Биыл қоржында – 26 медаль
Қазақстан 1998 жылы Халықаралық Олимпиадалық рейтингте (IMO, IPHO, ICHO, IBO, IOI) 50-орынға тұрақтапты. Арада 20 жылдай өткенде, яғни 2017 жылы аталған рейтинг бойынша еліміз 10-орынды иеленген екен. Бұл – расымен де ауыз толтырып айтатын жетістік. Мұндай деңгейге қалай жеттік? Бізге әлемдік интеллектуал әлеміндегі қазақстандық оқушылардың көрсеткіші туралы ақпаратты беріп отырған ұйымды құрып, дарынды балаларды оқытатын мектептерге лайықты қолдау жасағанның нәтижесінде қол жеткіздік. Бұл – республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы. Аталған ұйым Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1996 жылғы 24 мамырдағы №3002 «Дарынды балаларға арналған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту туралы» өкімімен құрылды. Қазіргі таңда Қазақстанның дарынды балалары мен талантты жастарын анықтап, оларды қолдаумен жетекші республикалық мекеме ретінде жұмыс істеп тұр.
Осы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының бөлім жетекшісі Ерқұлан Нұртазанов нәтиже 10 жылдап емес, жыл сайын жақсарып келе жатқанын жеткізді.
«2021 жылғы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадаларда Қазақстанның жетістіктері арта түсті. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2020 жылғы халықаралық олимпиадалардың нәтижесінде 16 медальға қол жеткізген едік, биыл 26 медаль иеленіп отырмыз. Өзге де халықаралық пәндік олимпиадалар, білім бәйгелері, ғылыми жобалар жарысы жетерлік. Мұндайдың бәрін санасақ, 5 мыңға жуықтайтын медаль бар. Алайда ондай жарыстарда 10 мемлекеттен ғана сайыскерлер бақ сынайды. Біз жоғарыда тек әлемдегі мойындалған, ең беделді 7 олимпиаданың көрсеткіштерін сөз еттік, оның әрқайсысына 70-тен аса елден іріктелген мықтылар қатысады. Жалпы, Қазақстан қоржынына спорт саласындағы чемпионат сияқты 7 атақты олимпиададан 1992 жылдан бері 404 медаль салынған. Оның ішінде алтын – 38, күміс – 136, қола – 230. Медаль сыртында аталған 7 түрлі жарыстан тағы 66 грамота бар. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері осыншама оқушының дүниежүзілік деңгейде көзге түскенін білдіреді», дейді Е.Нұртазанов.
Орталық өкілінің дерегінше, биыл сол 7 түрлі халықаралық интеллектуалдар байқауынан 26 медаль әкелінген. Оның ішінде екеуі – алтын, 13 медаль – күміс, 11-і – қола. Алтын медальдардың біреуі 17-ші Халықаралық география олимпиадасынан (IGeO), екіншісі Халықаралық математика олимпиадасынан (IMO) алынған. Күміс медальға келсек, бесеуі Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO), үшеуі Халықаралық математика олимпиадасында, тағы үшеуі Химиядан халықаралық олимпиадада (IChO), біреуі Халықаралық биология олимпиадасында (IBO), соңғы біреуі 17-ші Халықаралық география олимпиадасында (IGeO) қол жеткізілген. Дарынды дарабоздарымыз Информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI) – 4, Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) – 2, Халықаралық биология олимпиадасында (IBO) – 2, Тіл білімі бойынша халықаралық олимпиадада (IOL) – 1, Химиядан халықаралық олимпиадада (IChO) 1 қола медальды жеңіп алған.
Қазақстандық оқушылардың логикасы мықты
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының лауреаты, республикалық «Үздік педагог-2019» конкурсының жеңімпазы Муамер Гүл 26 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Оның осы уақытқа дейін дайындаған 3 мыңға жуық оқушысы түрлі деңгейде (облыстық, республикалық, халықаралық) олимпиадалардың жеңімпазы мен жүлдегерлері атанды. Ол олимпиадаларға оқушыларды даярлау мұғалімді кәсіби тұрғыда дамытатынын айтады.
