21 Ақпан, 2014

Ұйымшылдық игілікке жеткізер

734 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_6509 Туған жер қашанда ыстық. Мен үшін Сыр өңірі, оның ішінде киелі Жаңақорған топырағы аса қастерлі, көркем, жаныма жақын. Оның әрбір жаңалығына елеңдеп, жетістіктеріне сүйсініп отырамын. Білім-ғылым қуып, қызметке араласып, оншақты жылдан бері жырақта – Алматы мен Астана қалаларында жүргеніммен құт дарып, ризығы тасыған қасиетті ауылыма жиірек барып, ата-ана, ағайын-туыспен қауышып, аунап-қунап қайтуға құмартып тұрамын. Жүрегімнің төрінде жылы ұшырасуларды аңсау сезімімен қатар ортақ мүдде, елдік ұлы мұрат жолындағы аудан жұртшылығының құл­шыныстары мен оның нәти­желерін көзбен көру, көңілмен ұғыну ынтызарлығы да тұрады. Өткен күзде осындай бір шуа­қ­ты сапардың сәті түсті. Ауданымыздың қақпасы саналатын Жаңақорған кенті әлдеқайда гүлденіп-көркейе түсіпті. Тәжірибесі мол, қай істің де көзін таба білетін Сұлтанбек Тәуіпбайұлы абаттандыру мәселесіне айрықша бетбұрыс жасағаны көрініп-ақ тұр. Көшелер түгелдей дер­лік асфальтталған. Тақ­тай­дай тегіс жолдармен әрілі-берлі жүйткіген жеңіл көлік­тер, мекемелердің зәулім ғи­ма­раттары, әсем де еңселі тұрғын үйлер, «Нұрасыл» базары, өзге де сауда орындары жергілікті тұрғындардың тұрмыс деңгейі жоғарылап, дәулеттері артқандығының нақты айғағы десек, әсірелей айтқандық болмас. Өйткені, ауыл шаруашылығын серпінді дамытумен бірге өндірісі де өркендеу жолына түскен ауданның экономикалық қуаты артып, мәдени-әлеуметтік жағынан да жедел ілгерілеп келеді. Елiмiзде қабылданған ин­дустриялық-инновациялық да­­му бағдарламасы ел эко­но­­микасының дамуын айқын­дайтын негiзгi бағыт болып келедi. Бұл бағдарламаның iске асуына Елбасы ерекше назар аударуда. Осы бағдарлама аясында облыста 22 жоба iске қосылса, Жаңақорған ауданында 5 жоба жүзеге асырылыпты. 1 жоба республикалық даму картасына, 4 жоба аймақтық даму картасына енiп отыр. Олардың жалпы құны 33 млрд. 982 млн. теңге. Даму картасынан тыс 3 жоба iске асырылды. Олардың құны 14 млрд. 295,5 млн. теңге. Ашылған жұмыс орындары – 502. Жалпы алғанда 2010-2013 жылдары өндiрiс саласына 48 млрд. 277 млн. теңгеден астам инвестиция салынып, жаңадан 987 жұмыс орындары ашылыпты. Өнеркәсiп өндiрiсiнiң өсiмi 2012 жылы 20 млрд. 955 млн. теңге болып, 3 жылда 4 есе артқан. 2013 жылы өнеркәсiп өнiмдерiнiң көлемi 24 млрд. теңгеге жетiп, облыстың аудандары арасында алдыңғы орын­дарда болды. Алдағы жыл­дары, индустриялық-ин­но­вациялық дамудың екiн­шi бесжылдығында ауданда бiрнеше инвестициялық жоба iске асырылуы жоспарлануда. Жоба бастамашыларымен жобаларды нақтылау жұмыстары жүргiзiлуде. Олар: «Шалқия ЦИНК ЛТД» ЖШС кен байыту фабрикасы, «Сырцемент» ЖШС-нiң қуаты жылына 700 мың тонна цемент өнiмiн шығаратын зауытының құрылысы, қуаты 50 Мвт күн электр стансасы, полиэтилен құбырлар зауыты, минералды тыңайтқыш зауыты және басқалар. Ауданда өнеркәсiп өнiмдерiн өндiру 2012 жылы 16114 млн. теңгенi құраса, 2013 жылы 24476 млн. теңге болып, өсiм 152 пайызға жеттi. «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Тату-Агро» шаруа қожалығының томат өңдеу зауытын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшiн құны 331 млн. теңге болатын жоба жасалып, аймақтық үйлестiру кеңесiнде мақұлданды. Бұл жоба тек қана зауыт мәселесiн шешiп қоймайды, Бесарық, Кеңес және Манап ауылдарын электр қуатымен қамтамасыз етудi жақсартады. Сондықтан бұл әлеуметтiк маңызы бар жобаны iске асыру аса қажет. 