Қоғам • 02 Қараша, 2021

«Жеті жарғыны» неге жоқтай береміз?

5987 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халқымыз үшін қадірлі Ұлт, Тіл, Тәуелсіздік дейтін үш қасиетті ұғымның тұғырын бекітіп, тамырын тереңдете түсетін Заң деген түсінік бар. Өйткені заң қай тілде сөйлеп, кімнің жоғын жоқтаса, түбінде сол ұлтқа қызмет етеді. Ал тәуелсіз мемлекетте заңмен бекітілген әрбір норма сол ұлттың кәдесіне жарауы қажет. Бір қарағанда, жалпақ жұртқа түсінікті қарапайым аксиома...

«Жеті жарғыны» неге жоқтай береміз?

Қазіргі заңдардың барлығы ұлттық бол­мыс-бітімімізбен біте қайнасып жатыр деп айту қиын. Себебі бірінші ресми тілде жазылып, кейіннен қазақшаға шала-жансар аударылатын заңдарда ұлттық ерекшелігіміз бен табиғи таным-түсінігіміз ескеріле бермейді. Қазіргі заңнамалардан қазақы болмысымыз­ды танып-білу қаншалықты қиын болса, қағи­да­ларымыз да сол күйі қалтарыста қалып қоюда. Басқаша айтсақ, қос палаталы Пар­ла­мент­тің сүзгісінен өткен заңдарда ұлтқа тән ны­шан байқалмайды.

Қазақстан парламентаризміндегі қазақ тілінде тұңғыш әрі Үкіметке баламалы негізде жа­зылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, Парламент Мәжілісінің І шақырылымдағы депутаты Әкім Ысқақтың «заң жобасын жазу үшін ұлттық намыс керек» деген түсіне білгенге санаға саңлау түсірер сөзі бар. 1995-1999 жылдары еліміздегі заң шығару реформасының қайнаған ортасында жүрген Әкім Ысқақ: «Бұрын Парламентке де­путаттар жергілікті мандат арқылы ғана өтетін. Сол үрдіс өте дұрыс еді. Кімнің кім екені халықтың алдында көрінетін. 35 жасымда Мәжіліске депутат болып алғаш келгенде «Халықтың көші-қоны туралы» Үкімет дайындаған заң жобасына қатысты жеке позициямды білдірдім. Қарасам, заң жобасы шикі екен. Сосын намыс­­танып, бар намыс-жігерімді қайрап, шеттен келген ағайынды қасыма жинап, азаматтығы да жоқ адамдарды Парламенттегі жұмыс тобына кіргізіп, жаңа заң жобасын дайындауда күндіз-түні жұмыс істедік. Бұл өзі ұлттың мүддесін көздеген ерекше заң болды», деп еске алады.

«Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы Парламентте ең ұзақ талқыланған заң ретінде тарихта қалды. Бүкіл заңды басынан аяғына дейін қазақ тілінде жазып шығу сол кездегі елдегі әлеуметтік, экономикалық, тіпті саяси жағдайды есепке алғанда үлкен ерлікпен пара-пар болатын. Жобаны бүкілхалықтық талқылауға беру – біздің ұтқан жеріміз осы. Бұл заң Конституциядан кейін бүкіл халық талқылаған бірінші заң жобасы еді. Жайшылықта басы қосылмайтын зиялы қауымды да ұлттық мүдде біріктірді. Одан кейін заң жобасы Президент жанындағы Ұлттық кеңесте қаралды. Ең бастысы – сол кезде қазаққа қажет заң шығарудың қанша қиын болса да өте маңызды іс екенін ұққан едік.

Биыл Парламентте 63 заң қабылданған екен. Оның 15-іне депутаттық корпус баста­ма­шылық жасаған. Әрине, әр заң жобасы жан-жақты қаралып, тұрақты комитеттер мен жалпы отырыстарда кеңінен тал­қы­ланды. Қабылданған құжаттардың ішінде халық үшін тағдыршешті маңызы бар жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салған заңды ерекше атап өтуге болады. Сайлау заңнамасына да ма­ңызды өзгерістер жасалды. Бірақ заман талабынан туындаған заңдарымызда қазақтың ұлттық құндылықтары қажет ететін қарапайым қағидалары ескеріле бермейтіні қынжылтады. Мәселен, елімізде қоғамдық резонанс тудырған бұйрықтың бірі жыныс ауыстыруға ресми түрде рұқсат беру болса, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы да көптің қызу талқысына түсті. Кәсіби заңгерлердің жіті түсін­дірулері мен қоғам белсенділерінің араласуынан кейін заң жобасындағы ұлтымыздың сан ғасырдан бері қалыптасқан дәстүрі, отбасылық қағидаттарын құрбандықтан аман алып қалғандай болдық. Батыстың «адам құқығын сақтау» деп желеулеткен нормасының барлығын заңдарымызға тықпалай берсек, дала заңымен өмір сүрген дарқан халқымыз барынан, баға жетпес құнды қасиеттерінен, өзіне тән болмысынан айырылып қалары хақ.

Тәуке хан тұсында қабылданып, төрт ғасыр бойы жер дауы, жесір дауы, кісі өлті­ру, қарақшылық, зорлық, ұрлық, барым­та­шылықтан туындаған дау-дамайды қара қылды қақ жарған әділ үкімімен шешіп отырған «Жеті жарғыны» жоқтай беретініміз де сондықтан. Халқымыздың әдет-ғұрпы мен дәстүрін негізге алған заңдар жүйесінің бас­ты құндылығы да осы – дала заңының түп-тамыры қазақтың тыныс-тіршілігімен астасып жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жаңартып, кем-кетігін толықтырған «Жеті жарғының» тарихи танымнан тамыр тартып, іргелі елдің іргетасын құрауға қызмет еткені де содан. Қазақстан Парламенті қабылдаған заңдардың барлығы Батыс қоғамының заңдарының көшірмесіне айналса, онда ұлттық болмысымыз әдіра қалмай ма?!