21 Ақпан, 2014

Көмбенің төбесі көрініп қалды

751 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
47260Иә, енді Сочиде өтіп жатқан XXII Қысқы Олимпия ойындары көмбесінің төбесі көрініп қалғанын батыл айта беруге болады. Ол осы аптаның аяғында өзінің ақырғы нүктесіне жетіп тоқтайды. Кеше, 20 ақпандағы Ойындарда спортшылардың басым бөлігі тыныс алғанымен, 6 спорт түрі бойынша медальдер жиынтығын сарапқа салу жалғасты. Біз есебін бергелі отырған сәрсенбі, 19 ақпан күні олимпиадашылар жарыстың 8 түрінен кіл күштінің ішінде кім мықты екенін анықтады. Оның қорытындысы командалардың жүлде үлесі таласының кестесіне тағы бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл жолғы түзетулер көптен бері топтың ұшар басында қара тастай қозғалмай тұрған Германия құрамасын бірінші тегершіктен түртіп түсіріп жіберді. Оның орнын бір күнде қоржынына екі алтын медаль салып, олардың санын 9-ға толтырған Норвегия алып қойды. Жоғарғы наградасы мөлшерін жетіге жеткізген АҚШ жасағы бұл додада бірінші рет үшінші орынның тепкішегіне табан тіреді. Алтын алқаларының саны алтыдан қайырылатын Ресей, Голландия, Швейцария жамағаттары 4-6 орындарды бөлісіп тұр. «Күн астынан» орын алуды діттеген содан соңғы лектегі Канада спортшылары 5 алтын медалімен Беларусь саңлақтарын басып озды. Алдағы қалған аз күнде кестенің алғашқы үштігі жолындағы күрес, белорустардан бөлек, қалған жеті жүйріктің ортасында өтетін шығар деп болжаймыз. Бірақ ендігі жерде бір-біріне оттай орақшы, жаудай қарақшы болатын бұл төрде кімдердің топты жарып шығатындарын тап басып айту қиын.

