Елімізде мәслихат институтының енгізілгеніне 20 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай әңгіме қозғасақ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты осы деңгейдегі еліміздегі ең үлкен депутаттық корпус болып табылады. Бүгінде бұл мәслихатта 50 депутат елдің аманатын арқалап жүр. Әрине, депутаттың да депутаты бар. Халық қалаулысы атану тек төсбелгіні кеудеге тағып, сессия жиынына қатысу ғана емес. Бір сәт мәслихаттардың жұмысына тереңірек үңілсеңіз, мұнда да қайнаған тіршілік, қарбаласты байқар едіңіз.
Ендеше, осынау үлкен корпустың жұмысы, халық қалаулыларының белсенділігі қандай? Депутаттар халық алдындағы аманатына адал ма? Міне, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Құдайберген ЕРЖАНМЕН сұхбатымыз осы сұрақтардан басталды.
– Өз басым осымен үшінші мәрте қатарынан депутат болып жұмыс істеп жатырмын, –деп бастады әңгімесін Құдайберген Төлепұлы. – Бірінші сайланған кезде жұмысқа белсене кірісіп кеткеніммен, көп мәселені түсінбей жүрдім. Депутат болу – өте жауапты міндет. Барлық әріптестерім қанағаттанарлық деңгейде жұмыс істеп жүр деп толық сеніммен айта аламын. Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауларынан туындаған міндеттерді және Үкіметке, жергілікті билікке берген тапсырмаларын орындау бойынша облыста жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Оңтүстік – бүгінде мемлекеттік саясаттың арқасында қарқынды дамып отырған аймақ. Жалпы, өңірлік өнім өткен жылдың қорытындысымен 1,8 трлн. теңгені құрап, биылғы жылы 2 трлн. теңгеден асқалы отыр. Республикадағы үлесі бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Бұл – экономиканың дамып, облыс қазынасындағы қаржының жеткілікті болуының нәтижесі. Жуырда үшжылдық облыстық бюджетті, сонымен қатар, 2014 жылға 273,6 миллиард теңгені бекіттік. Бұл облыстың үлкен жетістігі деп есептеймін. Табысымыздың тасқындай түсуінде облыстық мәслихат депутаттарының да үлесі бар.
Негізі, депутаттардың жұмысына баға беретін сайлаушылар. Ал депутаттар экономиканың дамып, молая түсуіне, қазына қоржынындағы қаржының барлық саланы қамтуына өз үлесін қосуын халық алдындағы борышы деп санайды.
Айтайын дегенім, халық қалаулылары елге, өзіне сенім білдірген жұрттың жағдайын жасауға шындап ден қойды. Өз округтеріндегі шешілмей жатқан проблемаларды ашық айтып, нақты талап ете алғандықтан болар, кей жиындарымыз талас-тартысқа да ұласып жатады. Мұндай талас-тартыстың өзі депутаттарымыздың белсенділігі өте жоғары, әрбір іске жіті мән беретіні, ең бастысы, әр істі өте әділ шешетінін байқатса керек.
– Қай сессия жұмысы өзінің қиындығымен есте қалды? Яғни, халық қалаулылары қандай мәселелерді шешуде ұзақ талқылауларға барады?
–Бәріміз де студент болғанбыз немесе студенттік өмірді жақсы білеміз. Студент үшін алдағы сессиядан қиын сынақ жоқ. Дәл сол сияқты бізде де алдағы сессиядан қиын жиын жоқ. Әріптестерім қай салаға да қатысты мәселелерді алдын ала тұрақты комиссияларда жан-жақты қарап, тереңінен зерттеп, қызу талқылап барып, сессия қарауына шығарады.
