Қоғам • 03 Қараша, 2021

Қарттарын қадірлеген ел озады

301 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дархан даланың даналығын шым-шымдап бойына жиған хал­қымыздың сан ғасырдан бері көкірегіне құйған құндылығының ішінде жасы ұлғайғандарды құрметтеу, өнегелі өмірлерін кейінгі ұрпаққа тәлім ету берік дәстүрге айналған. 

Қарттарын қадірлеген ел озады

Өңірде ізгі ниетті адамдар аға буынға ізет білдіріп, қам­қор­лық көрсетуден өзара жарыс­қа түс­кендей. Алуан-алуан тағ­дыр­дың тәлімді тұсы – жас ұр­пақ­тың адастырмас темірқазығы. Отаны­мыздың өсіп-өркендеуіне, тұрмыс-салттың жаңғыруына көкі­­регі қазына ардақты қарт­тары­­мыз­дың қосып отырған үле­сін айрықша мақтаныш сезім­мен ауыз толтырып айтуға әбден бола­ды. Жалғыз қарттар айлы­ғын­да ғана емес, өне бойы жалғызі­лік­ті зейнеткерлер мен қарт мүге­дектер жүрек жылуын, жан шұғы­ласын сезініп, құрметке бөлену­де. Бір айта кетерлігі, қарт­тар ай­лығы қарсаңында ақпа­рат құрал­дарында, әлеуметтік желі­лерде мүгедектер мен жалғызбасты қария­ларға қайырымдылық көр­сету туралы тың бастамалар көтерілді. Бұл бастамаға әртүрлі деңгейдегі билік өкілдері, бизнес қауымдастықтары, тұтас еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар үн қосып, қолдап әкетті. Осы бір мысалдан-ақ қоғамның ізгілігін, ізет­тілігін, адамдардың бо­йын­дағы кемел кісілік пен ай­қын адам­гер­шілікті аңғаруға болады. Көмек жасауға пейілді адам­дар­дың арқасында 111 мыңнан астам аға буын өкілдеріне қолғабыс жасалды. Осы бір берік дәстүр қай уақытта болса да жүрек жылытып, жан жадыратары сөзсіз.

Облыстық ардагерлер ұйымы­ның құрамында 849 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 18 Ұлы Отан соғысына қатысу­шы мен мүгедек, 1 мыңға жуық соғыс­қа қатысушыларға теңес­тіріл­гендер, 3 175 тыл ардагері, 700-ден астам ауған соғысына қатыс­­ушы, 55 Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жою­ға қатысушы бар.

– Біздің қызметіміздің басты ұраны – «Бірде-бір ардагер назардан тыс қалмайды» бағытын ұстана отырып, айлық кезеңіне белгіленген шараларды өткізу барысында қарт адамдарды қамту. Өткен мерзім ішінде облыстың ардагерлер ұйымдары аудандық, қалалық, ауылдық әкімдіктермен бірлесе отырып, 1 522 қоғамдық шара өткізді, оның ішінде 209 дөңгелек үстел, конференция мен кездесу ұйымдастырылды, 183 қайырымдылық сенбілік, 79 әлеуметтік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, медицина мекеме­лерінде 239 ашық есік күні, 824 концерт, 170-тен астам спорттық шара ұйымдастырылды, 13 332 зей­­­­н­ет­­­кердің тегін және жеңіл­­детіл­­ген бағамен дәрі-дәр­мек­пен, 1 300 зейнеткердің газет-жур­нал­дар­­ға жазылуын қамтамасыз етті. 1 317 адам шипажай-сауық­ты­ру меке­мелерінде денсау­лық­т­арын түзе­ді, – дейді облыс­тық ар­­да­­гер­лер кеңесінің төраға­сы Ғос­ман Төле­ғұл, – сол сияқ­ты 63 тұр­ғын үйге жөн­деу жұмыс­тары жүр­гізілді, 67 адам­ға комму­нал­дық қыз­мет көмегі көр­сеті­ліп, 13 460 адамға тегін немесе же­ңіл­­детілген бағамен дәрі-дәр­мек­­тер әперілді, 31 430 қарт адам мен мүгедек азық-түлікпен қам­та­масыз етілді, 542 қария мен мүге­декке БАҚ-қа тегін жазылу жүзе­ге асырылды, 231 ардагерге ши­па­жайлар мен сауықтыру орта­лық­тарына тегін жолдама, 52 891 адамға қаржылай көмек және басқа да жәрдем түрлері көрсетілді.

Әлемді жаман тұмау жайламай тұрған уақытта әдетте арда­герлерді әкімдіктерге, кәсіп­орындарға, мәдениет үй­лері­не арнайы шақырып, сый-сия­пат табыс етіліп, дастарқан жа­йы­лып, дәм тататын. Былтырдан бастап мұндай мүмкіндік жоқ. Әйтсе де осындай шаралардың бар­лы­ғы жеке кездесулер арқылы жү­зеге асырылуда. Мүгедектерге, күн­­көрісі төмен ардагерлерге қар­­жылай көмек көрсетілуде. Бұл орайда, жастар жасақтаған ерік­ті қоғамдардың ерен ісін сүйіс­пен­шілікпен айта кетуге бол­ады. Олар қарға адым жер мұң болып қалған қариялардың үйлерін­е барып дәрі-дәрмектерін, азық-түлік­терін жеткізіп беруге қолғабыс жасауда. Айталық, екі мыңға жуық отбасына облыс орта­лығындағы ұжымдардың есебінен азық-түлік себеттері тара­тылып, ақшалай көмек көр­сетілді. Асылында, мұндай жұ­мыс бір айдың шеңберінде ғана емес, жыл бойы жүргізіледі. Степногорск қаласында, Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау, Біржан сал, Бурабай аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеуде.

Айтары мол аға буын қоғам­дық-саяси оқиғалардан да тыс қалып көрген емес. Өздерінің өмір­лік бай тәжірибелеріне, білім­деріне сүйене отырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосуда. Айталық, Ұлы Жеңіс­­тің 76 жылдығына орай майдан­гер­лерге көмек көрсетіліп, кез­десу­лер өткізілді. Жылыжүзді мұн­дай жүздесулерде жастарға патриот­тық тәрбие беру мәсе­лесіне айрықша назар аударылуда. Бір әттеген-айы, облыс «қы­зыл аймақтың» санатынан шыға алмай тұрғандықтан мұндай шара­лар­дың басым көпшілігі онлайн режімінде өткізілуде.

Екінші дүниежүзілік соғыс­та қаза тауып, тағдыры белгі­сіз болып қал­ған жауынгерлер­дің зираттарын іздеу, анықтау, табылған күн­де сүйектерін елге жеткізу жұ­мыс­тары жалғасын табуда. Ленин­градты қорғауға қатысқан жерлесіміз Кенжебек Болтаевтың дерегі 2018 жылдың 3 мамырында табылып, топырақ туған жерден бұйырды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Аға буынды сыйлау, қалтқы­сыз құрмет көрсету Алаш баласы­ның бойындағы шуақты сезімдер. Бүгінгі ұрпақтың басты парызы, заманында туған елі мен жері үшін табаны тастан таймаған тарланбоздай адал қызмет еткен аталар мен әжелерге құрмет көр­сету. Сол құрметтің бар екен­дігі, жылдан-жылға дамып, мазмұн­дық тұрғыдан байып келе жатқан­дығы қуантады.