Сочи-3 норвег

Үміттің оты соңынан өшеді Сәрсенбінің сәтінде әлемнің әр түкпірінен жиылған өңкей сай­дың тасындай сақа жігіттер шаңғы жарысының командалық спринт деп аталатын түрі бойынша классикалық әдіспен жүгіруден сынға түсті. Жасыратыны жоқ, бұл – шаңғышы шабандоздар сайысындағы ең бір күрделі де күрмеулі сынақ. Сол се­беп­ті де оны мамандар кейде «аман қалу жолындағы арпалыс» деп жатады. Мұнысы айбаты мен айбары көп алты кезеңнен тұратын шаңғышылар шайқасына мықтының да мықтысы ғана төтеп бере алатынын білдіру болса керек. Соған қарамастан, біздің де өзгелер секілді өз жүйріктеріміз – Алексей Полторанин мен Николай Чеботь­коның осы аламанда айдындары озып, айбындары асып оралатындарына іштей сенгіміз-ақ келген. Әуелгіде жігіттеріміз де сол сенім­ге лайықты өнер көрсетіп жатқандай болған. Олар үш іріктеу сынағынан да жап-жақсы өтті. Бірінші, екінші кезеңдерде 7-ші болып сөре сыз­ған жерлестеріміз үшіншісінде тоғыздыққа топ етті. Бірақ осының өзі келесі кезеңге қадам басуға мүмкіндік берді. Әдетте шын жүйріктердің күштерін ақырғы шақтарға сақтап бағатынын, суырылып алға шығуды соңғы кезеңдерде бастайтынын біз де білуші едік. Бұл қағидатты бұзып жібергеннің соңында тақырға отырып қалатынын осы жолы немістер байқатып қойды. Олар бірінші жартылай финалдық жүгіріс кезінде бірден ышқынды. Сол арқылы Ханнес Дотцлер мен Тим Чарнкенің қосынды уақыты бәрінен үздік көрінді. Екінші жартылай финалда бұлардың алдың­ғысы өзінен кейінгі таза спринтер норвег Оле Виген Хаттестадқа 15 секунд­тық «салмақ» салып кетті. Бұған дейін Сочи төрінде бір рет Олимпиада чемпионы болып үлгерген арыстан жалды елдің арғымағына бұл оңай тимеді. Бұл алшақтықты Петтер Нортуг те жаба алған жоқ. Кейін біздің қос сарбазымыз осылардың жасағандарын қайталап шықты. Дегенмен, бұлардың барлығы ақ­тық айқасқа шыққан 10 жұптың қатарынан берік орын алды. Осы кезде ресейліктердің жартылай финалда күштерін сақтап жүргені белгілі болып қалды. Соның арқасында Максим Вылегжанин финалда бірден пелетон басына шықты. Ол эстафетаның өзіне тиесілі бөлігін бірінші болып қиып өтті. Бірақ оның әріптесі Никита Крюков сол басымдықты ұстап қала алмады. Бұл тұста біздің жігіттер бесінші болып келе жатыр еді. Бізге олар енді бір сер­піле түссе, алғашқы үштіктің үймесіне кіріп кететіндей болып тұр­ған. Бірақ олай бола қоймады. Алексей мен Николайдың ортақ көрсеткіштері тағы да тоғыздыққа тұрақтады. Бұл олардың медальдер үшін күресетін шағын топ құра­мында бола алмайтындарын айқын­дап берді. Ал шоқтай шоғырға Ресей, Финляндия және Германия құра­малары қауым­дасты. Бірақ финалда мәселе сәл бас­қаша шешілді. Жүгіріс жолының ақырғы бұрылысында неміс пен фин бір-бірімен соқтығысып қалды. Сонда қажыры қашқан алман жігіті қар үстіне қалбаң етті. Оның шашылып жатқан шаңғысына ресейлік Крюков келіп сүрінді. Сол кезде алда бара жатқан фин Сами Яухоярви көмбеге қарай құлындай құлдырады... Нәтижесінде Суоми елінің құра­масы бірінші орын алса, ресейліктер екінші болды. Үшінші орынға әлгіндегі әрекеттердің арасында сытылып алға шығып үлгерген Швеция дуэті жайғасты. Ал немістер жетінші орынға сырғып кетті. Қазақстандық жұп олардан кейінгі сегізінші орынға тұрақтады. Сноуборд деген сайыс бар Бұрнағы күні біз гигант слаломы бойынша қыз­дардың қырман қыздырған жарысын барып тамаша­ладық. Ең алдымен сноуборд деген ойынның барлық думаны мен дуылын өз көзімізбен көріп, ақ үсті­нен қара тану үшін бардық. Со­сын бұл күні қазақстандықтардың қатысуларымен өткен санаулы жа­рыс­­тардың арасында жолымыз тү­сетіні де осы болып шықты. Расы керек, барғанымызға тағы да өкінген жоқпыз. Ұпай қоры қа­лай шот жүзінде кестеленіп, алатын орындарының ауқымы қайтіп анықталатыны ғана бізге тосындау көрінгені болмаса, былайынша қатысушыларынан айтарлықтай жүрекжұтқандық пен шеберлікті талап ете алатындай тартысты ойын екен. Міне, сырлары өздеріне ғана мәлім сол сноубордшылардың таласында біздің қызымыз – Валерия Цой өзін қоса есептегенде, 32 бәсекелестің арасында 23-орынға табан тоқтатты. Бірінші орынға швейцариялық Патриция Куммер шықса, екінші орынға жапон Томока Таекучи орна­лас­ты. Үшінші биік орыс Алена Заварзинаның еншісінде қалды. Алайда, осыдан кейін керемет есте қалатын бір оқиға болды. Ол осы­ның соңын ала өткен ерлердің сайысында көрініс берді. Жұртты дүр еткізген тосын тірлік Вик Уайльд есімді америкалық сноубордшының алтыннан алқа таққанында ғана емес еді. Жаңалықтың ең бас­тысы – оның Ресей құрамасы үшін кезекті жоғары награданы алып бергенінде! Одан кейінгі жаңалық соның алдында ғана ресейліктер қорына қола медаль қосқан Алена Заверзинаның тап осы америкалық жігіттің әйелі болып шыққанында! Сонда бұл «отбасылық мердігерлік» жұп Ресей құрамасына бір алтын, бір қола медальді әкелген болып отыр. Гәптің бәрі мынада. Бірі амери­калық, бірі ресейлік бұл қыз бен жігіттің бір-бірімен табысуларының ертегіге бергісіз желісі 2009 жылы басталыпты. Новосібірдің түбіндегі шағын қалашықтан шыққан бойжеткен мен Вашингтон штатының солтүстік-батысында тұратын өрім­дей жігіт мұхиттың арғы бетінде өткен бір жарыс кезінде кездейсоқ танысып қалады. Ал 2011 жылы екеуі бір-бірінсіз тұра алмайтындарын сезеді. Содан соң «махаббаттың құдірет-күші әлдилеген» жігіт бәрін де сол кезге дейін тұрып келген еліне тастап, Ресейге қарай самұрықтай самғап ұшады. Сол жылы елдің аза­маттығын алады. Мұны Олимпиаданың су жа­ңа чемпионының өзі марапат мәзіретінен кейінгі журналистермен кездесуі кезінде мойындады. «Менің Құрама Штаттарда спорттың бұл түрімен кәсіби негізде жаттығуды жалғастыра беруіме мүмкіндігім болған жоқ, деді ол.  Онда жалпы спортпен айналысу қымбатқа, ал жеңіс одан да қымбатқа түседі. Рас, Американың сноуборд ассоциациясы маған қолдан келгенінше көмектесті. Бірақ ондай жұмыстарға жұрттың бәрі бірдей разы бола бермейді ғой. Сондықтан мен өз жолыммен кеттім. Мұнда қате­леспегенім үшін бақыттымын». Бұрын отбасында бұрыннан әлем чемпионы деген атағы бар Аленаның бұл жөніндегі мәртебесі жоғары саналып келсе, енді олар сол орындарын алмасып алған сияқты.

