Форумға қонақ ретінде арнайы шақырылған Абай ауданындағы Қарағанды ауылдық округінің 26 жастағы әкімі Владислав Кирей қазір жастардың дамуы мен мансаптық өсуі үшін барлық мүмкіндіктердің бар екенін өзінің өмірін мысалға келтіре отырып, әсерлі әңгімелеп берді.
– Мен қарапайым отбасында туып өстім. Бала кезімнен қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып жүрдім. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» біліктілігі бойынша тәмамдаған соң, білім алуды магистратурада жалғастырдым. Мәскеуде оқу өтілімінен өттім. Абай ауданының жастар ресурстық орталығында жұмыс істедім, ол ұйымды басқардым. Міне, биыл Nur Otan партиясы атынан ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидатурамды ұсынып, жеңіп шықтым. Қазір әкім лауазымында қызмет етіп жүргеніме үш ай болды, – деген ол елімізде талпынған жасқа еш кедергі жоқтығын баса айтты.
Ал «Болашақ» президенттік бағдарламасының түлегі, PhD докторы Лаура Жолдасова өмірде белгілі бір мақсатқа жету үшін көп оқып, ерінбей еңбек етудің қажет екеніне жастардың назарын аударды.
– Мен Ұлыбританияның Бристоль университетінің түлегімін. Оны тәмамдағаннан кейін М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ Жоғары құқық мектебінде деканның орынбасары болып еңбек еттім. Қазір Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде заң факультетінің кафедрасын басқарамын. Сондықтан мақсатқа жету үшін ең бірінші кезекте білімге, еңбекке сүйену керектігін айтқым келеді, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар форум қонағы – тележурналист және Тәуелсіздіктің құрдасы Жанбота Рахметоллаұлы ерінбей еңбек ету мен талмай ізденудің қандай тығырықтан болса да алып шығатын әлеуетті күш екенін айта келіп, жастарды алдыға мақсат қойып, соған жету жолында табандылық танытуға шақырды.
Сондай-ақ форумда сөз алған басқа да спикерлер таңдаған кәсібін қандай жолмен тапқандарын, мансап пен жеке дамуда белгілі бір биіктерге қалай жеткендерін айтып берді. Олардың әрқайсысы өздерінің мысалында адам өміріндегі сәттіліктің еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында ғана мүмкін болатынын айтты.
Жоғары оқу орындарының студенттері, еріктілер, кәсіпкерлер, жұмысшы жастар және тәуелсіздіктің құрдастары қатысқан форумда Тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығына қадам басқан Қазақстанның бүгінге дейін қол жеткізген табыстары туралы айтылды. Болашаққа деген жоспар құрылды.
Жиын соңында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов бастаған ұйымдастырушылар бизнес-идеялар байқауының жеңімпаз он студентін марапаттады. Көзге түсіп, назар аудартқан жобалардың қатарында тісті ағарту студиясы, шиналық сервис, инновациялық технологияларды пайдалана отырып, пицца шығаратын цех, аккумуляторлық батареяларды сымсыз зарядтауға арналған құрылғыларды, пластикалық бұйымдарды, ағаштан ұлттық стильдегі тұрмыстық заттарды шығаратын автоматтандырылған шағын цех сияқты озық идеялар болды.
Қарағанды облысы