Бокс • 03 Қараша, 2021

ӘЧ: Финалда қанша қазақ боксшысы жұдырықтасуы мүмкін?

625 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сербия астанасы Белград қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына жеткен қазақ боксшыларының қарсыластарының әлеуеті қандай? Біздіңше бірнеше боксшымыз финалға шығатын секілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ӘЧ: Финалда қанша қазақ боксшысы жұдырықтасуы мүмкін?

Теміртас қарсыласын жеңе ала ма?

Бірінші болып шаршы алаңға көтерілетін 48 кило салмақтағы үкілі үмітіміз Теміртас Жүсіповтің финалға шығуға мүмкіндігі мол. Бұл әлем чемпионаты Теміртас үшін соңғы жарыс болуы ықтимал. 33 жастағы тәжірибелі боксшы мұны жақсы түсінеді. Оның қарсыласы – Беларусь боксшысы Йохани Кармельчук. Әрине, жартылай финалға жеткен Беларусь боксшысы оңай шағылатын жаңғақ емес. Алайда талай жарыста шыңдалған Теміртас барлық техникалық арсеналын көрсетіп, қажет кезде екінші нөмірде жұдырықтасып, жеңіске жетеді деген ойдамыз. Бір анығы Теміртас Жүсіпов Белградтан алтынмен қайтуға бар күшін салады. Бұйыра ма, жоқ па? Уақыт көрсетеді.

Бибосынов сөзінде тұрса дейміз

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 51 кило салмақтағы саңлағымыз Сәкен Бибосынов жартылай финалда тайландтық Занарат Саенджфетпен қолғап түйістіреді. Тайланд жігіті мықты дайындықпен келген. Бибосыновтың сақ бокстасқаны, қорғанысты нығырлағаны, ара қашықтықты дұрыс ұстай білгені дұрыс. Сәкен кейде шоу жасағысы келіп, ойнақтап кетеді. Қарсыласын әрі-бері айналдырып жүріп, қажет кезінде соққыларын дарыта білсе, жеңіс Сәкен жақта болатыны сөзсіз. Тек, ортада тік тұрып төбелеспесе болғаны. Бір анығы ол Олимпиададағы қола жүлдесіне әлем чемпионатының алтынын қосқысы келеді. Өзі солай деген. Сөзінде тұрса, шіркін.

Сабырханға сабыр керек

54 кило салмақтағы Махмұд Сабырхан әлем чемпионатында тамаша бокс көрсетіп жүр. Оның оқтаулы қолы қарсыластарын қаймықтыратыны сөзсіз. Өзі «жанып» кетпесе, үнді жігіті Акаш Кумар қазақ оғланының жылдамдығына ілесе алмайды. Оның үстіне осы әлем чемпионатында ең көп соққы жұмсауымен дараланған да біздің Сабырхан. Дәлдік тұрғысынан да Махмұдтың мысы басым. Сауатты жұдырықтасса, әлем чемпионы атануға ең лайықты боксшымыз да осы жігіт.

Серікке оңай соқпайды

Әрине, болмағанды болжаудың қажеті жоқ. Әйтсе де, 57 кило салмақтағы Серік Теміржановтың финалға жолдама алуы қиын деп пайымдаймыз. Қарсыласы – кубалық Гарсия Кабалерро. Кубалық боксшылар қорғана жүріп, өткір шабуылдар ұйымдастыратынын ескерсек, басымдықты салған жерден қолға алуға тырысатын Серіктің ашық қалатын тұсы көп екенін бағамдасақ, жеңіске жету қиындай түспек. Біздіңше Серікке бұйыратыны – әлем чемпионатының қола медалі. Сөзімізді жоққа шығарса, бек қуанамыз.

Абылайхан абай болса дейміз

Ұлттық құраманың капитаны Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда жапон жігіті Севонретс Оказавамен қолғап түйістіреді. Жапон боксшысы артық ешнәрсе ойлап таппайды. Екінші нөмірде жұдырықтасады. Абылайханның мүлт кеткен тұсын ұтымды пайдаланып, қарсы соққыларын дөп тигізуге тырысады. Сондықтан Абылайхан сақ болуы керек. Қарсыластың қорғанысы осал емес. Шабуылы да жақсы. Әрине, біз Абылайханға сенеміз. Ол әлем чемпионатының «мәңгілік» қола жүлдегері болмау үшін (екі рет қола алған) барын салар...

Қысқасы, біздіңше әлем чемпионатының финалында төрт қазақ боксшысы ел намысын қорғауы мүмкін. Солардың екеуі алтын жүлде алса – тамаша табыс. Алтын медаль саны одан асып жатса, бек қуанышты боламыз!