Экономика • 02 Қараша, 2021

Темір жол – экономиканың күретамыры

1462 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдары қабылданған стратегиялық шешімдердің нәтижесінде Қазақстан өңірлік логистикалық хабқа әрі транзиттік әлеуеті жоғары елге айналды. Ел аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліздің өтуі де көп жайды аңғартса керек. Оның бесеуі – темір жол дәлізі, алтауы – автомобиль дәлізі. Бұл ретте темір жол байланысының маңызы жоғары екені анық.

Темір жол –  экономиканың күретамыры

Жаңа желілер – Тәуелсіздіктің жемісі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиевтің пікірінше, отандық темір жол сала­сының ғасырдан астам тарихы бар. Осы кезеңде темір жол тек ел аумағында ғана емес, одан тыс жерлерде де жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыру бағытындағы маңызды мемлекеттік міндеттерді қамтамасыз етті.

– Соңғы жылдары сала айтарлықтай дамыды. 2 мың шақырымнан астам жаңа темір жол учаскелері салынды. Көлік-логистикалық орталықтар жедел қарқынмен бой көтеруде. Отандық және шетелдік жүк жөнелтушілер үшін жаңа тартымды бағыттар құрылуда, – дейді Берік Қамалиев.Е

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері біршама темір жол желілері салынды. Соның ең алғашқысы – «Ақсу – Дегелең» желісі. Құрылысы 1998 жылы басталып, 2001 жылы аяқталған темір жол желісінің ұзындығы 184 шақырым. Ол Павлодар мен Семейді байланыстырып жатыр. Жоба аясында негізгі жолдардан бөлек, төрт жаңа станса, Ертіс-Қарағанды каналы арқылы өтетін жаңа көпір, магис­тралды пайдалануды қамтамасыз ететін өндірістік және әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар салынды.

Одан кейінгі ірі жобаның бірі – «Хромтау – Алтынсарин» темір жол желісі. 402 шақырымды алып жатқан желі екі жылдың ішінде салынып, пайдалануға берілді (2002-2004 жылдары). Қостанай және Ақтөбе облыстарын жалғаған жоба шеңберінде 147 су құбыры тартылып, 11 көпір салынды. Жаңа желінің бо­йын­да қажетті инфрақұрылымы бар 13 пункт бой көтерді. Осылайша, «Хромтау – Алтын­сарин» желісі республиканың батыс, орталық және шығыс өңірлері ара­сын­дағы тасымалдау қашықтығын қыс­қартты. Тиісінше, жолаушылар ай­на­лымының ұлғаюына ықпал етті. Жүк­тер мен жолаушыларды Ресей арқы­лы тасы­малдау қажеттілігі жойылды. Көлік шығындары да айтарлықтай азайды. Шекаралық және кедендік тексеруге кететін уақыт та үнемделді.

2005-2008 жылдар аралығында «Шар – Өскемен» темір жол желісі пайдалануға берілді. 151 шақырымды алып жатқан жаңа желі үшін 164 шақырым негізгі және стансалық темір жол төселді. Жаңа­дан алты пункт пен 106 жасанды құрылыс салынды. Заманауи дабыл жаб­дығы орнатылып, бүкіл учаске бойын­да оптикалық-талшықты байланыс желілері, жоғары вольтты желілер тар­тылды. Осы­лайша, шығыс өңірінің бірың­ғай темір жол инфрақұрылымы қалып­тасты. Бұл магистраль тасымалдау қашық­тығын қыс­қартуға, жүктерді жеткізу мер­­зім­деріне және отандық өнімнің түп­кілікті өзіндік құнына оң әсерін тигізді.

– Жоғарыда көрсетілген желілер елдің темір жол желісін оңтайландыруға және Ресей Федерациясының шекарасын кесіп өтпей-ақ ел өңірлері арасында тасымалдауды жүзеге асыруға жол ашты, – дейді вице-министр.

2012 жылы Қазақстанның батысынан Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шы­ғанағына дейін тікелей маршрутты қамтамасыз ететін «Өзен –Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» темір жол желісі салынды. Оның ұзындығы – 146 шақырым. Желінің құрылысы төрт жылға созылды. Құрылыс кезінде жеті пункт салынып, сигнал беру және байланыс жүйелерінің құрылғылары орнатылды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. 72 жасанды құрылыс пен вокзалдар, 100-ден астам тұр­ғын және әлеуметтік нысандар бой көтерді. «Болашақ» стансасында ше­каралық темір жол инфрақұрылымы құ­ры­лып, Түрікменстанмен шекаралық өткел ашылды. Ол қазіргі заман талаптарына жауап беретін барлық қажетті нысандармен, оның ішінде жүктерді уақытша сақтау қоймаларымен және контейнерлік терминалмен қамтылған. Жаңа желі жүк тасымалдау қашықтығын 600 шақырымға қысқарта отырып, «Сол­түстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізіне балама маршрут атанды.

