Коронавирус • 05 Қараша, 2021

Алматыда вакцина алғандар саны 1 миллионнан асты

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында бір тәулікте 2871 адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда вакцина алғандар саны 1 миллионнан асты

«4 қараша күні 2871 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін – 994, II компонентін 1877 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биылғы жылдың 1 ақпаны мен 4 қараша аралығында қалада 1 000 485 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 948 425 адам екінші компонентін салдырған. Оның ішінде 120 811 адамның жасы 60-тан асқан», деп хабарлады басқармадан.

Қалада 137 пункт жұмыс істеп тұр. 733 адамнан тұратын 205 егу бригадасы бар.

«Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істейді», деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.