«Олимпиадаға үздіктерді дайындау үшін мұғалім өз кәсібін шын жақсы көруі керек. Сонда ғана нәтиже болады. Бұл бізге не береді? Оқушыларды түрлі жарыстарға даярлау әрдайым өз бетінше ізденуді талап етеді. Тынбайтын ізденіс адамды дамуға, маман ретінде өсуге жетелейді. Өйткені жыл өткен сайын сайыстардың сұрақтары мен тапсырмалары өзгеріп, жаңарып отырады. Демек сіз әркез жаңа қиындықтарға кезігесіз, соларды жеңіп, жолыққан кедергілерді жоюдың жолын іздеген сайын шыңдаласыз. Мәселен, бұрындары олимпиаданың есептері оңайлау болатын, қазір қиындады. Өйткені балалардың ойлау жүйесі басқа. Негізі қиындықтар тек олимпиаданың тапсырмаларына ғана емес, балаларға да қатысты. Әр буынның өз ерекшелігі бар. Ерте кездегі оқушыларды жарыстарға даярлау жеңіл еді, себебі олардың уақыт өткізетін әлемі шектеулі болды. Яғни қазіргідей смартфон, интернет, ойын-сауық орындары деген жоқтың қасы-тын. Ал қазіргі балаларда бәрі бар, ойы жиі бөлінеді. Сондықтан да зейінін бір нәрсеге тұрақтандыру, бірнеше сағаттық тапсырмаға отырғызу – шебер мұғалімнің ғана қолынан келетін іс. Оған қоса әр нәрсеге алаңдайтын адамның есте сақтау қабілетін арттыру да оңай шаруа емес. Міне, осының бәрі педагогті «пісіреді», дейді М.Гүл.
Үздік педагогтің ойынша, халықаралық пән олимпиадалардағы Қазақстан көрсеткішінің жыл сайын артып отыруына оқушылардың озаттығы және логикасының мықтылығы септеседі. Бірақ бұған ғана иек артып отыра беруге болмайды. Алдағы уақытта осы деңгейден де жоғары болу үшін республикалық олимпиаданы жылына бір рет қана емес, жиірек өткізу қажет.
АҚШ-тан шақырту алды
Халықаралық пән олимпиадасының жеңімпаздары жайлы статистиканы қарасақ, бәрі дерлік – дарынды балаларға арналған мектептердің оқушылары. Мұндай мектептерде сабақтардың күрделі болатыны белгілі. Осындайда балаға қосымша күш түсіретін олимпиадалардың зияны тимей ме? Қанша дегенмен негізгі сабағын қоса алып жүруі керек қой. Педагогика саласында көп жылдық тәжірибесі бар мұғалім, көптеген шәкіртін түрлі деңгейлі білім бәйгесіне «баптаған» Асылбек Оразбай үздік оқушылардың бәріне үлгеретінін айтады.
«Мен химия пәнінен сабақ беремін. Жоғарыдағы әріптесімнің сөзінде жан бар, шынында да шыдамды балалар аз. Десек те педагог шебер болса, кез келген қиындықты жеңе алады. Қай іске де табанды келетін оқушылар да жоқ емес. Соның бірі – Халықаралық химия олимпиадасынан (IChO) күміс медальды олжалаған шәкіртім Хайдар Қайырбек. Бұл жүлде оған оңай келген жоқ. 7-сыныптың оқушыларына жарты жылдай сабақ бергеннен кейін, бір күні олардан олимпиадаға кімнің дайындалғысы келетінін сұрадым. Сонда Хайдар бірінші болып жазылды. Сөйтіп, құлшынып шыққан талапшыл балаларға химияның жеңілдеу есептерін бердім. Сонда Хайдар шығара алмай қалды. Оның орнында басқа біреу болса, беті қайтып қалушы еді. Ал ол керісінше намыстанып, өзін қайрап маған қалайда мықты олимпиадашы болатынын айтты. Мен де болам деген баланың бетін қақпай, белін будым. Және осы уәдесінде тұрды, табандылық танытты. Сабағымен қатар олимпиадаға үздіксіз дайындалып жүрдік. 7-сыныптың соңында еліміздің ең дарынды балалары жиналған Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында өткен олимпиадада 1-орынға бір-ақ шықты. Ағылшын тілінен ақсап жүретін. Оған негізгі сабағын ұмытпау керегін түсіндірдім. Содан жазғы демалыста ағылшынға дайындалып IELTS деңгейін 5-тен 6-ға, кейін тоқтамай 7,5-ке көтеріп тастады», дейді «тұлпарды тайынан таныған» ұстаз А.Оразбай.
