Қоғам • 02 Қараша, 2021

Теріскейде тұрмыс жайлы болса...

797 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Елге ел қосылса – құт, елден ел айырылса – жұт» дейді халқымыз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында әртүрлі этностар өкілдерінің елеулі бөлігі еліміздің Тәуелсіздігі әкелген еркіндікті пайдаланып, тарихи отандарына үдере көшіп кеткендіктен, Қазақстан халқының саны бір миллионнан астам адамға кеміп, 1999 жылғы халық санағы бойынша 14,9 миллионнан адамды құраған еді. Шүкір, содан бергі кезеңде еліміздің демографиялық жағдайы жылдан-жылға жақсарып, халқымыздың саны бүгінде 19 миллионнан асты.

Теріскейде тұрмыс жайлы болса...

Дегенмен, әлемде жер көлемі бо­йынша тоғызыншы орынды еншілеген кең-байтақ республикамыздың өңір­лерінің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен климатында елеулі айыр­машылықтар барлығына байланысты олардағы демографиялық ахуал да бірдей емес. Әсіресе, теріс­кей аймақтарда қалыптасқан жағдай алаң туғызбай қоймайды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» бағдарламалық мақаласында: «Ха­лықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді ме­кен­дерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұр­ғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса, соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар», деп қадай айтты.

Осы бағытта Үкімет тарапынан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару және атажұртқа оралған қандастарды квота бойынша орналастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Әйткенмен, бұл шаралар демо­гра­фиялық жағдайы мәз емес облыс­тар тұрғындары санының жылдан-жылға кему үрдісін тоқтата алған жоқ. Ұлттық статистика бюросының мә­л­іметіне қарағанда, Қостанай облы­сы тұрғындарының саны былтыр 4020-ға кеміп, биылғы жыл басында 864529 адам болған. Өткен жылы ас­тықты өңірге 28260 адам көшіп кел­се, көшіп кеткендер саны – 33334. Осы уақыт ішінде Павлодар облысы тұрғындарының саны 4629-ға азайып, 751011 адамды құраған. Ертіс-Баян өңіріне 26103 адам көшіп келсе, 30331 адам көшіп кеткен. Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының саны 5941-ге кеміп, 1363656 адам болған. Кенді Алтай өңіріне 38051 адам көшіп келсе, көшіп кеткендер саны – 49880.

Ал еліміздің «солтүстік қақпасы» болып саналатын Солтүстік Қазақстан облы­сында қалыптасқан қолайсыз ахуал­ға кейінгі жылдары мемлекет тара­пынан айрықша назар аударылып отыр. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 2018 жылы Қазақстан Республикасының Қауіп­сіз­дік Кеңесінде арнайы қаралды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет Солтүстік Қазақстан облысын дамытудың үшжылдық кешенді жоспарын қабылдап, іске асыру үстінде. Бұған қоса, Қызылжар өңірі арнайы экономикалық аймақ болып жарияланды. Осы облысқа қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатымен оларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің қанат­қақ­ты жобасы қолға алынды. Алайда осындай мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, Қызылжар өңіріндегі демографиялық жағдай жақсарар емес. Жылдағы үрдіспен былтыр да облыс тұрғындарының саны 5076-ға кеміп, аққайыңдар өлкесінде небәрі 548755 тұрғын қалды. Бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Мұнда өткен жылы 16969 адам көшіп келсе, 21354 адам көшіп кеткен.

Жұмыс күші жетіспейтін теріскей аймақтардан басқа жаққа көшіп кеткендер – тарихи отандарына оралып жатқан әртүрлі этнос өкілдері ғана емес, олардың арасында жергілікті қазақтар да аз еместігі ойландырмай қоймайды. Мысалы, былтыр еліміздің өзге өңірлерінен Қостанай облысына 4037 қазақ көшіп келген болса, көшіп кеткен ағайындар саны – 6570. Осы жөніндегі көрсеткіш Павлодар облысы бойынша тиісінше 5471 және 6889 қазақ, Солтүстік Қазақстан бойынша 3902 және 6201 қазақ. Ал Шығыс Қазақстаннан көшіп кеткен ағайындар саны көшіп келген қазақтарға қарағанда екі еседен аса көп болып шықты – тиісінше 7500 және 15488.

Демографиялық ахуалы көңіл көн­шітпейтін теріскейдегі төрт облыс­тың орталықтарындағы жағдай тәуелсіздік жылдарында біршама жақсарғанымен, бөркімізді аспанға лақтыруға әлі ерте. Биылғы жыл басында Қостанай қаласы тұрғындарының саны 251825 адамды құрап, соның ішінде қазақтардың үлесі 42,2 пайызға жеткен. Ал саны жағынан екінші орынды еншілеген орыс ағайындардың үлесі – 41,2 пайыз. Павлодар тұр­ғын­дарының саны 361903 болып, те­ріскей аймақтағы ең ірі шаһар атан­ды. Мұндағы қазақтардың үлесі 48,5 пайыз, орыстардікі – 40,5 пайыз. Өскемендіктердің саны 348832, ал қазақтардың үлесі – 46,8 пайыз, орыстардікі – 49,9 пайыз. Теріскейдегі халқы ең аз қала – Петропавлдың тұр­ғын­дарының саны – 219822 адам. Оның 58,6 пайызын орыс ағайындар құрап отыр. Ал қазақтардың үлесі 30,5 пайыз ғана.

