнал беру және байланыс жүйелерінің құрылғылары орнатылды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. 72 жасанды құрылыс пен вокзалдар, 100-ден астам тұрғын және әлеуметтік нысандар бой көтерді. «Болашақ» стансасында шекаралық темір жол инфрақұрылымы құрылып, Түрікменстанмен шекаралық өткел ашылды. Ол қазіргі заман талаптарына жауап беретін барлық қажетті нысандармен, оның ішінде жүктерді уақытша сақтау қоймаларымен және контейнерлік терминалмен қамтылған. Жаңа желі жүк тасымалдау қашықтығын 600 шақырымға қысқарта отырып, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне балама маршрут атанды.
Дәл осы жылы жалпы ұзындығы 293 шақырым болатын «Жетіген – Қорғас» темір жол желісі де пайдалануға берілді. Ол Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа желі Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 шақырымға қысқартуға мүмкіндік берді. 2009-2012 жылдары қолға алынған жоба аясында 30 көпір салынды. Соның бірі – ұзындығы 997 метрлік Іле өзені арқылы өтетін көпір. Сондай-ақ екі жол өтпесі салынған. Бұған қоса 14 жаңа станса мен разъезд ашылды.
2012- 2015 жылдары ұзындығы 214 шақырымдық «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желісі салынды. Ол Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге дейінгі қашықтықты 540 шақырымға қысқартты. Сонымен қатар көмір кен орындарына көліктік қызмет көрсетуге жол ашылды. 214 шақырымдық негізгі жолдар мен 24 шақырымдық стансалық жолдар төселіп, 5 пункт іске қосылған.
«Жезқазған – Бейнеу» темір жол желісі де – тәуелсіздік жемісі. 2012-2016 жылдары салынған жаңа желінің ұзындығы 1 036 шақырымға тең. Аталған магистарль Қытайдан Еуропаға дейінгі қашықтықты 1 200 шақырымға қысқартты.
Құрылысы 2016 жылы аяқталған «Боржақты – Ерсай» темір жол желісінің де маңызы зор. 14 шақырымды құрайтын жаңа желі Құрық портын темір жол магистралімен байланыстырды. Бұл ретте «Боржақты – Ерсай» желісі Иран, Қытай, Ресей, Еуропалық одақ елдері бағытында жүк тасымалдарын ұлғайту, Каспийдегі порттар арқылы батыс бағытта экспорттық әлеуетті арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасады.
2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұзындығы 110 шақырым болатын «Алматы – Шу» учаскесінде екінші жолдар салынды. Бұл желі жүк жеткізу мерзімдерін қысқарту, тиісінше көлік шығыстарын азайту есебінен шетелдік жүк жөнелтушілер үшін қазақстандық бағыттың тартымдылығын арттырды.
Жүк тасымалын үдеткен желі
– Тәуелсіздік жылдары салынған темір жол қатынастары темір жол желісін оңтайландыруға мүмкіндік берді және елдің жүк тасымалына жұмсалатын уақытын қысқартты. Осылайша, жүк жөнелтушілердің көліктік шығындары айтарлықтай үнемделді. Бұл ретте Dosjan temir joly акционерлік қоғамы тартылған «Шар – Өскемен» темір жол учаскесін бөле-жара атап өткен абзал. 2005 жылғы наурызда ел Үкіметінің қаулысы бойынша құрылған қоғам өз функциясын 15 жылдан астам уақыт бойы табысты жүзеге асырып келеді.
Аталған темір жолды салу қажеттілігі туралы посткеңестік кезеңде айтылған. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біздің республика осынау аса маңызды міндетті шешуді қолға алды. Бұл ретте жаңа темір жолдың басты бәсекелестік артықшылықтары ескерілді. Темір жол учаскесінің ашылуы жол жүру кезіндегі технологиялық уақытты едәуір қысқартты. Сонымен қатар Ресей Федерациясымен шекарадан өту кезінде қажет болатын қосымша кедендік және шекаралық рәсімдерді айналып өтіп, жүктерді межелі орындарға жеткізуді жеңілдетті. Осы орайда жүктерді жеткізу мерзімі 12-14 сағатқа дейін қысқарды, дейді Берік Қамалиев.
