Қоғам • 04 Қараша, 2021

Мүгедектік күтім үшін жаңа жәрдемақы енгізілді

1616 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, Қазақстанда I топ мүгедегіне күтім жасайтын адамдарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде жәрдемақы енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мүгедектік күтім үшін жаңа жәрдемақы енгізілді

Заңды іске асыру үшін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің «Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 3 маусымдағы №445 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

I топтағы мүгедекке күтім жасайтын адамдар аталған жәрдемақыны алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелеріне өтініш беріп, оған келесі құжаттарды қоса тапсырады:

  • Жеке басын куәландыратын құжат (жеке куәлік, қандас куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің тұруға ықтиярхаты немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат);
  • I топтағы мүгедекке қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленгенін растайтын құжат (ондай дерек болған жағдайда);
  • Күтім жүзеге асырылатын адамның мүгедектігі туралы анықтама;
  • Сәйкестендіру үшін - жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйымдағы банк шотының нөмірі туралы мәліметтерді растайтын құжат;
  • Психикалық денсаулық орталығында есепте тұру дерегінің жоқтығы туралы анықтама.

Күтімді жүзеге асырушы ретінде айқындалған адамның әрекет қабілеттілігі туралы мәліметтер жеке басын куәландыратын құжат бойынша ҚР Әділет министрлігінің «Жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқоры» ақпараттық жүйесінде тексеріледі.