Әлем • 04 Қараша, 2021

Еуропа елдері Facebook-ке қатысты жаңа заң қабылдайды

181 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі айлар Facebook үшін сынаққа толы болып тұр. АҚШ-тағы бірқатар БАҚ әлеуметтік желілер алыбына қатысты түрлі құжаттар жариялап, компания көп ұзамай құлайды деген ой тудырды.

Еуропа елдері Facebook-ке қатысты жаңа заң қабылдайды

Жариялаған құжаттары агент­тіктердің жаңалықтарына негіз болған Facebook әшкерелеу­шісі ретінде танылған Фрэнсис Хауген өткен аптада Британияның заң шығарушы органына жүгініп, компанияның билігін шектеу бойынша жоспар ұсынды. Бұған дейін аталған компанияда өнімдер жөніндегі менеджер қызметін атқарған Ф.Хаугеннің ұсынысы оң қабылданды.

Біріккен Корольдік – Хауген­нің алғашқы тұрағы ғана. Өйткені ол Брюссельде Еуропалық одақ­тың өкілдерімен кездесуді жос­пар­лап отыр. Одан кейін Парижге аттанбақ.

Facebook компаниясына Еуро­­п­адан тіркелген 450 млн қол­­дану­­шы жылына 20 млрд АҚШ дол­лары көлемінде пайда түсі­реді. Бұл – компанияның жыл­дық табысының ширегі. Ал бұл аймақ технологиялық компа­ния­ларға қатысты қатал шаралары­мен танымал. Бұған дейін де Крем­ний алқабының бірқатар меке­месіне моно­полияға қарсы заңды бұз­ға­ны, жеке ақпараттарға қол сұқ­қаны үшін айыппұл салып, жаза қолданылған.

Брюссельдегі ресми тұлғалар Facebook-ті зиян контентпен қалай жұмыс істейтініне қатысты жүйелі түрде тәуелсіз тексеріс өткі­зуге мәжбүр ететін жаңа ере­же­лер дайындап жатыр. Одан бө­лек ережелер материалдарды қол­дану­шыларға ұсынуға қатыс­ты ерекше қорғалатын алгоритм­дерін жариялауға міндеттейді.

Бұл ережемен келіспеген жағдайда, жақында ғана атауы өзгерген компанияға жыл­дық табысының 6 пайызына жуықтай­тын ондаған млрд АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.

Берлин мен Лондон да осындай ереже дайындап жатыр деген сыбыс бар. Кей басылымдар заң жобалары ұлттық парламенттерде талқыланып жатқанын жазады. Сарапшылар Facebook ендігі АҚШ-пен емес, Еуропамен қатынасына алаңдауы керек деген ой айтады. Өйткені еуропалық сая­саткерлер әлеуметтік желілерде жарияланатын материалдарды бірнеше жыл зерттеп, оған қатысты жауапкершілік болу керек деген ойды берік ұстанып отыр.

Контент туралы заң қабыл­данар күн алыс емес. АҚШ-тағы жағдайға қарағанда Еуропалық одақ пен Біріккен Корольдік алпауыт компанияға жауапкершілік жүктеуге асық.

Мұнымен қоса Еуропалық одақ Цифрлы қызметтер туралы заңды қайта қарауға бел буған. Аталған қадам Одақтың Facebook-ке қатынасына да өзге­ріс енгізуі мүмкін. Заңға өзгеріс енгізіл­геннен кейін технология компаниялары жеккөрініш пен араздық туғызатын заңсыз контентті дереу жоюға міндеттеледі. Бұдан бөлек заңды, бірақ саяси тұрғыдан қауіпті, мысалы елдегі сайлаудың әділ өтпегені сияқты контент те жойылып отыруы керек.

Ұлыбритания тағы жаңа заң қабылдамақ. Бұл интер­нет­тегі қауіпсіздікке байланыс­ты. Осылайша, бұл мемлекет әлеу­­меттік желілер өз қолдану­шы­лары­ның қауіпсіздігіне жауапты болатын алғашқы елге айналмақ. Жыл соңына дейін қабылдануы жоспарланған заңды бұзғандар үлкен көлемдегі айыппұл төлейді. Сонымен қатар компания басшылары бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Ал Facebook-тің өзі бұл жаңа­лық­тарға қатысты түсінік­теме берген жоқ. Әзірге компания тек «ребрендинг» (атауын өзгерту) туралы айтып жүр. Жыл басында АҚШ Конгресінде жа­уап берген Марк Цукерберг зиян әрі қауіпті контентті жою үшін компаниясының миллиардтаған доллар жұмсайтынын айтты. Дегенмен көп ұзамай мекеме қызметкерлері бұл тұрғыда көп жұмыс істелмейтінін хабарлады. 

Бұл компанияның үкіметтер­мен алғашқы жанжалы емес. Бұған дейін Facebook салықтан жал­­тарғаны үшін де сынға ілік­кен. Express Tribune мәліме­тіне сүйенсек, мекеме салық төле­меу үшін оффшор компания­ларға жүгінген дейді. Мәселен, миллиардтаған табысын ирландық және голландиялық схемаларды қолданып, Кайман аралдарында тіркелген банк шоттарына жіберіп отырған. Бір қызығы, компания айналасында қандай дау туса да желі қолданушыларының саны күн санап артып жатыр.