Қоғам • 06 Қараша, 2021

Қазақ КСР-нің экс-білім министрі Қажахмет Балахметов өмірден озды

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ КСР-нің экс-білім министрі, білім беру саласының ардагері Қажахмет Балахметов өмірден өтті. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақ КСР-нің экс-білім министрі Қажахмет Балахметов өмірден озды

«Бүгін отандық білім беру ісінің корифейі, Қазақ КСР білім беру министрі болған Қажахмет Балахметов өмірден өткендігі туралы суыт хабар жетіп, көңілді құлазытты. Қажахмет Балахметұлы еліміздің білім беру саласын дамытуға баға жетпес үлес қосқан адам. Бұл саланы 13 жылдан астам басқарған ол, балалар мен жастарды оқыту мәселесіне ерекше назар аударатын. Соңғы рет Қажахмет Балахметовпен биыл жазда 95 жас мерейтойымен құттықтап барғанымда кездесіп едік. Ол үнемі білім беру ісіндегі жаңалықтарды қадағалап, өз тәжірибесімен бөлісіп отыратын. Қажахмет Балахметұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын»,  деп жазды А.Аймағамбетов Facebook парақшасында.

Қажахмет БАЛАХМЕТОВ 1926 жылы 26 маусымда қазіргі Ақмола облысында дүниеге келген.

1948 жылы ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін) бітірген.

1948 — 1952 жылдары – Сырымбет орта мектебінің мұғалімі. 1953 — 1957 жылдары – Еңбекшілдер ауданы Макинск және Степняк орта мектептерінің директоры.

1957 — 1960 жылдары – Көкшетау облысы Халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары,

1968 — 1980 жылдары – меңгерушісі.

1970 — 1974 жылдары – Қазақстан Компартиясы ОК-нің Ғылым және білім беру мекемелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

1974 — 1987 жылдары – Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі қызметтерін атқарған. Білім беру мәселелеріне арналған 70-тен аса еңбегі жарық көрді. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен, төсбелгілермен және грамоталармен марапатталған.