Мәселен, Президент күні кеше ғана «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Каспий теңізін жерүсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызмет нәтижесінде ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы» заңға қол қойды. Ал оның алдында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға биологиялық әртүрлілікті сақтау туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды бекіткен еді. Осыдан-ақ Каспий теңізіне қатысты жағдайдың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Аталған мақаланы жазу туралы ой әлеуметтік желіде Ресей мамандарының Каспий теңізін үлкен бөгет арқылы бөлу туралы нақты идеясын көргеннен кейін келді. Идея батыл және құрметке лайық және бұл, біздің байқауымызша, өткен ғасырдан тарихи тамыры бар мәселе екен.
Иә, біз керемет мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Қазіргі кездегі адам мүмкіндігінің жасампаздық күші ғаламшарымызды күрт өзгерте алатын қуатқа ие және бұл планета халқының үміті үдесінде – адамдарға, қоршаған ортаға және тұтастай алғанда, бүкіл Жер амандығына қызмет етеді деген сенім бар. Жетекші елдер, тарихи тағдыр ұйғарымымен, осы жаһандық миссияны бүгін белгілі бір дәрежеде алып келе жатыр.
Каспий теңізінің тағдыры адамзатты көптен ойландырып келеді. Мұның себебі де жоқ емес. Іргелес жатқан Арал теңізінің мысалы көз алдымызда... Бұл ретте осынау континенттік теңіз жағдайын жақсарту жолындағы кез келген ізденіс назар аударуға тұрарлық. Каспийді екіге бөлетін бөгет идеясы – солардың бірі. Бірақ осыны ой елегінен өткізсек, көптеген сұрақтар туындай бастайды. Ең алдымен, Құдайдың еркін теңізін сондай дуал бөгеп тұрғанын көзге елестету қиын. Бұл шараның қаржылық және техникалық аспектілеріне тереңдемейік. Олар айтарлықтай қымбатқа түсуі мүмкін. Мәселеге Оңтүстік көршілеріміздің реакциясы қандай болмақ? Каспий – халықаралық ауқымдағы су. Үлкен аумақтардан «шаршап» жеткен Еділ мен Жайықтың ауыр суларынан екінші Байкал іспетті тұщы су айдынын күту де (бөгеттен күтілетін позитивтердің бірі) екіталай. Сонымен бірге бұл өзендер алабында белең ала бастаған ағын азаюын ескерсек, Каспийдегі бөгеттің оңтүстігінде екінші Арал халі орнамасына кім кепіл? Осы қажет пе? Ауқымды аймақтардың өмір шындығына айналған Каспий теңізі факторы мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан.
Біздің назарымызда Азов-Каспий арнасы туралы ой бар. Бұл идеяны Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петербург саммитінде айтты. Табиғаттың генетикалық жады осынау су қатынасын ұмытпаса керек. Осы тарихи факторды жандандыру аса тиімді іс болар еді.
Меніңше, Азов-Каспий арнасының бірқатар артықшылықтары бар. Арнаның бағасы Каспийдегі дуал құнынан төмен болуы мүмкін. Әрі ол қауіпсіз нысан болмақ. Каспий теңізі бұл арнадан ғасырларға кететін, кепілді қосымша су көзін ала алады. Дон атырауының салыстырмалы жұмсақ суы нысанға өзіндік ерекшелік береді. Арнаның тынық ағыны (750 шм-ға 28 метр құлама) шаруашылық-басқару жұмыстары үшін көп жеңіл болмақ. Каспийлік көршілер де бұл қадамды құптар еді. Бұл елдер тиісті саяси-құқықтық база жасау арқылы, канал құрылысына өз үлестерімен қатыса алады. Бұл мемлекеттер осы арна-бұғаз арқасында теңіз елдеріне айналады. Арна Еуразияның үлкен аймағында көптеген маңызды перспективалар ашуы мүмкін.
Әлемдік мұхит деңгейіне де оң әсер күтіледі. Ең бастысы, Каспий тұтастығы сақталады.
Еділ өзеніне тың тыныс беру үшін, Печора мен Вычегда өзендері суының бір бөлігін Еділ алабына бұру идеясына оралған дұрыс болар еді. Кезінде тарихи қажеттілік ұсынған бұл ой бүгін ретсіз ұмытылды. Каспий теңізі мен Еділ өзенінің су проблемасы бедерінде бұл жайт енді айқын көрініс бере бастады.
Бұл шешім нәтижесінде ең кем дегенде, Еділ жаңа тыныс алады.
Қазақстан тиісті саяси және құқықтық база жасау арқылы төменгі жайттармен бұл мәселеге қатыса алар еді. Ресейдің жаңа тарихында Еділден Қазақстанның батыс аймағына су беру ойы біраз айтылды. Идея біз үшін оң нышанды болатын. Ресей үшін де жақсы қайтарым күтілген. Экономикалық тараптан басқа, жаһандық экологиялық әсер болуы да мүмкін еді.