Осылайша, жаңа темір жол учаскесі Шығыс Қазақстанның ірі темір жол торабын Ресей Федерациясы аумағын айналып өтіп, тікелей қатынайтын «Түрксіб» транзиттік магистралімен байланыстырды. «Шар – Өскемен» темір жолы 2009 жылдан пайдаланыла бастады. 2018 жылдың басынан бастап тұрақты негізде контейнерлік тасымалдар жүзеге асырылуда.
– Учаске бойынша тасымалданатын жүктердің номенклатурасы да әртүрлі. Бірақ жалпы көлемдегі ең үлкен үлесті, әрине, әлеуметтік бағыттағы жүктер алады. Бұл бірінші кезекте көмір, құрылыс материалдары, жанар-жағармай. Соңғы жылдары орташа есеппен алғанда тасымалданатын жүктердің көлемі жылына шамамен 8,5-9,5 млн тоннаны құрайды. Әлемдегі экономикалық жағдайды ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Оны ұлғайтуға алғышарттар бар. Өйткені өңірдің тасымалдарға қажеттілігі тұрақты түрде өсіп келеді. Контейнерлік тасымалдар саны да ұлғаюда. Бүгінде учаске бойынша әртүрлі өндірістік және әлеуметтік мақсаттағы 100 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. «Шар – Өскемен» темір жол учаскесі техникалық жабдықталуы жағынан Қазақстандағы алдыңғы қатарлы темір жол учаскелерінің бірі болып саналады. Мұнда техниканың заманауи жетістіктері енгізілген, – дейді вице-министр.
Темір жол көлігін жасау қарқын алды
Индустрияландыру нәтижесінде елімізде темір жол көлігін жасау кластері құрылғаны белгілі. Бүгінде Қазақстанда локомотивтер, электровоздар, жүк және жолаушылар вагондары, термос вагондар, тұтас таптамалы доңғалақтар, бағыттамалы бұрмалардың бандаждар өндірісі жолға қойылған.
Бұл ретте отандық темір жол тасымалдаушыларының қажеттілігін өтеу үшін бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Мәселен, Локомотив құрастыру зауыты заманауи маневрлік тепловоздарды шығара бастады. Оның өнімі ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған. Жүк және жолаушы электровоздарын шығаратын Электровоз құрастыру зауыты да ішкі және сыртқы нарықтардың сұранысын өтеуде.
«ЗИКСТО» АҚ жүк вагондарын өндірумен әрі жөндеумен айналысады. Компания осы жылдың қаңтар-мамыр аралығында 298 вагон өндірді. Қазақстан вагон компаниясы да жүк вагондарын шығарады. Бұл кәсіпорын қаңтар-мамыр айларында 250 вагон өндірген. «Тұлпар» вагон құрыстыру зауыты жылына жолаушыларға арналған 150 вагон шығаруға қауқарлы.
Сондай-ақ «Проммашкомплект» кәсіпорны жылына 300 мың доңғалақ жұбынан тұратын тұтас таптамалы доңғалақтарды өндіреді. Бұдан бөлек Сool Infinity ЖШС инновациялық изотермиялық вагондарды шығарады. Компания өнімдері негізінен экспортқа бағытталған.
Жоғарыда аталған кәсіпорындардың жоспарына сүйенсек, биыл жемісті жыл болуға тиіс. Бұл ретте төрт зауыттың өнімі (Локомотив құрастыру зауыты, Электровоз құрастыру зауыты, «Проммашкомплект», Cool Infinity ЖШС) ТМД аумағында кеңінен танымал.
Түйіндей келе айтарымыз, темір жол – экономиканың күретамыры. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде 2 566,5 шақырым темір жолдың салынуы – соның дәлелі. Ел Үкіметінің салаға ерекше назар аударуының нәтижесінде қазір Қазақстан темір жолы магистральдық желісінің жалпы ұзындығы 21 шақырымнан асты. Бұл ретте біздің ел темір жолдың ұзындығы жағынан ТМД аумағында үшінші орынға ие.