Дәл осы жылы жалпы ұзындығы 293 шақырым болатын «Жетіген – Қор­ғас» темір жол желісі де пайдалануға берілді. Ол Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Жаңа желі Қытайдан Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Орталық Азия елдеріне дейінгі қашықтықты 550 шақырымға қысқартуға мүмкіндік берді. 2009-2012 жылдары қолға алынған жоба аясында 30 көпір салынды. Соның бірі – ұзын­дығы 997 метрлік Іле өзені арқылы өтетін көпір. Сондай-ақ екі жол өтпесі салынған. Бұған қоса 14 жаңа станса мен разъезд ашылды.

2012- 2015 жылдары ұзындығы 214 шақырымдық «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желісі салынды. Ол Орталық Қазақстаннан солтүстік өңірлерге дейінгі қашықтықты 540 шақырымға қысқартты. Сонымен қатар көмір кен орындарына көліктік қызмет көрсетуге жол ашылды. 214 шақырымдық негізгі жолдар мен 24 шақырымдық стансалық жолдар төселіп, 5 пункт іске қосылған.

«Жезқазған – Бейнеу» темір жол желі­сі де – тәуелсіздік жемісі. 2012-2016 жылдары салынған жаңа желінің ұзын­дығы 1 036 ша­қырымға тең. Атал­ған ма­гистарль Қытай­дан Еуропаға де­йін­гі қашықтықты 1 200 шақырымға қысқартты.

Құрылысы 2016 жылы аяқталған «Боржақты – Ерсай» темір жол желісінің де маңызы зор. 14 шақырымды құрай­тын жаңа желі Құрық портын темір жол магистралімен байланыстырды. Бұл ретте «Боржақты – Ерсай» желісі Иран, Қытай, Ресей, Еуропалық одақ елдері бағы­тында жүк тасымалдарын ұлғайту, Кас­пийдегі порттар арқылы батыс ба­ғыт­та экспорттық әлеуетті арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасады.

2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекет­тік бағдарламасы аясында ұзындығы 110 шақырым болатын «Алматы – Шу» учаскесінде екінші жолдар салынды. Бұл желі жүк жеткізу мерзімдерін қысқарту, тиісінше көлік шығыстарын азайту есебінен шетелдік жүк жөнелтушілер үшін қазақстандық бағыттың тартымды­лығын арттырды.

 Жүк тасымалын үдеткен желі

– Тәуелсіздік жылдары салынған темір жол қатынастары темір жол желісін оңтай­ландыруға мүмкіндік берді және елдің жүк тасымалына жұмсалатын уақы­тын қыс­қартты. Осылайша, жүк жөнелту­ші­лер­дің көліктік шығындары айтарлық­тай үнем­делді. Бұл ретте Dosjan temir joly акцио­нер­лік қоғамы тартылған «Шар – Өскемен» темір жол учаскесін бөле-жара атап өткен абзал.  2005 жылғы наурызда ел Үкіметінің қау­лы­сы бойынша құрылған қоғам өз функ­ция­сын 15 жылдан астам уақыт бойы табысты жүзеге асырып келеді.

Аталған темір жолды салу қажеттілігі туралы посткеңестік кезеңде айтылған. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біздің рес­пуб­лика осынау аса маңызды міндетті шешу­ді қолға алды. Бұл ретте жаңа темір жол­дың басты бәсекелестік артықшылықтары ес­керілді. Темір жол учаскесінің ашылуы жол жүру кезіндегі технологиялық уақыт­ты едәуір қыс­қарт­ты. Сонымен қатар Ре­сей Фе­де­ра­­­ция­сы­мен шекарадан өту кезін­де қа­жет бола­тын қосымша кедендік және ше­кара­лық рәсім­дерді айналып өтіп, жүктерді межелі орын­дарға жеткізуді жеңілдетті. Осы орайда жүктерді жеткізу мерзімі 12-14 сағатқа дейін қысқарды, дейді Берік Қамалиев.