2014-2016 жылдары ауданға 60 млрд.-қа жуық теңгенiң инвестициясы тартылады деп күтiлуде. Аталып өткен iрi жобалардан басқа бiрнеше орта және шағын өндiрiс пен қызмет көрсету орындары ашылып жұмыс жасауда. Көп жылдардан берi аудан орталығындағы базар мәселесi шешiлмей келетiн. Жүргiзiлген жұмыстар нәтижесiнде жаңадан құны 170 млн. теңге, сауда алаңы 1200 шаршы метр болатын «Нұрасыл» сауда үйi салынып, пайдалануға берiлдi. «Тасболат и К» ЖШС құны 30,0 млн. теңге, тәулiктiк қуаты 60,0 тонна күрiш ақтайтын зауытты iске қосты. Жаңадан 2 кондитер цехы ашылды. Қабырғалық құрылыс блоктарын шығару қарқын алуда. Аудан орталығынан кiшi кәсiпкерлiкке арналған шағын индустриялық аймақ құру бағытында жұмыстар қызу жүргiзiлуде. Бұл өз кезегiнде шағын кәсiпкерлiктiң өндiрiстiк саласын дамытуға ықпал етедi. Мұнда наубайханалар, кондитер, темiр және ағаш өңдеу цехтарын, түрлi шеберханалар мен басқа шағын өндiрiс орындарын ашуға болады. Аудан халқын азық-түлiкпен және тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуді, басқа да түрлi қызметтер көрсетудi шағын кәсiпкерлiк нысандары атқарып келедi. 2013 жылы тiркелген шағын кәсiпкерлiк субъектiлер саны – 2501, оның 181-і заңды тұлғалар, 579 шаруа қожалықтары, 1741 жеке кәсiпкерлер, олардағы жұмыспен қамтылғандар саны 5358 адамға жеттi, 5 млрд. 335 млн. теңгенiң өнiмдерi (оның 4 млрд. 887 млн. теңгесi өнеркәсiп өнiмдерi) өндiрiлiп, түрлi қызметтердi көрсеттi. Аудан орталығындағы микро­кре­диттiк ұйымдар 2013 жылы аудан тұрғындарына 274 млн. теңге несие бердi. «Қамқоршы» несие серiктестiгi аудан кәсiпкерлерiне 155,1 млн. теңге несие таратты. Мұның бәрі оңай алына салған асу емес. Сексен жылдық тарихы бар аудан географиялық орналасуы жағынан егіншілік пен мал шаруашылығына өте қолайлы. Қаратаудың қойнауында көктем мен жаз айларында қаулай өсетін жұғымды да шүйгін шөптер, мөлдір бұлақтар мен сылдырлай аққан шағын өзендер төрт түліктің қоңдануына, өсіп-өнуіне аса жайлы. Ауданды қақ жарып ағып жатқан Сырдария өзенінің қос қапталы да мал азығына тұнып тұр. Жердің асты түсті металл, тағы басқа қазба байлықтың түр-түріне толы. Десек те, осынау ел дамуына пайдасы орасан қазынаны орайын келтіре игеріп, халық игілігіне жарату асқан ыждағаттылықты, тиянақты да ілкімді іс-әрекетті қажет етері даусыз. Жергілікті тұрғындардың ауызбіршілігі, ортақ мүддеге деген оң көзқарасы әруақытта мол табысты еншілеуге негіз қалайды. Басшы беделінің артуы мен абырой арқауы іскерлік пен парасаттылық десек, бұл тұрғыда аудан әкімі О.Тәуіпбаев үлгі тұтуға, мақтан етуге әбден лайық. Өзіне сеніп тапсырылған мәртебелі міндеттерді жоғары деңгейде атқарудағы ұтымды ұйымдастырушылығы ғалымға тән ізденісімен тығыз ұштасып, үздіксіз ілгерілеу мен жарқын жаңалықтарға құштарлығы, жан тазалығы мен қарапайымдығы жаңақорғандық ізгі ниеттілер арасында «өмірі өнегемен өрілген ақжарқын азамат екен» деген алғаусыз пікір қалыптасуына өзек болып үлгеріпті. Ауданда 2013 жылы 29261 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егілді, өткен жылмен салыстырғанда егістің көлемі 1467 (107,9 %) гектарға артты. Бұл негізінен малазығындық да­қыл­дардың есебінен болды. Бар­лық дәнді дақылдар 11410 гектар бол­са, оның ішінде 8226 гектар кү­ріш, 2192 гектар күздік бидай, ар­па, 430 гектар тары, 502 гек­­тар дән­дік жүгері, 526 гектар мақ­сары мен күнбағыс, 2876 гектар кар­топ, бақша, көкөніс, 4906 гектар жа­­ңа жоңышқа егіліп, 9603 гектар ескі жоңышқа күтімге алынып, агротехникалық талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар жасалды. 