«Жаңа кәсіпорындарға келсек, 2025 жылға қарай 72 ірі кәсіпорын, оның ішінде 66 металлургия, 3 химия және 3 цемент зауытын салу жоспарлануда. Ол кәсіпорындар бойынша кешенді экологиялық сараптама жүргізіледі. Ең озық, қолжетімді технологияларды қолданып және белгіленген барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып, олардың құрылысы қамтамасыз етіледі», деді Қайырбек Өскенбаев.
Сондай-ақ, ол экологиялық таза көлік өндірісін дамыту үшін Саран және Алматы қалаларында YUTONG, Golden Dragon электр автобустары, Қостанай қаласында JAC iEV7s электромобилі өндіріле бастағанын атады.
«Бұдан басқа, 2022 жылдан бастап Hyundai Ioniq электромобильдері, 2023 жылдан бастап KIA EV6 өндірісі басталады. Электромобильдер мен электр автобустары инфрақұрылымын құру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларында 110 электр зарядтау станциялары орнатылды. Электр тартымды автомобильдерді сатып алуды ынталандыру үшін Қазақстанда электромобильдердің иелері көлік салығын төлеуден босатылды», деді министрдің бірінші орынбасары.