Мұғалімнің айтуынша, Хайдар тағы бір жыл үздіксіз дайындалып облыстық олимпиадаға қатысқан. Бұл бәйгеден де 1-орынды тақымға басып, республикалық олимпиадаға жолдама алды. «9-сынып оқушылары арасында абсолюттік бірінші орын» деген жетістік оны жігерлендіре түсті. Одан әрі республикалық олимпиадада құрдастары арасында абсолюттік бірінші орыннан түспей, алтын медаль қанжығалап келді. Осылайша, халықаралық жарысқа жолдама алды. 10 мемлекеттің мықтылары бақ сынайтын Якутиядағы олимпиадаға қатысып, күміс медальмен бірге үлкен тәжірибе жинап келді. 10-сыныбында әлемдегі мойындалған, «Менделеев олимпиадасы аталып кеткен, 70-тен аса елдің дарынды дарабоздары жарысатын Халықаралық химия олимпиадасынан қола медаль, 11-сыныпта бір жыл тағы дайындалып дәл осы жарыстан күміс медаль жеңіп алды.
Олимпиада балаға не береді?
Иә, әлемдегі 70 мемлекеттің майталмандары ішінен суырылып алға шығу үшін Хайдар 7-сыныбынан 11-сыныбына дейін 4 жыл бойы тынымсыз еңбектенді. Осы еңбегінің нәтижесінде АҚШ-тағы оқу орнынан шақырту алды. Қазір мұхиттың арғы жағында білімін жетілдіріп жүр. Біз онымен байланысқа шықтық.
«Олимпиадалар менің АҚШ-тағы оқуға түсуіме үлкен ықпал етті, себебі шет елдердегі оқу орындары оқушының халықаралық жетістіктеріне назар аударып отырады. Олимпиада қатысушыларының көбі даярлық кезінде тек олимпиадаға ден қойып, басқа пәндерге мән бермейді. Алайда олимпиадада әртүрлі пәндердегі білімге ие болу өте пайдалы, себебі олимпиада пәндердің бағдарламалары өзара араласып, байланысып келеді. Әсіресе, химияда физика, биология және математика элементтері қатар кездеседі және мектепте сол пәндерге назар аударсақ, олимпиадаларда жақсырақ нәтиже көрсете аламыз. Сондықтан басқа олимпиада қатысушыларына негізгі сабақты қатар алып, жан-жақты білім игеруге кеңес беремін», дейді өзінен кейінгілерге Америкадан сәлем жолдаған жеңімпаз.
Хайдар қазір Maine штатында Colby College-де білім алып жүр. Бізге берген жауабына қарағанда, олимпиада кезінде алған білімі бүгінде оған зор пайдасын тигізіп жатыр. Жарыстардан жиған ілімі мен тәжірибесінің нәтижесінде біраз сабақта өзін сенімді сезінеді және өзге оқушылардан бір қадам алда екенін біледі.
Олимпиадашыдан ел командасының нәтижесін бұдан да жақсарту үшін қандай қадамға бару керек екенін сұрадық. Кейіпкеріміз: «Қазақстан командасының теориялық жағынан дайындығы басқа елдерден жоғары, яғни біздің теориялық дайындығымыз алтын және күміс медаль алуға жеткілікті. Бірақ практикалық жағымыз әлсіздеу. Пандемия кезінде олимпиадалар негізінен қашықтан өтті, сол себепті олимпиадалар тек теориялық бөлімін қалдырған болатын. Егер олимпиадалар қайта бұрынғы форматқа оралса, біз практикалық дайындығымызға мән беруіміз қажет», деп жауап берді.
Дарынды балаларды қолдау жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Соның бір көрінісі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жоғарыда аталған 7 беделді олимпиаданың жүлдегерлеріне ақшалай сыйақы, еліміздегі ЖОО-ға конкурссыз гранттар беріледі. Алтын медаль үшін кемінде 1 500 АЕК (4 млн 375 мың 500 теңге), күміс медальға – 1 000 АЕК (2 млн 917 мың теңге), қола медальға 500 АЕК (1 млн 458 мың 500 теңге) көлемінде ақшалай сыйақы иеленеді. Бұл балаларға стимул болатыны сөзсіз.