Жасыратыны жоқ, әр сессияны өткізер алдында біздің қызметкерлер қатты қобалжиды. Жалпы, қобалжу адамның бойында жауапкершілік деген қасиеттің барын білдіреді. Кейде, әкімшілік құжаттарының кешігіп келуі де адамды тығырыққа тірейтіні бар. Халық қалаулысының «Ана құжат менің қолыма кеш тиді, танысып үлгере алмадым», деп сын айтуы біздің қызметкерлер үшін өте ауыр сөз. Сондықтан сессияға тыңғылықты дайындаламыз. Сессия кезінде төрдегі алқа құрамында отырғандықтан, депутаттардың әрбір қимылы, эмоциясы, айтқан сөздері маған өте жақсы көрінеді. Кей кездері шыдай алмай, ортаға киіп кетіп, оларды сабырға шақыратыным бар. Жалпы, сессияда кез келген депутаттың атына сын айтылса, сол сөз ең алдымен маған айтылғандай, маған атылған жебедей сезініп, қиналамын.
– Мәслихат депутатының басты міндеті не? Қарапайым халық көбінесе депутаттар елдің әлеуметтік тұрмысына өз қалтасынан көмектесуі керек деп ойлайды. Әрине, жағдайы келіп жатса, қайырымдылық істермен айналысуға ешқандай қарсылық жоқ. Бірақ, депутат тек осындай істерімен ғана халыққа жағуы керек пе?
– Негізі, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты – жергілікті өкілді орган. Яғни, облыстың халқы сайлайтын, жұртшылықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, оны іске асыру үшін қажетті шаралар белгілейтін әрі олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Ол өз қызметінде бірінші кезекте заңнамаларды басшылыққа алады. Заң мәслихаттарға жергілікті бюджеттерді, аймақтық жоспарлар мен әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын бекіту әрі бақылау, сондай-ақ, әкімдерді бекітуге келісім беру-бермеу құқын берген және экономикада сияқты, әлеуметтік саладағы хал-ахуалдың маңызды мәселелерін шешуге мүмкіндік беретін қуатты қару.
Заңмен белгіленген құзыретін және өкілеттіктерін жүзеге асыру мақсатында, облыстық мәслихатта 5 тұрақты комиссия құрылған.
Рас, қарапайым халық арасында өздері сайлаған депутаттан нақты көмек, қаржылай қолдау күтетіндері көп. Ел арасына барған кезде «Пәлен депутат бір вагон ұн таратыпты, көмір алып беріпті», деген әңгімелерді естіп қалатыным бар. Мен өзімді депутат болып сайланғанда қолдау көрсеткен халыққа «Мен сіздер үшін қаржы шашамын немесе ұн таратып, көмір алып беремін деп айта алмаймын. Ұнды бір ай ас қылып, көмірді бір қыс жағарсыздар, сонымен ұмыт болады. Одан да сіздер осы бүкіл елдің мәселесін, шешілмей жатқан проблемаларды айтыңыздар. Оның рахатын бір отбасы емес, бүкіл ауыл, бүтін аймақ көрсін», деп ашып айтқанмын.
Сөзіміздің басында кешегі депутат пен бүгінгі депутаттың мүмкіншілігі жер мен көктей екенін айттық қой. Кешегі қаржының тапшылығы алқымнан алып тұрған жылдарда халық қалаулыларының көбісі демеушілік жасап, округтеріндегі мектеп, емхана, басқа да әлеуметтік нысандарға азды-көпті қол ұшын созып жататын. Қазір мұның бәрі бюджеттің мойнында. Рас, қайырымдылық іс-шараларынан мүлдем қол үзіп кеттік деп те айта алмаймын. Мәслихатқа ауыл-аймақтан көмек сұрап келетін жандар көп. Мысалы, өз округімнен ерлі-зайыпты мылқау жандар жалғыз қыздарының жанары нашарлап, соның көзіне ота жасатуға қаржылай көмек сұрап келді. Өте аянышты жағдай. Кәсіподақ есебінен көмек көрсеттік. Шардарада жүргенімде әжептеуір бүп-бүтін үйді біреулердің бұзып жатқанын байқап қалдым. Осы үйге араша тұрдым, нәтижесінде жөнделіп, бүгінде 7 отбасы баспана етіп отыр.
