Экология • 05 Қараша, 2021

Экологиялық мәселелер – басты назарда

2375 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды.

Экологиялық мәселелер – басты назарда

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Соңғы үш айда КВИ-мен ауырғандар саны екі есе азайды

Бірінші мәселе жөнінде баяндаған Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, әлемде КВИ-дің 248 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 5 млн-нан астам адам қайтыс болды. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының Еуропа аймағының дерек­тері бойынша соңғы екі аптада 54 ел­дің 45-інде сырқаттанудың өсуі байқа­лды. Соңғы 14 күнде сырқаттану Мажарстанда барынша ұлғайған, онда ауру 230%-дан артық, Польшада – 200%-дан ар­тық, Аустрияда – 100%-дан артық, Әзер­бай­жан және Германияда – 80%-дан артық өскен.

Сырқаттанудың өсуі Еуропаның 9 елінде төмендеді, оның ішінде Израильде 57%-ға, Түркияда 9%-ға, Испанияда 7%-ға. «Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 11%-ға төмендеді. Әлемдік рейтингке сәйкес 222 елдің ішінде Қазақстан сырқаттану көрсеткіші бойынша 105-орында, өлім-жітім көрсеткіші бо­йынша 102-орында тұр» деді М.Шоранов.

Қазақстандағы санитарлық-эпиде­миялық жағдай жақсару үстінде. Елі­мізде барлық өңірлер бойынша ауыру дең­гейінің, стационарлық және амбу­ла­то­риялық емдеудегі ауыр жағдайлардың саны­ның төмендеуі байқалады. Вирустың репро­дуктивтілік индексі – 0,93. Ин­фек­ция­­лық төсектік орын жүктемесі – 33%, реа­­ни­мациялық төсектік орын жүктемесі – 27%.

Вице-министрдің айтуынша, жалпы Қазақстанда соңғы екі айда сырқаттану 2,8 есе, ал өлім-жітім 4,1 есе азайды.

Мектепке дәстүрлі форматта баратын оқушылар арасында 15 028 жағдай тіркелді, оның ішінде ауруды жұқтырғандармен байланыста болғандар арасында 1 317 науқас анықталды, бұл ауырған оқу­шы­лардың жалпы санының 8,7%-ын құ­райды. Қазан айының соңғы екі аптасында оқушылар арасында сырқаттану 1,3 есе төмендеді. Сонымен қатар Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркістан облыстарында сырқаттанудың 1,4 есеге дейін өсуі байқалады. «Ауру ошақтарында індет жұқтырғандармен байланыста болған 159 мың адам анықталды, оның ішінде 0,8%-ында ковидтің оң нәтижесі анықталды. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектік орын жүктемесі 56%-дан 33%-ға дейін, реанимациялық төсектік орын жүктемесі 45%-дан 27%-ға дейін төмендеді. Резервте 30 мыңнан астам төсектік орын бар», деді М.Шоранов.

Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «жасыл аймақта» Шым­кент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Ал­маты, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жам­был, Қызылорда, Маңғыстау облыстары, «сары аймақта» – Нұр-Сұлтан және Ал­маты қалалары, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. «Қызыл аймақта» Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары қалады.

Бүгін 8,3 млн-нан астам адам вак­ци­наның бірінші компонентін, 7,5 млн-нан астам адам екінші компонентін алды.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Көрші елдердегі күрделі санитарлық-эпидемиялық жағ­дай­ды ескере отырып, Үкімет басшысы бар­лық өңірлерде шектеу шараларының сақталуын және мониторинг топтарының күшейтілген жұмыс режімін қамтамасыз етуді тапсырды.

Нұр-Сұлтан қаласының, Солтүстік Қа­зақстан, Маңғыстау, Қостанай, Ақ­­мо­ла, Батыс Қазақстан облыстарының әкім­­де­ріне коронавирусқа қарсы вак­ци­на­лау қарқынын арттыру тапсырыл­ды. Әкім­діктер мен Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне тексеру жүргізіп, емдеу меке­мелері мен қоймаларда қажетті дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың болу нормаларын қамтамасыз ету тапсырылды.