Бұл идеяның нақты нұсқасы бізге белгісіз. Ал осы мақсатқа орай біздің ұсынысымыз, Еділ бойындағы Балаково қаласы маңынан Еділ-Маңғыстау арнасы бастау ала алады. Бұл арна орта Еділдің сол жағалауы далалығын суландыра отырып, Еруслан, Кіші және Үлкен өзендердің жоғарғы ағысын кесіп өтіп, Орал өзенінде Мерген-Чапаев елді мекендеріне жетеді. Мұнда су деңгейі шамамен +20-30 м болатын (Б.Ж. бойынша) су қоймасы салынады. Бұдан әрі Жайық–Бейнеу каналы, 600 шақырымда Маңғыстау облысы жеріне жетеді (Бейнеу елді мекені). Ұзындығы шамамен 1000 ш.м болатын бар арна өзағынды. Бұл оның жұмысын арзан, жеңіл әрі болашақты етеді.
Арнадан Арал теңізіне су тартылуы мүмкін.
Бұл ауқымды шара біздің ойымызша, төменгі Еділ мен Каспий теңізіне нұқсан келтірмейтін, мәселенің ең оңтайлы шешімі болады. Жоғарыда айтылған, Солтүстік өзендері суымен Еділді үстеулеген жағдайда Еділден Батыс Қазақстан даласына су жеткізу жөніндегі мұнан бұрынғы идея мұндай су үстеулеу жұмысын ескермеген сияқты...
Осы ретпен Сібір өзендері ағынының бір бөлігін Тұранға бұру идеясына оралу орынды болар еді. Бұл жоба егжей-тегжейлі пысықталған және жүзеге асуға дайын. Жаңа тарих ауанындағы шаруашылық-экономикалық мәселелер – мамандар құзыретінде. Күтілетін нәтижелер оң.
Кем дегенде Омбы, Түмен облысының оңтүстігінде пайдаланылған Ертіс-
тің суы Қазақстанға қайтып оралуы керек. Бұл, бәрінен бұрын, болашақта Қазақстан қажеттілігі үшін Ертістен ауқымды су алу көлемін азайтуға септеседі. Бұл көлем – өзеннің орта ағысы, екі мемлекет аумағы үшін де қажетті су.
Ертісті Алтайда Қатын өзенімен, Обьті – Енисеймен үстеулеу нұсқалары бар.
Саяси, экономикалық аспектілер, құрылыс параметрлері – мамандар құзырында. Жоғарыда келтірілген кең жағрафия, шын мәнінде, салыстырмалы түрде арзан, қарапайым шешімдермен кестеленеді.
Біз мәселенің экологиялық қырына ой жібере аламыз. Планетаның бүгінгі климаттық ахуалы алаңдатарлық. Есептеулер бойынша, Жердің жылынуы қайтымсыз сипат алды. Шамадан тыс ыстықтар, мұздықтар сарқылуы, құрғақшылық, үскірік аяз, апатты жауын-шашын – өмір шындығына айналды. Бұл мәселелерде ауаның ластануы үдерісінде, кепкен Арал теңізі мен Оңтүстік өлкелерде белең алып бара жатқан шөл басу рөлі соңғы қатарда тұрған жоқ. Бұлардың қайсысының табиғатқа «ауырлау» соққылар ұрып жатқаны мәлімсіз. Біздің аймақтар шындығында: далалар мен ормандарда жойқын өрттер көбейді. Құрғақшылық пен аңызақ желдер тұрақты сипат ала бастады. Оңтүстік, оңтүстік-шығыс желдері Сібір, Еділ далаларына тұрақты түрде құрғақшылық келтіре бастағаны да рас. Енді ненің зияндырақ екенін айту қиын: биік ендік өзендері ағынының бір бөлігін оңтүстікке жеткізу ме, әлде, жоғары ендіктер үшін Оңтүстік шөлдердің белең алып бара жатқан «шабуылы» ма? Қайсысы қатерлірек?
Соңғы отыз жыл көрсеткеніндей, Солтүстік және Сібір өзендері ағынының бір бөлігін Оңтүстікке беруден бас тартудан жағдай пәлендей жақсарған жоқ. Тарихтар талабынан туындаған бұл идеялардан негізсіз бас тартылып, ұмыт қалдырылғанына орынды өкініш бар бүгін.
Жаңа су айдындары, арналар бойындағы жасыл шұраттар, Оңтүстіктің жаңғырған сулары (Аралды қоса), аймақтың бір кездегі экологиялық саламаттылығын біршама деңгейде жандандыруы тиіс. Орталық Азия сулары, өз уақытында, өзді-өзі болған емес. Олар жоғары ендіктерге бет алған Жерорта теңізі мен Каспий циклондарын қанықтырып жатты, Еуразия климатын жұмсартты, зиянды құрғақ желдерді тосқауылдап, олардың апатты әсерлерін басты. Және мұның бәрі жаһандық экологияның құрамдас құбылыстары еді.
Еуразияның орталығында экологиялық және гуманитарлық сипаттағы үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Адамзат өзінің жабық әлемінде тұйықталып, ұзақ қала алмайды. Уақыт шындығы, біздің әлеует бізден бұл бағытта неғұрлым батыл және ақылға қонымды қадамдарды талап етіп тұр.
Бұл жобалар Ресейдің ақыл-ойымен әр деңгейде қаралуда екеніне мен сенімдімін. Біздің көршілік трансшекаралық байланыстарымыз тек өзен суларымен ғана емес, қуатты өмір арналарымен де қабысып жатыр. Ресейдің мол сулары мен Қазақстанның зор транзиттік әлеуеті осындай өзекті міндеттерді үйлесімді түрде шеше алатынына сенім зор.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог