Әдебиет • 05 Қараша, 2021

Қазақ тілінен қылыш соққан

1305 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тобыл-Торғай өңіріне ғана емес, есімі елімізге белгілі сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин де көзі тірісінде өзі өскен, оқыған Әулиекөл ауданындағы Жангелді, Қояндыағаш ауылдары туралы жиі айтатын. «Ағаштың арасында, қарағайлардың басына өрмелеп, ойнап өстім. Ауыл балалары қарнымыз ашқанда үйге ентігіп жүгіріп келеміз, сонда әниім күйдіріп, шелекке құйып қойған шекілдеуік сарымайдан шай кесеге құйып береді. Соны сіміріп салып, қайтадан шапқылап кетеміз», деп еске алар еді.

Қазақ тілінен қылыш соққан

Екінші дүниежүзілік со­ғыс жылдары Ғұмар аға­ның әкесі Ғарифолла Қос­­танайға іргелес Челябі об­лы­сының Златоуст қала­сын­­дағы әскери зауытта жұ­мыс істейді. Қостанайдан да көп қазақ барып, сол за­уыттан нәпақа тапқан екен. Соғыс аяқталған соң үйел­мелі-сүйелмелі үш қызы қылтиып өсіп қалған Ғарифолланың қалың орыс­тың арасында қалғысы кел­мей­ді. Қазанға қайтайын десе, онда күнкөрістің жыр­ғап тұрмағанын естиді. Сонда Қостанайдан барған бір қазақ: «Ғареке, біздің Әулиекөл – қалың қазақтың, мұсылманның ортасы. Сенің діни білімің бар адамсың, біздің елде кісі қайтса жаназасын шығаратын молда қалмады, жүр бізбен бірге», дейді. Татар отбасы қазақ ауылына келген соң, 4-5 жастағы ұлы Ғұмар қазақшаны алдымен сөйлеп кетеді.

 Ғұмар мектепте оқып жүргенде Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталып, кітаптары жарық көреді. Жүрегінде шоғы бар бала қатты әсерленіп, бар құлқы әдебиетке ауады. Кенже әрі жалғыз ұл қартаң әке-шешені тастап, оқуға бара алмайды да, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай түседі. Бұл кезде Ғұмар Ахметчиннің садақ­тың оғындай тілі нысанаға дөп тиетін сатиралық әңгімелерімен оқырмандар таныс болып та қалып еді. Оның әр жылдары «Қолды болған қораз», «Көзіл­ді­ріктің кесірі», «Көзі сынық тебен», «Ұмыт­шақтық зобалаңы» кітаптары жа­рық көрді.

Ғұмар ағаның замандас қаламгерлері айтқандай, ол көпіртіп көп жазған жоқ. Аз жазса да, саз жазды. Әңгімелері ауыл­дың айтқыштарын тыңдағандай әсерге бөлейді. Өйткені автор әңгімелерін шы­найы өмірдегі көріністерге құратын. Ке­йіп­керлерінің әрекетін жібектей тө­гіл­­ген тілмен баяндай отырып, надан­дық, мақтаншақтық, жағымпаздық, са­раң­дық, қулық-сұмдық, өтірік және басқа да қо­ғамның кір-қоңы сынды қасиеттерді мысқылмен ысқылап жуғандай болады. Автордың тілін тұщынып оқисың, ке­йіп­керінің тірлігі кейде күлдіреді, кей­де күйдіреді. Ғұмар ағаның өзі ұстаз тұт­қан ғалым, сатира сыншысы Темірбек Қожакеев жанр жайындағы бір еңбегінде Ахметчиннің шығармасын мы­са­лға алады. «Ғ.Ахметчиннің Әбігер есім­ді мақ­тан­шақ, даңғаза кейіпкері бар. ...Кейде оған «Әбігер аға, сіздің қолыңыз отқа күйе ме, күймей ме?» десе, «Е... неге кү­йе­­ді, күймейді. Нанбасаңдар, міне, кө­рің­дер» деп жанып жатқан отқа қо­лын жү­гіртіп-жүгіртіп алады екен. Жалаң­да­ған от Әбекеңнің қолын күлдіретіп күйдіріп кетеді. Сонда ол «күйген деген мұндай болмайды» деп бой бермейтін көрінеді.

Осыны оқығанда қаттырақ күлеміз. Денсаулыққа зиянды ақымақтыққа, өті­рік­шілікке ызаланып, ашуланыңқырап күлеміз. Әрі оның «етігімнен су өтеді», «қолым күйеді» деп айтқаннан гөрі, тоңып қалуға, күйіп өлуге бар намысқойлығына ішіміз жылып, аяушылықпен күлеміз», деп жазады ұстазы.

Ғұмар Ахметчин Қостанай өңірінде қазақ тілі қанатының кең жайылуына, өнерінің өрістеуіне еткен еңбегі де өз алдына бір төбе. «Орыстанып кеткен» деген «әңгімесі» бар Қостанайда айтыстың қайта жаңғыруына үлес қосып еді. Облыста өткен айтыстарда ылғи қазылар қатарында болып, ақындар өнерін әділеттілікпен таразылады, жөн сілтеді. 1992 жылдан бастап, өзінің көзі кеткенге дейін үзілмей өткен мектеп оқушыларының «Жас тұлпар» айтысының ұйымдастырылуына атсалысты әрі отыз жылдай қазылар алқасының төрағасы болды. Жетінші сыныпта оқып жүргенде алғашқы айтысқа қа­тысып, бас жүлдені жеңіп алған Салтанат Өтелбаева қазір облыстық, рес­публикалық айтыстарға қатысып жүр­ген айтыс ақыны, мәдениет сала­сын­дағы білдей маман. «Жас тұлпар» айтыстарының бірінде Ғұмар ағасы жүлде тапсырған қара балалардың бірі Қыдырбек Қиысхан қазір белгілі әнші-жыршы, журналист. «Жас тұлпардың» тағы бір жүлдегері Ерлан Қалмақов қазір облыстық мәдениет саласының божысын ұстап отыр. Бірде Ғұмар ағадан «мектеп оқушылары айтысының шынайылығы қандай? Олардан жыл сайын айтыс ақыны шыға ма?» деп сұраған болатынбыз. «Мен «Жас тұлпар» ақындар фабрикасы болады деп жүргенім жоқ. Бұл шара тамаша тәрбиенің бірі деп білемін. Балалар айтысқа талпынады, поэзияны оқиды, ең болмаса өлең жаттайды. Қазақ тілінің нәрін сезінетін болады. Осындай шаралар қазақ тілі қадамының ашылуына септігі тиер ме деймін ғой» деген еді.

Сонымен қатар көптеген жыл бойы Жазушылар одағының жергілікті ұйымына жетекшілік етті. Осыдан аз ғана жыл бұрын Ғұмар ағай Ұлы Отан соғысына дейінгі Кеңес дәуірінің бейнесін көркемсөзбен жет­кізген талантты жазушы-журналист Аманғали Сегізбаев туралы мақала жа­зып, оның туған жері Денисов ауда­ны орталығынан бір көшеге есімін бер­гі­зуге талпыныс жасады. Мақаласы жер­гі­лікті, республикалық басылымдарда жарық көрді. Бірақ Денисов ауданы мәс­лихатының депутаттары «мұндай есімді естіген емеспіз» деп, оның ұсынысын қолдамай тастады. Сонда Ғұмар ағай: «Әттең, қазақ тілінде сөйлесе бұлай болмас еді. Айтқаның жұрттың жүрегіне жетпек түгіл, құлағына да кірмейді. Аманғали деген талантты журналист, Би-ағаның қасында жүрген ең жақын досы болған адам. Соғыста ерлікпен қаза тапты. Туған жерінде ескерусіз қалды, ауылдан бір көше бұйырмады-ау!» деп күйінген еді.

Ол қазақ тілінің тазалығы дегенде кірпияз қаламгер еді. Соңғы жылдары бата жазып жүрді. «Батада қазақтың тек тілегі ғана емес, пәлсапасы, тарихы, ті­лі­нің тұнығы жатыр. Талай жастарға бата бердім» дейтін мақтанышпен. Бір батасында отау құрған жастарға: «Күл­ша­шарларың көп болсын!» депті. «Біз осындай көп сөздерді ұмытып барамыз. Батада балаларың дегеннен гөрі, күлшашарларың дегенім бейнелі емес пе? Сәби еңбектеп келіп, киіз үйдің орта­сын­дағы ошақтың күлін шашып ойна­ған. Бұрынғы қариялардан құлақта қалған сөз ғой» дейтін еді.

Ғұмар аға көзі тірісіндегі соңғы кіта­бын «Күндіз жұлдыз көрінсе» деп атады. Соның алғашқы бетіне: «Тіл қылыш, тиімсіз жерде тый, тиімді жерде қи» деп жазды. Оның өмірлік ұстанымы да осы болатын. Пенде болып, орынсыз сөзімен біреудің көңілін қалдырған кісі емес еді. Зиялы, зият адам, ішкі мәдениеттің ұстынындай болды. Ал шығармаларында қазақтың тілінен қылыш соқты.

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

журналист