Солтүстік өңірлердің ұлттық құра­мында да тәуелсіздік жылдары елеулі өзге­ріс болып, мемлекетқұраушы қазақ ұлты­ның үлесі едәуір өскен. Биылғы жыл басында Қостанай облысы тұрғындарының 41,5 пайызы қазақтар, ал 40,5 пайызы орыстар болды. Бұл жөніндегі көрсеткіш Павлодар облысында тиісінше 53,6 және 34,5 пайыз, Шығыс Қазақстанда 61,5 және 35,1 пайыз. Төрт облыстың ішіндегі қазақтар саны әлі де мардымсыз болып қал­ып отырған жалғыз өңір – Солтүстік Қазақстан. Мұндағы қазақтардың үлес салмағы 35,5 пайыз ғана, ал орыс аға­йын­дардікі – 49,2 пайыз.

Қорыта айтқанда, Үкімет тарапынан теріс­кей өңірлердегі демогра­фия­лық жағ­­дайды жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан шаралар жет­­­­кі­­ліксіз деп білеміз. Мәселен, 2021 жылы өңір­лік квота бойынша 1246 қандасты және 6940 қоныс ауда­­­ру­­­шыны қа­был­дау көзделген. Қан­­­дас­тарды қа­был­дайтын 7 облыс (Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қа­зақстан, Шығыс Қазақстан) пен қоныс аудару­шыларды қабылдайтын 6 облыс (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан) үшін бұл квота аздық етеді. Себебі ол «көрпесіне қарай көсілетін» жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес бөлінетіндігі мәлім. Ал өңірлердің әкімдіктері сол мардымсыз квотаға сәйкес шақырылған қандастар мен қоныс аударушыларды тұрақты жұ­мыс­пен және тұрғынжаймен толық қам­тамасыз ете алмай, сын естіп жүр­ген­діктен, осы стратегиялық ма­ңыз­ы бар шаруаға онша ықыласты емес сияқты.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­да­уында Үкіметке көші-қон сая­сатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тап­сырып, ел ішіндегі еңбек күшінің ұт­қыр­лығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажеттігіне назар аударды. Президент: «Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдар­ды өз бетімен жалдайтын жұмыс беру­ші­лердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады. Өз бетінше бизнес­пен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Кө­шіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен ай­на­лысу үшін де жер телімдерін беру мүм­кін­дігін пысықтау керек», деп, маңызды мем­лекеттік мәселені шешу жолдарын да көрсетіп берді. Соның ішінде теріскей өңірлерге биз­неспен айналысу мақсатымен қо­ныс аударатын азаматтарға басым көңіл бөлу қажеттігін өмір көрсе­тіп отыр. Бір мысал: сонау өткен ға­сыр­дың тоқсаныншы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дү­ниежүзі қазақтарын атамекенге ора­лу­ға шақырған Үндеуіне үн қосып, Солтүстік Қазақстан облысының Айыр­­­тау ауданына Өзбекстаннан еш­­қан­­дай мемлекет қолдауынсыз кө­шіп келген Жаңабай Пірманов өз қар­жы­­сымен жеке кәсібін бастаған еді. Оның ісі оңға басып, тасы өрге дома­ла­ғанын білгеннен кейін бауырлас елден Айыртауға лек-легімен 100-ден астам отбасы қоныс аударып келді. Олардың бәрі Жаңабайды арқа тұтып, жаңа қоныстарына тез бейімделіп, сіңі­сіп кетті.

Пайымдап қарасақ, теріскейдегі демографиялық проблеманы шешуде сараланған тәсіл керек тә­різ­ді. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы мүшкіл жағдайды өзге өңірлермен салыстыруға болмайды. Бұл өңір, «бәрін білетін» статис­ти­ка мәліметтері көрсеткеніндей, республикамыздағы демографиялық тұрғыдан ең осал облыс болып тұр. Мұнда халықтың табиғи өсімі де жылдан-жылға азайып, енді теріс үрдіс басталды. Нақты айтсақ, былтыр дүниеге келген сәбилер саны – 6879, ал дүниеден озғандар саны 7512 болып, теріс айырым 633 адамды құрады. 2020 жылғы өмір ұзақтығы бойынша республикадағы ең төменгі көрсеткіш те Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі (69,9 жас).

Бұл ретте жуырда Алматы облысынан Қызылжар өңіріне қоныс аударған қоғам белсендісі Бурахан Дақанов «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында: «Солтүстікке адам көшіруден бұрын, «Солтүстікте адам неге аз?» деген сұрақтың жауа­бын та­уып, салдарын емес, себебін жоюға күш салу қажет. Шындығында, жер­гі­лікті жерден көшіп жатқан тек қана орыстар емес, қазақтар да же­тер­лік. Сол себепті жағдайды кө­шіп келіп жатқандарға ғана емес, бар­л­ығына бірдей жасау қажет деген пікір­демін», деген екен.

Бәлкім, Парламент Мәжілісінің депутаты Артур Платонов Үкіметке жол­даған депутаттық сауалында ұсын­ғанындай, Солтүстік Қазақстан облы­сының тұрғындары үшін бір кезде болған «солтүстік коэффициентін» қай­та енгізген жөн шығар. Себебі Қы­зылжар өңірі тұрғындарының табысы басқа жұмыс күші тапшы облыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Өткен жылы орташа айлық жалақы мөлшері Солтүстік Қазақстанда – 157497 теңге, көршілес Қостанай облысында – 171319 теңге, Павлодар облысында – 187427 теңге, ал Шығыс Қазақстанда 190287 теңге болған.

Иә, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, те­ріс­кейде тұрмыс жайлы болса, тұр­ғын­дардың көшіп несі бар?