Аймақтар • 03 Қараша, 2021

Шығын көп, сұраныс жоқ

347 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күз келіп, жердің тоңы қалыңдай бастағаннан-ақ барлық өнім жиналып бітуі тиіс. Жаз бойы еткен еңбегі мен төккен терінің өтемін шаруалар түскен өнімнің пайдасынан күтетіні анық. Ал енді сол жиналған өнімге сұраныс болса жақсы. Болмаса тіпті қиын. Қараша айының қара суығы жергілікті шаруаларға да оңай тиіп отырған жоқ.

Шығын көп, сұраныс жоқ

Мәселен, Жамбыл ауданының бағбандары қазіргі кезде алмаларын жинап үлгере алмай жатыр. Аз ғана уақыттың ішінде бәрін жинап-теріп үлгермесе, жүздеген тонна өнімнің үсікке ұрынып қалу қаупі бар. Қыстың қыр астында тұрғанын ескерсек, мәселе тіпті күр­­делене түседі. Оның үстіне, өнім жақсы жиналғанмен, сол өнім­ге деген сұраныс аз болып отыр.

Жалпы, Жамбыл ауданы – об­лыстағы алма өсірумен айналы­сатын бірден-бір аудан. Алма өндірісін жолға қойған ауданда жыл сайы­н жүздеген тонна өнім жиналады. Мұндағы бір­қатар ауылдар бағбандықпен ай­налысып, сол арқылы тірлігін тіктеуде. Мемлекет қолдауының нәтижесінде тиісті қаржыларын да алып, нәсібін кәсібінен табуда. Аудан орталығы Аса ауылдық округіне қарасты Altyn Alma ауылдық кооперативі биыл 50 гектар жерге алма еккен. Кооператив басшысы Ұлбала Құлыбекованың айтуынша, ол бұл шаруамен үш жылдан бері айналысып келеді. «Алма бақты тамшылатып суару әдісімен суа­рамыз. Қон­дырғы насос үлкен үш бассейндегі суды 27 мың түп ал­ма ағашына жеткізеді. Қазір жи­ын-теріннің нағыз қызған шағы. Мұнда күндік ақыға 55 жұ­мысшы жұмылдырып отырмыз. Әр азаматқа 5 мың теңгеден төлейміз. Арнайы жүк артатын 2 техника алқапта жүр. Биыл 300 тонна алма жинаймыз деген жоспар бар. Саудаға Польша мемлекетінен әке­лінген алманың чемпион, голден, бребер, гала сұрыптарын шы­ғарамыз. Бірақ өнімді өткеру оңайға соқпайды. Алманың әр килосы 150 теңгеден кем емес», дейді ол. Бүгінгі таңда жиын-терін науқанына жер­гілікті тұрғындар да кірісіп кеткен. Алайда шаруалар көл-көсір өнімді өткізетін жер таппай отыр. Шығын көп, сұраныс аз бо­лып тұр. Тұтынушылар арзан баға­мен сұрайды. Кәсіпкерлер қол­да бар өнімді қойма жалдап сақтауға мәжбүр болуда. Ал қаланың қара базарларында қырғыз алмасының дәурені жүріп тұр. Жергілікті тұрғындар да өзімізден гөрі, өзгенің өнімін пайдалануға құлықты. Қазіргі кезде Altyn Alma кооперативі өнімдерінің алғашқы легін Нұр-Сұлтан қаласына жіберіпті. Ал мұнда сұраныс төмен.

Ауыл шаруашылығы сала­сы­ның ардагері Аманалы Құр­бановтың айтуынша, ауданда Аса, Ақбұлым, Ақбастау ауылдарының шаруалары алма бақ салып, мол өнім алып отыр. Дегенмен аудан бойынша алма өсіріп отырған осы үш ауылдың ғана ш­аруалары емес екені белгілі. Мә­селен, Құм­тиын ауылындағы алма бақтың жұмысын 2017 жылы 10 отбасы бірігіп бастапты. Олар мемлекеттің «Қарқынды алмабақ» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, 50 гектар жерге гол­ландиялық алма көшеттерін отыр­ғызған. Төрт жылдан кейін мәуелі бақ жеміс беріп отыр. Бұл бақта 1200 түп алма ағашы бар. Биыл шаруалар әр түптен 10 килодан астам жеміс жинауда. Бірақ мұны да жұмысшылар уақытында жинап үлгере алмай келеді. Әлі 150 тоннаға тарта жиналмаған алма бар. Мұнда да күніне 30-40 адам жұ­мыс істейді. Соның өзінде жұ­мыс күші жеткіліксіз болып отыр. «Біз көктем мезгілінен бас­тап жұ­мыс істейміз. Жұмысты шөп шабудан бастаймыз. Сөйтіп осы жерде алма жинап біткенше боламыз. Жұмысы жоқ адамдар келіп, осы жерден күнделікті ақша­сын алып жұмыс істеп жатыр. Ауылдан 20 адам жұмыс істей­ді. Күніне екі-үш тонна алма жинай­мыз. Ақысына күнделікті 4 мың теңге аламыз. Со­нымен қатар 5-6 кило алмамыз­ды ала кетеміз», дейді Өрнек ауылының тұрғыны Күлзәбира Байбекова.

Бірақ алма бақтардың ендігі тағдыры кәсіпкерлерді алаңдатуда. «Біз биыл 300 тонна алма жинасақ, ол өзін өзі ақтады дегенді білдір­мейді. Ал 1 мың тонна өнімге жететін болсақ, алған лизингтің де ақшасын төлеуге шамамыз келеді. Лизингті біз жылдығына 6 пайызбен алып отырмыз», дейді Ұлбала Құлыбекова. Аталған Altyn Alma кооперативінің жыл­дық шығыны 40 миллион теңгені құрайды екен. Ал алманың әр килосы күздік көтерме бағамен 100-150 теңгеден сатылады. Егер өнім көлемі 1000 тоннадан аспаса, шаруалар шығынның астында қалғалы тұр. Сонымен қатар интенсивті бақтарға жаңа технологиялар жетіспейді. Сондықтан да шаруалар дайын өнімді өң­дей алмай отырғанын айтады. Қазір кәсіп иелері алмаларды сақтайтын қойма мен оны өңдейтін цехқа зәру. Шаруалар енді осы мәселеге байланысты мемлекеттен қолдау болса дейді. Ал жергілікті билік өкілдері бұл мәселеге орай өз жауабын беріп отыр. «2019 жылы барлық шаруалар мемлекеттік қолдау аясында субсидиялар алды. Талға, тамшылатып суару әдісіне және алма бақтардың үстіңгі жапқышына 70 миллионның көлемінде ақша берілді. Басында құрылған кезде ұсыныс ретінде алма шырыны цехын ашу жоспарланған. Құрылтайшыларына біз хабарлама ретінде айттық. Жалпы, Жамбыл ауданында 616 гектар алма бағы бар. Оның 237 гектары – интенсивті алма бақ. Мамандар осы қарқынды алма бақтардың соңғы кездері же­місті мол беріп, тиімділігін көр­сетіп отырғандығын айтады», дей­­ді Жамбыл аудандық ауыл ша­­­руашылығы бөлімі басшы­сы­ның міндетін атқарушы Самат Жарасбаев.

Жамбылдық бағбандардың бұл мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Шығын көп, сұраныс жоқ болған жерде кәсіптің де өрге бас­пасы анық.

 

Жамбыл облысы