688 шаруашылық құ­ры­лымдары өндіріспен айна­лысуда, оның  355-і егін шаруа­­шылығы және 333-і мал шаруашылығында жұмыс жасап, 7214 адам тұрақты еңбек етуде. Егін шаруашылығында тамшылатып суару технологиясымен 3 шаруашылықта 81 гектар жеміс-жидек, жүзім дақылдары егілді. «Серікбай» шаруа қожалығындағы жылыжайда 35 тонна қияр өндіріліп, халыққа сатылды. Жылыжай көлемі 0,7 гектар, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тұқым шаруашылығын дамытуда өзіндік орны бар «Түгіскен» шаруашылығы мем­ле­­кет қамқорында, облыс әкім­дігінің тікелей көмегі арқа­сын­да көктемгі егісін дер кезінде егіп алуына мүмкіндік болды. Шаруашылықтың өндірісі қалып­ты жүйеде жүргізілуде, мол өнім алудың негізі жасалған. Қаратөбе және Манап ауылдық округі мен Талап бекетінің ауыз- су жүйелерін қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстарына «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 474056,0 мың теңге, облыстық бюджеттен Қаратөбе, Кейден және Манап ауылдық округі және Талап бекетінің ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту мен құрылыс жұмыстарына 249724,0 мың теңге қаржы қаралды. Ауданның құрылыс саласына 2012 жылы 2 128 365 мың теңге қаржы бөлінсе, 2013 жылы 3 268 833 мың теңге қаржы бөлініп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 53,6 пайызға ұлғайды. Білім беру, мәдениет салаларының нысандарына 1 961 449 мың теңге қаржы бөлініп, 7 мектеп, 2 балабақша, 1 клуб үйінің ғимараттары салынуда. 2 мектеп және аудандық мәдениет үйінің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. 6 ауылдың ішкі жолдарын орташа жөндеуге 321057 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары, тұрғын үй бағдарламасы бойынша бөлінген 22547 мың теңге қаржыға екі арендалық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Дегенмен, шешімін таппаған проблемалық мәселелер де бар­шылық. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Жаңақорған кентінде жа­ңадан ашылған Саяжай, Ипподром, МАИ бекеті, Алты­крант аумақтарынан жеке тұрғын үй құрылысын салуға 2244 жер телімі беріліп, олардың 1819-на тұрғын үйлер бой көтерді. 2012 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 5 млн. теңге қаржыға осы аумақтың инфрақұрылымдарын дамыту мақсатында 418 828 мың теңгенің жобалау-сметалық құжаттары жасалынып, тиісті орындарға қаржыландыруға ұсынылғанымен бүгінгі күнге дейін қаржыландырылмай тұр. Сонымен бірге, «Қызылорда об­лысындағы инженерлік-комму­ни­кациялық инфрақұрылымды дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасына» сәйкес ауданнан 4,453 млрд. теңгенің жұмыстарына тапсырыс берілген. Оның ішінде 2014 жылға жобалау-сметалық құжаттарын жасатуға 32,5 млн. теңге қаржы қажет. Бұлар енді болашақтың шаруасы. Гүлжазира ЕРТАСОВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті  журналистика және саясаттану факультетінің аға оқытушысы. Астана – Жаңақорған – Астана.