Экологиялық қоқыстардың 86%-ы жойылды

Үкімет отырысында экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Биылғы 1 қарашада Глазго қаласында өткен БҰҰ СОР26 саммиті шеңберінде Қазақстан климаттың өзгеруіне қарсы күреске бейілділігі туралы ұстанымын растады. Қазақстан парниктік газ шығар­ын­дыларын 15%-ға азайту міндеттемесін қабылдай отырып, Париж келісімін әлемде алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Қазақстан алға қойған мақсатына қол жеткізу үшін ұлттық деңгейде айқындалған үлес (ҰДАҮ) жаңартылды, сондай-ақ жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. 2030 жылға қарай жаңартылатын көздерден алынатын энергия үлесі 3%-дан 15%-ға дейін 5 есеге, газ генерациясы есебінен энергия үлесі 20%-дан 40%-ға дейін 2 есеге артады. Көмірден өндірілетін энергия үлесін 70%-дан 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуын­ша, қазіргі уақытта жер бетінде кли­мат­тың өзгеру мәселесі әлемдік қауым­­дас­тық алдында тұрған жаһандық сын-қа­тер­лер қатарында. Қазақстан үшін кли­мат­тың өзгеруіне қарсы күрес басым ба­ғыт болып отыр, себебі бүгінгі күні жаһан­дық жылынудан туындаған әсер айтар­лықтай байқалады. 2016 жылы кли­мат­­тың өзгеруімен күресу үшін Париж келі­сі­міне қол қойылды. Оның мақсаты – жаһан­дық температураның өсуін индуст­рияға дейінгі деңгейден Цель­сий бо­йын­ша 1,5 градус шегінде сақ­тау. «Қазақ­стан 2030 жылға дейін пар­никтік газдар шы­ғарындыларын 15%-ға қыс­қартуға ниетті. 2019 жылы парниктік газ­дардың ұлттық шығарындылары 1990 жылғы деңгейден 2,4%-ға төмен», деді С.Брекешев.

Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар атмосфералық ауаның ластануы, жерүсті сулары және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлығы болып отыр. Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес, 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10-ы атмосфералық ауа ластануының жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар – Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өске­мен, Жезқазған және Шымкент қала­лары. Жабдықтардың тозуы, зауыттар­дағы шаң тазарту қондырғылары жұмы­сы­ның тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану жоғары ластанудың себебі болып табылады. Қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер проблемалары өзекті болып тұр. «Жалпы, экологиялық ахуалды жақсарту үшін екі жылда келесідей жұмыстар атқарылды: жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Жағымсыз салдарды азайту үшін ұлттық заңнамамызға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ өңірлердің экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі жол карталары бекітілді. Министрлік пен кәсіпорындар арасында шығарындыларды 20-дан 30%-ға дейін төмендетуді көздейтін Меморандумдар мен Жол карталарына қол қойылды» деді ведомство басшысы.

Жол карталарының 9 ай бойынша орындалуына жүргізілген талдау осы жылы қарастырылған 95 іс-шараның 59-ы немесе 62%-ы орындалғанын көрсетті. Атап айтқанда, Атырау облысы мұнай өңдеу зауытында «Тухлая балка» тоған-булануын қалпына келтіру жұмыстары бас­талды. Маңғыстау облысында «Қошқар Ата» қалдық қоймасын жою бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 кәсіпорынмен шығарындыларын орта есеппен 33%-ға төмендету көзделген. Бұған 565 млрд теңге жеке инвестиция бағытталады.

Алайда аталған жұмыстан басқа жеке секторды да, сол сияқты шаруашылық жүргізуші субъектілерді де газдандыру немесе баламалы энергия көздеріне ауыстыру, қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізу қажет. Экология министрі ірі ластағыштар шығарындыларын азайту бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» болат департаменті отынды газға ауыстыру, электр сүзгілерін қайта құру есебінен шығарындыларды 30%-ға төмендетуді жоспарлап отыр. «Қазақмыс Смэлтинг» Жезқазған және Балқаш мыс қорыту зауыттары озық технологияларды қолдана отырып, жаңа күкірт қышқылы цехтарын салуды жоспарлау­да. «Казцинк» Өскемен металлургия комбинаты күкірт қышқылы зауытының жылу алмастырғыштарын ауыстыруды көздеп отыр. Бұл шығарындыларды 21%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. «Елдегі эко­логиялық жағдайды жақсартудың нақты мүмкіндігі өнеркәсіпте ең үздік қолже­тімді технологияларды енгізу болып та­былады. Біз 89 ірі компанияға аудит жүр­гіздік. Қорытынды бойынша, әртүрлі сала кәсіпорындарының ең үздік қолжетімді техникаларға (ОҚТ) көшу деңгейі әрқилы екені белгілі болды» деді министр.

Соңғы 10 жыл ішінде ең үздік қол­жетімді техникаларды енгізуге инвестиция жұмсаған жеке салалар, осы технологияларды енгізудің жоғары деңгейін көрсетті. Алайда электр энергетика саласы артта қалып отыр. Енгізу деңгейі 34%-ды құрайды. Бұл жабдықтың жоғары тозуына байланысты.