Міне, осылайша өзімнің және шардаралық кәсіпкерлердің қолдауымен жағдайы жоқ бір отбасының шатырын жауып берсек, енді бірде пәтерлерін жөндеп беріп жатамыз. Бірақ, депутаттың ең басты міндеті тек қайырымдылық жасау емес. Ол облыс бюджетінің тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қадағалап, өзіне аманат арқалатқан елдің жоғын жоқтап, сенімін ақтау. Өз басым елдің жағдайын білу мақсатында елді мекендерге жиі шығып тұрамын. Ауыл тұрғындары Елбасының жүргізіп жатқан саясатын тиянақты орындап отырған облыс басшысының ісіне дән риза. Елбасының алға қойған міндеттері бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында халық қалаулыларының қолдауымен, облыс әкімдігі тарапынан жасалатын игілікті іс-шаралардың куәсі болып та жүрмін.
Дәл сол сияқты бүгінде қам-қарекетсіз, не болсаң о бол деп жайбарақат жатқан депутатты көрген жоқпын. Жақында бір депутаттың сайланған жерінен көтерген бір мәселесі қараусыз қалып бара жатқаннан кейін арнайы комиссия құрдық, яғни зерттеп, себебін анықтаймыз. Міне, біздің депутаттардың керек жерде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ұйымшылдық қасиеттері де көп.
–Халық қалаулыларының жергілікті билікпен байланысы, түсіністігі, бірігіп жұмыс атқару жағы қалай?
– Бүгінгі таңда облыстық мәслихат депутаттары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы аясында облыс халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға арналған жергілікті биліктің барлық игі бастамаларын қолдап, бірлесе отырып, ел, халық алдындағы борышын атқаруға іс-шаралар атқарып келеді. Депутаттардың сессияда айтылған ұсыныстары мен сын-ескертпелері, депутаттық сауалдары жинақталып, орындау үшін атқарушы органдарға жіберіледі.
Бекітілген облыстық мәслихаттың жоспарына сәйкес, жылына кемінде бір рет облыс әкімінің оған жүктелген қызметтер мен міндеттердің іске асырылуы туралы есебі, облыс әкімдігінің облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есебі тыңдалып тұрады. Сондай-ақ, заңға сәйкес, облыстық басқармалардың есептері тыңдалуда. Халық қалаулылары тарапынан облыстық мәслихатпен бекітілген бағдарламалардың атқарылуына, әсіресе, салынып жатқан әлеуметтік нысандар құрылыстарының сапалы жүргізілуіне, уақтылы іске қосылуына, аталған іс-әрекеттер бойынша есептерін тыңдауға аса көңіл бөлінуде.
Бүгінгі таңда біздің басты мақсатымыз – қол жеткен табысымызды арттырып, Елбасымыз алға қойып отырған міндеттер мен тапсырмаларды атқару жолында белсенділік танытып, елімізді одан әрі дамытуға күш-жігерімізді жұмсау. Осы бесінші шақырылымда жалпы 22 сессия, оның ішінде 8 жоспарлы сессия өткізіліп, барлығы 190 шешім қабылданды. Депутаттардың ұсыныстары мен сын-ескертпелері облыс әкімдігі тарапынан және тиісті мемлекеттік мекемелердің басшыларынан қолдау тауып, депутаттардың көкейінде жүрген көптеген шешілмей келе жатқан мәселелеріне, сайлаушылардың талап-тілектеріне көңіл бөлініп, оң шешілуіне қол жеткізудеміз. Ал қалың ел, дүйім жұрт болып қол жеткізген көрсеткіштеріміз – облыс экономикасы мен халықтың әл-ауқатын әрі қарай дамытудың алғы шарттары.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.