Осылайша, жаңа темір жол учаскесі Шығыс Қазақстанның ірі темір жол торабын Ресей Федерациясы аумағын айналып өтіп, тікелей қатынайтын «Түрксіб» тран­зиттік магистралімен байланыстыр­ды. «Шар – Өскемен» темір жолы 2009 жылдан пайдаланыла бастады. 2018 жылдың басынан бастап тұрақты негізде контейнерлік тасымалдар жүзеге асырылуда.

– Учаске бойынша тасымалданатын жүктердің номенклатурасы да әртүрлі. Бірақ жалпы көлемдегі ең үлкен үлесті, әрине, әлеуметтік бағыттағы жүктер алады. Бұл бірінші кезекте көмір, құрылыс материалдары, жанар-жағармай. Соңғы жылдары орташа есеппен алғанда тасымалданатын жүктердің көлемі жылына шамамен 8,5-9,5 млн тоннаны құрайды. Әлемдегі экономикалық жағдайды ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Оны ұл­ғайтуға алғышарттар бар. Өйткені өңір­­дің тасымалдарға қажеттілігі тұрақ­ты түр­де өсіп келеді. Контейнерлік тасы­мал­­дар саны да ұлғаюда. Бүгінде учас­ке бо­йынша әртүрлі өндірістік және әлеу­­мет­тік мақсаттағы 100 млн тонна­дан ас­там жүк тасымалданды. «Шар – Өске­мен» темір жол учаскесі техника­лық жабдық­талуы жа­ғы­нан Қазақстан­дағы алдыңғы қатар­лы темір жол учас­келерінің бірі болып сана­лады. Мұнда техниканың заманауи жетіс­тік­тері ен­гізілген, – дейді вице-министр.

 Темір жол көлігін жасау қарқын алды

Индустрияландыру нәтижесінде елімізде темір жол көлігін жасау кластері құрылғаны белгілі. Бүгінде Қазақстанда локомотивтер, электровоздар, жүк және жолаушылар вагондары, термос вагондар, тұтас таптамалы доңғалақтар, бағыттамалы бұрмалардың бандаждар өндірісі жолға қойылған.

Бұл ретте отандық темір жол тасы­мал­дау­шыларының қажеттілігін өтеу үшін бірқатар маңызды жоба жүзе­ге асырылды. Мәселен, Локомотив құрас­тыру зауыты заманауи маневрлік тепловоздарды шығара бастады. Оның өнімі ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған. Жүк және жолаушы электровоздарын шығаратын Электровоз құрастыру зауыты да ішкі және сыртқы нарықтардың сұранысын өтеуде.

«ЗИКСТО» АҚ жүк вагондарын өндіру­мен әрі жөндеумен айналысады. Ком­пания осы жылдың қаңтар-мамыр аралы­ғында 298 вагон өндірді. Қазақстан вагон ком­паниясы да жүк вагондарын шыға­рады. Бұл кәсіпорын қаңтар-мамыр ай­л­арында 250 вагон өндірген. «Тұлпар» вагон құрыстыру зауыты жылына жолау­шы­ларға арналған 150 вагон шығаруға қауқарлы.

Сондай-ақ «Проммашкомплект» кәсіп­орны жылына 300 мың доңғалақ жұбы­нан тұратын тұтас таптамалы доң­ға­лақ­тарды өндіреді. Бұдан бөлек Сool Infinity ЖШС инновациялық изотер­мия­лық вагондарды шығарады. Компания өнімдері негізінен экспортқа бағытталған.

Жоғарыда аталған кәсіпорындардың жоспарына сүйенсек, биыл жемісті жыл болу­ға тиіс. Бұл ретте төрт зауыт­тың өні­мі (Локомотив құрастыру зауыты, Элек­т­ро­воз құрастыру зауыты, «Пром­маш­­­комплект», Cool Infinity ЖШС) ТМД аум­а­ғында кеңінен танымал.

Түйіндей келе айтарымыз, темір жол – экономиканың күретамыры. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде 2 566,5 шақырым темір жолдың салынуы – соның дәлелі. Ел Үкі­­метінің салаға ерекше назар аударуы­ның нәти­жесінде қазір Қазақстан темір жолы ма­гистральдық желісінің жалпы ұзын­­дығы 21 шақы­рымнан асты. Бұл рет­те біздің ел темір жолдың ұзындығы жағы­­нан ТМД аумағында үшінші орынға ие.