Серікқали Брекешев қалдықтармен жұмыс істеу мәселесіне де тоқталды. Тү­зіл­ген қатты тұрмыстық қалдықтар кө­ле­мін айтарлықтай қысқарту үшін заңна­ма­лық деңгейде Waste to Energy те­тігі енгізілді. Қоқыс жағатын зауыт­тар салу үшін 6 қала анықталды. Алғаш­қы аукциондық сауда-саттық өткізілді. Ин­вестор анықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Жеке инвестициялар 292 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде мемлекет қажетті инфрақұрылыммен қам­­тамасыз етеді. Бүгінгі күні 7,3 мың үйіндіден
86%-ы жойылды. Шығыс Қазақ­стан және Маңғыстау облыстарының көр­­сеткіштері республикалық орташа дең­гейден төмен. Рейдтік іс-шаралар өткі­зілді. 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауап­кер­шілікке тартылып, 25 млн теңге сома­сына айыппұл салынды.

Қазақстанда 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20%-ы ғана нормаларға сәйкес. Бұл мәселе Павлодар, Батыс Қа­зақ­стан және Солтүстік Қазақстан облыс­тарында өте өзекті болып тұр. Жалпы, қо­қыс шығаратын ұйымдардың қызметін реттеу және бақылау мақсатында жаңа Эко­кодексте хабар­лама жасау тәртібін енгі­зу көзделген. Олар көлікке GPS-датчик­терін орнатуға және көліктің қозға­лысы туралы толық ақпаратты беруге мін­детті. Оған қоса, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айып­пұл­дар жоғарылады.

Орман қорын ұлғайту ісі жалғасады

Орман қорында 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. 5 жылға арналған кешенді жос­парлар бекітілді. Орман қорын молықтыруды бақылау мен мониторингілеуге арналған интерактивті карта жасалды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда жоспарланған 129 млн ағаштың 89 млн ағашы отырғызылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған түбіне жалпы көлемі 1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызуды нақты іске асыру басталды. Биыл сексеуіл егу 100 мың гектар алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың гектар алқапта жүргізіледі.

Өзбекстан Республикасының оң тәжірибесін қолдана отырып, алғаш рет сексеуілді аэро егуді жүргізуді жос­пар­ланғанын атап өту қажет. Ынтымақтастық жөніндегі тиісті Жол картасына қол қо­йылды. Жоғарыда баяндалғанның негі­зінде, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында келесі шараларды қабылдау қажет:

Бірінші. Мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шаралары мен көрсеткіштерін және өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталарын уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету.

Екінші. Әкімдіктер стихиялық қоқыс үйінділерін толығымен жоюды қам­та­масыз етуі керек, полигондарды эколо­гиялық және санитарлық нормаларға сәй­кес келтіру, сондай-ақ қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру жөніндегі жұмысты жалғастыру.

Үшінші. Энергетика министрлігі әкім­діктермен бірлесіп, неғұрлым ластанған 10 қалада жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газға немесе баламалы энергия көздеріне қосу мәсе­лесін пысықтау. Әрі қарай тиісті мемлекеттік ор­гандар автокөліктерге техникалық бай­­қау жүргізуді күшейтуі тиіс және жа­нар-жағармай материалдар сапасына ба­қы­лауды қамтамасыз ету керек.

Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, 2025 жылға қарай 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу есебінен көміртекті сіңіру әлеуеті артады. Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі бойынша қабылданған міндеттемелер шеңберінде 2060 жылға қарай Үкімет энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, көлік, ТКШ және қалдықтарды кәдеге жаратуға баса назар аудара отырып, экономиканың барлық секторларында елеулі реформаларды көздейтін стратегиялық құжат әзірлеуде.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жө­нін­дегі Стратегияның пысықталған жо­басын енгізуді тапсырды. Экология ми­нистрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау, сондай-ақ еліміздің 10 қаласында ірі кәсіпорындардың ластаушы заттар шығарындыларын азайту көрсеткіштеріне қол жеткізу және жол карталарын әзірлеу бойынша шаралар қабылдау жүктелді. Энергетика министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газдандыру мәселелерін жандандыру міндеттелді.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес 2025 жылға қарай халықты газдандыру үлесі 60%-ға жетеді, 11,7 млн адам газға қол жеткізеді. Барлық өңірлердің әкімдіктеріне экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол карталары шеңберінде 2021 жылға жоспарланған барлық іс-шараның орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.