Дерек пен дәйек

Олимпиададағы ең биік және ең салмағы ауыр қатысушы – хоккейден «Бостон Брюнс» командасы мен Словакия құрамасының капитаны Здено Хара. Оның бойы 206 см болса, салмағы 117 кг тартады. Ең аласа бойлы спортшы жапон мәнерлеп сырғанаушы қызы Наруми Такахаси екен. Оның бойы 146 см ғана болып шықты.  Ал салмақтары ең жеңілдер қатарында үш олимпиадашы бар. Олар – украин фристайлшысы Александр Окипнюк, австриялық трамплиннен секіруші Кьяра Хельцль және 9-сыныпта оқитын германиялық шорт-трекші Анна Зайдель. Бұлардың әрбірінің жеке салмағы – 43 кг.  Олимпиадаға қатысушылар арасында ең жасы – трамплиннен секіруші неміс қызы Джанини Эрнст. Ол 1998 жылғы 31 желтоқсанда туған. Бұдан кейінгі орында 1998 жылғы 29 қарашада туған жапон сноубордшы жасөспірімі Аюму Хирано тұр.  Жастары ең үлкен спортшылар қатарында да екі адам бар. Олардың ең «кәрісі» тегі мексикалық неміс ханзадасы, тау шаңғысымен айналысушы Хубертус фон Хохенлохе 1959 жылы 2 ақ­панда дүниеге келсе, келесісі – Доминика аралының өкілі, шаң­­ғы­шы Анжелика Моррон ди Сильвестри 1965 жылы 25 қара­шада туған. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.